26.10.2022, 9:31
Оқылды: 59

Әлем чемпионымен әңгіме

Биыл қыркүйек айында Венгрияның Сегед қаласында ескек есуші жастар арасындағы әлем чемпионаты өткен болатын. Сол жарыста жерлесіміз, каноэшы Мария Бровкова 1000 метр қашықтықта алтын, 500 метрге созылған жарыста қола медаль еншілеп, барша қазақ елін үлкен қуанышқа бөледі. Орал қаласында жаттығатын 17 жасар Мария осы күні Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың спорт факультетінде оқиды. Газет тілшісіне берген сұхбатында Маша өзінің спортқа қалай келгенін, әлем біріншілігінен соң өмірі қалай өзгергенін және алға қойған мақсаты жайында айтып берді. 

1

– Мария, ескек есу спортымен неше жасыңыздан бастап айналысасыз. Бұл спортқа сізді кім бағыттады?

– Ескекті қолыма ең алғаш жеті жасымда алдым. Спорттың бұл түрімен шұғылдануға анам бағыттады. Өзі осы спорт түрінің бапкері болған соң жазғы демалыстағы мені жаттығуға алып барды. Ауылда бос жүргенше, канику­лымда өзім қатарлы балалармен танысып, өзен жағасында демалу үшін келістім. Бірақ уақыт өте келе, бұл спорт қатты ұнап қалды. Соңғы он жылдан бері сүйікті ісім – осы.

– Отбасыңызда  анаңыз бен сізден басқа спортқа жақын адам бар ма?

– Әпкем ескек есті. Спорт шеберлігіне үміткерліктің талабын орындады. Елішілік және алыс-жақын шетелде өткен жарыстарға барып жүрді. Ол жарыстарға қатысып жүрген кезде мен спорттағы алғашқы қадамымды енді жасай бастағанмын. Кейде әпкем жеңіп алған медальдарға қарап, мен де осындай биікті бағындырамын дейтінмін. Сол кезде әкем мен әжем, әпкем де қолдауын білдіріп, жаттығуымды жалғастыра беруің керек деген ақылдарын  айтатын.

– Ең алғашқы жарысыңыз есіңізде  ме?

– Одан бері біраз жыл өтті. Бірақ алғашқы жарысым әлі есімде. Ол – Алматы қаласында өткен «Жылдам қайық» жарысы. Шап-шағын әрі ескі қайықпен жарысқа түскенмін. Тіпті арнайы нөмір тағатын орны да болмады. Төрешілер мені жарыстан шеттеткісі келді. Бапкерлерім жағдайды түсіндірген соң бақ сынауыма мүмкіндік берді. Бірақ мәре сызығын соңғылардың бірі болып  кестім.

– Ол жеңіліс сізге қалай әсер етті?

– Анам бапкер, әпкем спортшы болған соң мен жеңіске де, жеңіліске де дайын болдым. Егер спортта жетістікке жеткің келсе, жеңілістің де дәмін татып көруің керек. Сондықтан әр қателігімді саралап, басқа жарыстарға тыңғылықты дайындалатын болдым. Әлі де сол ұстанымдамын. Жеңсем масаттанбаймын, жеңілсем қара аспанды төндірмеймін.

– Ең алғаш ел чемпионы атанған жарысыңыз туралы айтсаңыз?

– Ол жарыс 2021 жылы Шымкент қаласында өтті. Пандемиядан кейінгі алғашқы ірі дода еді.  Сол кездегі жағдайға байланысты Оралдан шығуымыздың өзі қиынға соқты. Бірақ нәтижесі біз күткеннен де жақсы болды. Оған дейін ел біріншілігінің ең биік тұғырын бағындыра алмай келген едім. Былтыр жолым болды. Соның арқасында құрама бапкерлерінің назарына іліктім. Содан соң биылғы ел чемпионатына бардым. Жарыс алдында жеңімпаздар мен жүлдегерлер әлем чемпионатына баратындығы айтылды. Мен 1000 және 500 метр қашықтықта жеңіске жеттім. Одан кейінгі жеңісім туралы бүкіл әлем біледі десе де болады.

– Маша, әлем чемпионаты туралы айтсаңыз. Қобалжыдыңыз ба, іріктеу сындары қалай өтті?

– Әлем біріншілігінде 1000 және 500 метр қашықтықта сынға түстім.  Бапкерлер іріктеуде үздік нәтиже көрсетуің керек деген соң, бар күшімді салып, екі қашықтықта да бірінші келдім. Осылайша тікелей финалға өттім. Шынымды айтсам, менің іріктеудегі нәтижеме таңғалғандар көп болды, «Сенсация!» деп жатты. Ал мен жеңістің кездейсоқ емес екенін дәлелдегім келді, қолымнан келген секілді.

– Осы кезге дейін қазақстандық ескек есуші қыздар отандастарымызды үлкен жетістігімен қуантып көрмеді. Ал сіз екі бірдей қашықтықта финалда бақ сынауға мүмкіндік алдыңыз. Оның үстіне іріктеуден тікелей финалға өттіңіз. Финал қарсаңындағы көңіл  күйіңіз қалай болды?

– Шынымды айтсам, финал алдында өзіме өте сенімді болдым. Қорқыныш пен қобалжу іріктеу сынында болды. Ал үздік нәтиже көрсеткенім қосымша күш-қуат берді. Оның үстіне қарсыластарымның  барлығы менен төмен нәтиже көрсетті. Ол да қобалжуымды басуға сеп болды.

– Ал 1000 метрлік қашықтықта жеңіске жеткеннен кейін қандай сезімде болдыңыз?

– Дәл қазір бірнеше ай өткеннен соң сол кездегі қуанышымның шексіз болғанын айта аламын. Ал алтын алған сәтте тек қуана бердім және жылағым келді.

– Бірінші болып кім құттықтады?

– Бірінші болып екінші орын алған қыз құттықтады. Одан соң үшінші орын алған құрбым (күлді). Барлығы құттықтап жатты. Ешкімнің қолын қағып, көңілін қалдырмадым. Ал жағаға шыққан кезде айнала қоршаған журналистерден құттықтау естідім. Бірақ елдің қошеметі ерекше болады екен. Алдымен Астанаға келгенде отандастарым мен сол жақта жаттығатын спортшылар қарсы алды. Одан соң Оралға келіп түскенде Қаймен Есенаманұлы бастаған спорт басқармасының басшылығы, әкем мен әжем және басқа да туыстарым қарсы алды. Сол кезде өзімді үлкен ерлік жасағандай  сезіндім.

– Әлем чемпионы атанған соң жеңіс тұғырында тұрып көзіңізге жас алдыңыз. Ол қуаныштың көз жасы ма әлде елі үшін мақтанған спортшының көз жасы ма?

– Тура сол сәт есіме түскен сайын жылағым келеді. Өйткені мен бір сәтке болса да, қазақ елінің атын әлемге танытуға атсалыстым. Ондай кезде кез келген адам көзіне жас алады деп ойлаймын. Оның үстіне саған дейін ешбір қазақстандық ескек есуші қыз мұндай жетістікке жетпегені ерекше сезімге бөлейді екен.

– Бір шақырымдық жарыстан соң 500 метрдің финалында бақ сынап, қола еншіледіңіз. Ол жерде де алтын алуға болар ма еді?

– 500 метр – менің сүйікті қашықтығым. Әлем чемпионаты алдында бапкерім екеуміз дәл осы қашықтыққа мықтап дайындалдық. Алтын болса, осы 500 метрде болады дегенбіз. Бірақ 1000 метрді ойлағанымыздан да мықты жүзіп өттік. Алайда ол қоланың да орны ерекше. Өйткені 500 метр қашықтықтағы қарсыластарым әлдеқайда мықты болды. Әсіресе, Қытай мен Венгрия қыздарының қарқыны қатты.

– Қазіргі таңда елдегі және әлемдегі сіздің басты қарсыластарыңыз кімдер?

– Азиядан алып қарасақ, басты қарсыласым – қытайлық қыздар, әлемдік деңгейде – Венгрия бойжеткендері. Жалпы венгриялық ескек есушілер кез келген елдің спортшыларына мықты қарсылас. Өйткені ол елде ескек есу спорты мықты дамыған. Ал елдегі басты қарсыласым – олимпиада ойындарына қатысып, бақ сынаған Маргарита  Торлопова.

– Маша, әлем чемпионы атанған соң өміріңіз өзгерді ме?

– Жоқ, басты айтар жаңалық, жоғары оқу орнына түс­тім. Өзім де мен елге медаль алып келдім, маған жеңілдік беріңдер деп кеуде қаққанды ұнатпаймын. Ата-анам да ондай мінез көрсеткенімді естісе, маңдайымнан сипамасы анық. Оның үстіне менің алға қойған үлкен мақсатым бар. Соған жету үшін ештеңеге алаңдамай, жүйелі жаттығып, көп тер төгуім керек.

– Көшеде немесе қоғамдық орындарда сізге бейтаныс  кісілер танып жата ма?

– Иә, өткенде аутобусқа мінгенімде кондуктор жақындап, мені бірден танығанын айтты, инстаграм желісінен көрген екен жеңісімді. Сосын әпкем екеуміз кафеге барғанымызда даяшы танып қалды. Мен туралы интернеттен оқыпты.

– Өзіңіз әлеуметтік желіні көп пайдаланасыз ба?

– Жарыстарға барған кезде әдемі орындарды суретке түсіріп, ара-тұра жаттығу сәттерімді жариялаймын. Жаттығу, оқу, менің бос уақытым көп бола бермейді. Оның үстіне әлеуметтік желіде көп отырғанды ұнатпаймын.

– Әдетте спортшылар өте ырымшыл келеді. Сіз де сондайсыз ба?

– Оралда байдаркашылардың бапкері жарыс алдында депиляция жасауға рұқсат етпейді. Бас жууға болмайды дегенге сенетіндерді де кезіктірдім. Бірақ өз басым ондайға сенбеймін. Жеңіс оған жету жолында төккен теріңмен келеді. Ал жеңілсең, демек, қажетті деңгейде жаттықпағаның...

– Спорттан бөлек сүйікті  ісіңіз бар ма?

– Таза ауада серуендегенді ұнатамын.

– Мария Бровкованың күн тәртібі қандай?

– Спортшы болған соң белгілі бір тәртіпке бағына білуің керек. Сондықтан күн тәртібімді, ішер асымды мықтап қадағалаймын. Ал оқу-жаттығу жиындары кезінде күн тәртібім тіптен қатаңдайды.

– Алға қойған үлкен мақсатым бар дедіңіз, ол қандай мұрат? 

– Ең алдымен, қалыпқа келтіру жиындары болады. Содан соң жаңа маусымға дайындықты бастаймыз. Мақсатым – Париж олимпиадасының жолдамасына қол жеткізу. Әлем чемпионы болған сәттегі сезімді Париж төрінде тағы бір мәрте бастан өткергім келеді. Қазақ елін тағы бір қуантсам деген үлкен мақсатым  бар.

– Мария, егер сізге қазақ жігіті сөз салып, ұсыныс жасаса, тіл үйреніп, келін болуға  дайынсыз  ба?

– Мүмкін, сөйте тұра, менің алдағы екі жылға қойған бір ғана мақсатым бар. Ол – олимпиада! Қыз мұраты кету екені рас. Бірақ ел азаматы ретінде Қазақстаныма пайдамды тигізсем деген мақсатым басымырақ. Бабымда тұрған шақта барлығынан бас тартып, жігіттің соңынан еріп кетуге сол себепті дайын емеспін.

– Спортшының өмірі көбіне жолда, сондай-ақ жаттығу жиындары мен спортзалда өтеді. Ірі жарыстар таянған сайын жаттығу жиындары көбейе түседі. Сіз осыған дайынсыз ба?

– Өткен жылы Оралда тек екі рет болыппын. Оның бірінде ҰБТ тапсыруға келсем, екіншісінде ЖОО-ға түсуге құжат тапсырмаққа келіппін. Қалған уақытым Өзбекстан, Болгария, Венгрия, Сербия сияқты елдерде өтті. Енді ересектер сапына қосылудамын, жаттығулар күшейіп, жиындар одан сайын көбейеді. Мені бапкерлерім аямасы анық. Бірақ мен қандай қиындыққа да төзуге дайынмын.

– Ел үшін төзесіз бе әлде өзіңіздің болашағыңыз үшін бе?

– Екеуі үшін де. Өйткені бүгінгі еңбегім – болашағымның жемісі.

– Өзіңіз үлгі тұтар спортшы бар ма?

– Нэвин Хариссон атты америкалық каноэ есуші бар. Сол әріптесімді өзіме үлгі тұтамын. Инстаграм желісіндегі парақшасына жазылдым. Жаттығуын қарап тұрамын. Мен оның техникасы мен шапшаңдығына тәнтімін. Таяу болашақта өз кумиріммен бірге жарысқа түсіп, жеңіп кетуді  армандаймын.

– Емен-жарқын әңгімеңізге көп рақмет. Бізге Олимпиада шыңынан қол бұлғауыңызға  тілектеспін!

Сұхбаттасқан Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале