24.11.2022, 11:45
Оқылды: 30

Ала доптың аламаны

Катардағы ала доп аламаны қарқын алды. Төрт ойын күнінде өткен сегіз матч жанкүйерге тамаша көңіл күй және күтпеген нәтижелер сыйлады. Газетіміздің бүгінгі санында аталған матчтарға шағын шолу жасап, өзге де қызықты дүниелерді оқырманға ұсынбақпыз.

chto-tvoritsya-na-chempionate-mira-2022_16690683761461064550

Фото: amp.championat.com

Қарқыны қатты Англия, тегеурінді Нидерланд, құтқарушы  Бэйл Мундиальдің екінші күнін «В» тобындағы Англия мен Иран құрамалары ашты. Әп дегеннен шабуылға ден қойып, қарсыласының апшысын қуырған ағылшындар Иран қақпасына алты гол соқты. Оған ирандық команда екі доппен жауап қатты.

Осы күннің екінші матчында «А» тобынан орын алған Сенегал мен Нидерланд құрамасы кездесті. Ойын тең дәрежеде өрбіді. Десе де, матч соңына қарай голландтық футболшылар мықтылығын танытып, 84-минутта есеп ашса, қосымша уақытта оны еселеп, қарсыласын қапы қалдырды.

«В» тобындағы екінші матч қарашаның 21-інен  22-сіне қараған түні өтті. Бұл ойында АҚШ пен Уэльс құрамалары кездесті. Бірбіріне тең ұжымдардың жасыл алаңдағы айқасы соның дәлелі болғандай. Ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Сұмдық сенсация, алғашқы тең ойындар

Қарашаның 22-сі Аргентина футболының қара жамылған күні десе де болады. Өйткені дәл осы күні олар чемпионат аутсайдерлерінің бірі – Сауд Арабиясының командасынан 1:2 есебімен жеңілді. Месси мен оның достары қалған ойындарын Саудия құрамасына қарсы ойнағандай өткізер болса, алысқа бара қоймайды-ау.

Осы топтағы екінші жұп – Польша мен Мексика да өзара мықтыны анықтады. Дәлірек айтсақ, анықтауға тырысты. Атстектер мен поляктардың ойынында есеп ашылмады. Матчтың 56-минутында Польша құрамасы жеңіске бір табан жақын болып еді. Бірақ пенальти орындаған Роберт Левандовскийдің соққысын мексикалық Гильерме Очоа қайтарды.

«D» тобындағы құрамалар да жарыс көрігін қыздырды. Алдымен көгалды сахнаға Дания мен Тунис шықты. Көбінің еуропалық команда қарсыласын қалпақпен ұрып алады деген пікірде болғаны рас. Бірақ тунистік команда да доп тебе алатынын көрсетіп, атақты  Ганс Кристиан Андерсеннің отандастарымен  ұпай  бөлісті.

Ал осы топтағы екінші ойында Франция мен Аустралияның құрамалары жолықты. Жасыл құрлық жігіттері ойынның 9-минутында есеп ашқанымен, басымдықты ұстап тұра алмады. Оған үш жолақты елдің командасы төрт голмен жауап қайырды.

Үздіктер

Әзірге екі гол соққан англиялық Букайо Сака, ирандық Мехди Тареми, франциялық Оливье Жиру мен Эквадор шабуылшысы Эннер Валенсия сұрмергендер тізімін бастап тұрса, екі голдық пас шығарған Харри Кейн үздік ассистенттердің көшін бастап келеді.

Қызықты фактілер

АҚШ құрамасының намысын қорғап жүрген Тимоти Веа – (суретте) Африкадан шыққан жалғыз «Алтын доп» иегері, Либерияның президенті Джордж Веаның ұлы.

Былайғы уақытта тепкенін голға айналдыратын польшалық сұрмерген Роберт Левандовский әлем чемпионатында әлі күнге дейін гол соқпады. 2018 жылы Ресейде үш матчқа қатысып, қанжығасын майлай алмаған поляк алдағы ойындарда гол авторы атанады деген үміттеміз.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале