Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қалалық кеңесінің отырысында қаланың ұзақмерзімді дамуы, арнайы құқықтық режимнің нормативтік базасын және қалалық басқару жүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды, - деп primeminister.kz.

Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында «қарқынды дамитын қала» атанып отырған Алатау инвестициялар мен кәсіпкерлік үшін қолайлы ортаға айналатыны атап өтілген.
Күн тәртібінде қаралған басты мәселелердің бірі – Алатауды дамытудың алдағы 30 жылға арналған ұзақмерзімді жоспарының жобасы. Жоспар болашақ технологияларға бейімделе алатын және өмір сүруге қолайлы жағдайлар мен бизнесті жүргізу үшін болжамды жағдайларды қамтамасыз ете алатын заманауи, инвестициялық тартымды және тұрақты қаланы құруға негіз қалайды.
Құжат Arup компаниясының халықаралық кеңесшілерімен бірлесіп, аумақты кешенді түрде талдау, экономикалық және демографиялық әлеуетті бағалау, қаланың кеңістікке орналастыру құрылымын, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жобалау негізінде дайындалған.
Жоспар жобасын әзірлеудегі негізгі міндет қаланың біртұтас әрі теңдестірілген моделін құру болды, онда экономикалық даму, көлікке қол жетімділік және инфрақұрылым мен қалалық ортаның сапасы тығыз байланыстырылған. Басты назар жоспар бойынша қабылданған шешімдерге, аумақтық және экологиялық шектеулерді есепке алуға, инвестициялық жобаларды интеграциялауға, сондай-ақ инфрақұрылымдық қажеттіліктерді халықтың болжамды өсуімен және жұмыспен қамтумен үйлестіруге аударылды.
Отырыс барысында Алатау қаласының арнайы режимінің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған екі Реттеуші ереженің жобасы да қаралды.
Бірінші құжат нормативтік құқықтық актілерге бірыңғай талаптарды, оларды әзірлеу, қабылдау және қолдану тәртібін белгілейді. Құжатта құқықтық сараптама жүргізу, жария талқылау және актілерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жариялау көзделген.
Екінші жоба арнайы құқықтық режим шеңберінде Алатау резиденті болып саналатын заңды тұлғалардың қызметін реттейді. Оны қабылдау құқықтық сенімділікті арттыруға, реттеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және кәсіпкерлікті дамыту мен инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға арналған.
Отырыстың тағы бір мәселесі – Алатаудың нормативтік жүйесін әзірлеуге қатысатын қала әкімшілігінің алқалы басқару органы Реттеуші комиссияны жасақтау. Кеңестің қарауына құқық, инвестициялар, қаржылық реттеу, цифрлық активтер және қала құрылысы саласында халықаралық тәжірибесі бар комиссияның тәуелсіз мүшелерінің кандидатуралары ұсынылды. Халықаралық сарапшылардың қатысуы қаланың арнайы құқықтық режимінің ерекшеліктерін ескере отырып, реттеудің озық тәжірибелерін қолдануды қамтамасыз етуге арналған.
Сондай-ақ Алатау әкімшілігінің мамандандырылған органдары қызметінің ұйымдастырушылық мәселелері талқыланды. Олардың қызметі жер ресурстарын басқаруды, қала құрылысын жоспарлауды, құрылыс жобаларын сүйемелдеуді, цифрлық активтерді дамытуды және «бір терезе» қағидаты бойынша халыққа әрі бизнеске қызметтер көрсетуді қамтитын болады.
Кеңесте қаралған мәселелер Алатауды дамытудың институционалдық және нормативтік негізін дәйекті қалыптастыруға, болжанатын іскерлік ортаны құруға, қалалық басқарудың тиімділігін арттыруға және ұзақмерзімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуді, нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруды жеделдетуді және Алатау қаласын дамытудың стратегиялық міндеттерін дәйекті жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.