29.02.2024, 9:30
Оқылды: 186

Алдымыздан аңқылдап шығушы еді...

Ақжайыққа бара қалсақ, алдымыздан аңқылдап шығатын Тілес ағамыздан да айырылып қалдық. Бұрын қалаға келсе, «Орал өңірі» газетіне соқпай кетпейтін. Тіпті сонау Чапаевтан арнайы келетін. Дәліздегі диванға қыста келсе, сыртқы киімін, жазда келсе, бешпетін, папкісін мұқияттап қойып, бас-басымызға кіріп, арқа-жарқа болатын.

тилес жазыкбай2

Біз көрген бойда: «Ту-у, аға, үстіңізден балықтың иісі аңқып тұр ғой», – деп жорта бет-аузымызды тыржитамыз. Тілақаң: «Чапайға келсеңдер, сіздердің үстеріңізден де балық иісі аңқиды», - деп мәз болады. Расында да, Ақжайыққа қарай жол түссе, ағамыз бізді түстік жерден қарсы алып, кете-кеткенше жанымыздан сынық сүйем қал­майтын... Сол жылдарда Тілес ағамыз «Орал өңірі» газетінің Ақжайық ауданындағы меншікті тілшісі болды ғой. Аудандағы беделі зор болатын. Өзі сол өңірдің азаматы болғандықтан адамдарын, ой-шұңқырын бес саусақтай біледі. Ауданның жұлдызды шақтарын, жақсылықтарын жазғанда қаламы арындап кететін. Арасында жыр шумақтарын да төгіп-төгіп жіберетін. Сонау бір жылдарда мектепте мұғалім, интернат меңгерушісі, мектеп директоры болып, ҚР Білім беру ісінің озаты атанып жүрген жерінен қызметін газетке ауыстырды. Бұл поэзияға, журналистикаға әу бастан басы­байлы ғашық болғандығынан жасалған қадамы екен. Құдайға шүкір, аудандық, облыстық газеттерде қамшы салдырмай еңбек етті. Сөйтіп жүріп, зейнет демалысына шықты. Бірақ қаламын қаңтарған жоқ. Жазған дүниелерін қолтықтап, жоғарыда айтқанымыздай, редакцияға жиі келетін. Әлі де жазсам дейтін дүниелері көп еді, бірақ ажал алдын тосты. Енді қайтіп Тілақаң редакцияға келмейді-ау, дегенге көңіл шіркін көнбейді. Ақжайықта аңқылдап, бұрынғыдай алдымыздан шық­пайды дегенге тіпті сенбейді. Құстың тұмсығындай қысқа ғұмыр-ай...

Алла Тағала алдыңыздан жарылқағай, Аға?!

Қаламдастары атынан  Есенжол Қыстаубаев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале