11.01.2021, 18:12
Оқылды: 164

Әлем таныған (меццо-сопрано Дина Мерекеқызы хақында)

Операда меццо-сопрано деп аталатын дауысы бар әншілер әлемде өте сирек кездеседі. Осындай сирек кездесетін ерекше үннің иесі «Астана – опера» театрының әншісі – Дина Хамзина.

 алем таныган анши4

Дина Мерекеқызы Жалпақтал өңіріндегі Жаңажол ауылында дүниеге келген. Ол 1994 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыкалық-педагогикалық факультетін бітірген. Еңбек жолын өзі білім алған оқу орнының оқытушысы болып бастаған ол 2000 жылдан бері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының меццосопраносы, солисі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық әншілер конкурсының Гран-при иегері Дина Хамзинаның қазақ опера өнерінің тарихында алар орны ерекше. Оның дауысы өте сирек кездесетін меццо-сопрано. Толық диапозонды, тембрлі дауыс техникасын өте жақсы игерген. Ән шілігі мен актерлік таланты бір төбе Динаның күнделікті өмірдегі инабаттылығы мен адамгершілік қасиеті, қарапайымдылығы мен кісілігі де айта жүрерліктей.

Оқуды бітірген бетте ерекше дарынды дауысы бар жас маманды ұстаздары институтта қызметке қалдырады. Көп ұзамай Дина театрға қабылданады. Театрға қабылдану Динадан үлкен еңбек пен талай мәрте маңдай терді төгуді талап етті. Бүгінде атағы алысқа жеткен Дина әнші туралы баспасөз беттері жарыса жазуда.

– Бірде зайыбым Альфия екеуміз Астанада өткен Күләш Байсейітова атындағы әншілердің кезекті байқауына бардық. Мен көп жылдардан бері сол байқау комиссиясының төрағасымын. Бұл жолғы байқау өзгеше өтті. Көптеген дарын иесінің жолын аштық. Жүлделі орындардың дені алматылықтарға бұйырды. Гран-при сыйлығын алған Дина Хамзина қызымыз сол жолы мықты өнерпаз екенін анық көрсетті. Болашақта дүние жүзіне қазақ елі десе, Динаның аты-жөні қоса аталатынына қатты үміттендік. Шүкір, сол үмітіміз бүгінде ақталды, - дейді Ермек Серкебаев баспасөз беттеріне берген сұхбаттарында.

Дина Хамзина 2006 жылы халықаралық романс орындаушылар конкурсының лауреаты атанды. Сонымен қатар Лос-Анджелесте өткен өнер шеберлерінің әлемдік чемпионатында үш алтын, бір күміс медаль алды.

Дина Мерекеқызының соңғы жылдары отандық және шетелдік театр сахналарында орындаған Аналық (М.Төлебаевтың «Біржан-Сара»), Қамқа (Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай»), Жанка (Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын»), Мерседес, Кармен (Ж.Бизенің «Кармен»), Азучена (Дж. Вердидің «Трубадур»), Полина (П.Чайковскийдің «Пиковая дама»), Ольга (П.Чайковскийдің «Евгений Онегин»), Лаура (П.Чайковскийдің Иоланта), Сузуки (Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-Сан»), Зибель (Ш.Гуноның «Фауст») партияларын және Дж.Вердидің «Реквиемінде» меццо-партиясын, Маддалена («Риголетто»), Флора («Травиата») партиялары оның орындаушылық өнерінің биіктігін, өрісінің кеңдігін аңғартса керек.

Әлемдегі өнерсүйер қауым арасында Динаның фанаты өте көп. Өнер жолында осыншама атаққа ие болған Дина бала күнінде әнші болам деп армандамаған екен.

Ол мектеп жасынан бастап белсенділік танытып, оқуда да, спортта да үнемі алда болды.

– Негізі бала күнімнен бастап мұғалім боламын деп алдыма мақсат қойған едім. Бірақ мектепті тәмамдар шақта шешімімді күрт өзгерттім. Алғашында анам сияқты ұстаз боламын, ауылда қаламын, ол үшін тек Алматыға барып, мұғалімдік оқуға түсемін деп жоспарлаушы едім. Мен үшін ұстаз атану ең жоғарғы мамандық еді. Себебі мен ұстаздар отбасында дүниеге келіп, сол ортада тәрбие алдым. Маңдайыма жазылған бұйырмыс солай болған шығар, кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыкалық-педагогикалық факультетін бітірдім. Осыдан кейін барып менің өмірім өнер ордасымен біте қайнасып, осы салада биік дәрежелерге жетуіме жол ашылды. Менің осындай дәрежеге жетуіме аяулы ұстаздарымның үлесі өте зор. Олар оқу орнын аяқтағаннан кейін мені ауылға жібермей, қаладағы өнер ортасында қалып, дауысымды әрі қарай дамытуға үлкен үлес қосты. Сөйтіп, мен ұстаздарымның ақылымен дауысыммен нәтижелі жұмыс жасап, түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, мықтылар арасында өз бағымды сынауға мүмкіндік алдым, - дейді әнші аруы мыз.

Театрдың табалдырығын алғаш аттаған әнші қыздың әлеуеті әріптестер арасында бірден байқалып, өнерлі жандар арасынан өз бағасын ала бастады. Карменді нақышына келтіріп орындады.

Бірнеше операның арияларын шырқап берді. Төлеген шығарма сындағы ананың жоқтауын айтып бастағанда Динаның дауысы меццо-сопрано екені анық айқындалды. Осыдан кейін ұстаздар қауымы Динаны бірауыздан театрға қабылдады.

Опера ол жай ғана спектакль орындау емес, онда жойқын алапат орындауларға ұласқан ерекше қойылымдар жүзеге асырылады. Динаның орындауындағы жиырмадан астам туындылардың тең жартысы ұлттық тақырыпта. Дина әншінің арманы да көп. Соның ең маңыздысы – қазақ деген дархан елді шынайы өнерімен дүниежүзіне паш ету.

– Өнерге келген жолымды сөз еткенде ең бірінші ауылда қамқорлық жасап, өнер жолына түсуіме ықпал еткен ағайларым мен апайларымды және туып-өскен ауылымды мақтанышпен айтқанды ұнатамын. Біз өнерге алғаш қанат қағар кезде танымал музыкант Жанат Мұхамбетов ағамыздың ауылымызға келіп, вокалды-инструменталды ансамбль құруы, музыкадан ұстаз болуға әбден лайық жан деп саналған сүйікті Венера Мергенғалиева апайымыздың өлшеусіз үлкен еңбегі менің болашағыма зор әсер етті. Осы кісілердің алдынан мен сияқты талай өнерлі шәкірттердің өткенін бүкіл ауыл-аймақ жақсы біледі. Ол кісілерге шәкірттік алғысым шексіз. Сонымен қатар тұлға болып қалыптасуыма ата-анамның да ықпалы өлшеусіз. Әкем өмірден ерте өтсе де, әкем туралы айтатын ауылдастарымның жақсы пікірлері мені өнер көгінде еркін самғатады. Тегіме терең бойлайтын болсам, атам Хамза Абдрахманов – Социалистік Еңбек Ері атанған белгілі жан. Мақсатым – жоғарыдағы аты аталған мен үшін өте қымбат осы кісілердің атына кір келтірмей, биік мақсаттарға жету. Анамыз алты құрсақ көтеріп, бесеумізді тістелеп жүріп өсірді. Бәріміздің де адал еңбекпен мақсатымызға жетуімізге жол салды.

Анамыздың тәрбиесінің бастауы тек еңбек пен тәртіп болатын.

Сөйткен сүйікті асыл анамыз 2009 жылы өмірден өтті.

Мені үнемі іздеп, өнеріме алаңдап отыратын ауылдастарыма тек қана амандық тілеймін. Елімізде етек алған жаман індеттен бәріміз аман-есен өтіп, жайбарақат өмірде жүздесуге жазсын, - дейді Дина Мерекеқызы.

 

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале