Сарапшы несие жүктемесін азайтудың жолдарын айтты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, несиесі бойынша 90 күннен астам төлемді кешіктірген азаматтар саны 1,6 миллионнан асқан. Бұл елдегі қарыз жүктемесінің айтарлықтай ауыр екенін көрсетеді. Көптеген адамдар үшін несие төлеу, әсіресе табысы азайғанда, жұмыссыз қалған кезде немесе денсаулыққа байланысты қиындықтар туындағанда күрделі мәселеге айналып отыр. Осындай жағдайда не істеуге болады? Қаржылық жүктемені азайтудың жолдары туралы Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ильясова айтып береді.

Сурет: istockphoto
Сарапшының сөзінше, ең алдымен банкке немесе микроқаржы ұйымына ресми түрде жүгініп, несиені қайта құрылымдау жөнінде өтініш жазу қажет. Бұл - қолданыстағы несие шарттарын өзгерту процесі. Өтініште нақты қандай жеңілдік қажет екенін көрсету маңызды: төлемді уақытша тоқтата тұру, ай сайынғы төлемді азайту немесе пайыздық мөлшерлемені төмендету сияқты нұсқалар болуы мүмкін.
Сонымен бірге, қаржылық қиындықтарды дәлелдейтін құжаттарды қоса тіркеу керек. Мысалы, жұмыстан босатылу, табыстың қысқаруы немесе ауру туралы анықтамалар. Банк мұндай өтінішті белгіленген мерзімде қарап, бірнеше нұсқа ұсынып, негізделген жауап беруге міндетті.
Алайда мұндай шешімдердің салдарын да ескеру қажет. Ай сайынғы төлемді азайту көбіне несиенің мерзімін ұзарту арқылы жүзеге асады, бұл жалпы артық төлемнің көбеюіне әкеледі. Ал төлемді кейінге қалдырған жағдайда сыйақы есептеле береді, нәтижесінде несиенің соңғы құны артады. Соған қарамастан, қайта құрылымдау уақытша жеңілдік беріп, төлемнің кешігуіне жол бермеуге көмектеседі. Жаңа шарттарды мұқият тексеріп, пайыздық мөлшерлеме өзгермегеніне және қосымша комиссиялар енгізілмегеніне көз жеткізу қажет.
Бұдан бөлек, қайта қаржыландыру тәсілін де қарастыруға болады. Бұл - бұрынғы қарыздарды өтеу үшін тиімді шарттармен жаңа несие рәсімдеу. Мұндай әдіс бірнеше несиені бір төлемге біріктіруге мүмкіндік береді. Бірақ тек пайыздық мөлшерлемені емес, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) салыстырған жөн. Себебі ол барлық комиссиялар мен қосымша төлемдерді қамтып, несиенің нақты құнын көрсетеді. Сонымен қатар бұрынғы несиелерді мерзімінен бұрын жабу кезінде айыппұл бар-жоғын анықтап алған дұрыс.
Сарапшы төлем тәртібін сақтаудың маңызын да атап өтті. Уақытылы төлем жасау - қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру кезінде тиімді шарттарға қол жеткізуге көмектеседі.
Сондай-ақ қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыру қиын кезеңдерді жеңіл өткеруге мүмкіндік береді. Егер адам жұмысынан айырылса, жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақы алу мүмкіндігін пайдаланғаны жөн.
Айгерім Ильясованың айтуынша, ең бастысы - табыс азайған кезде мәселені кейінге қалдырмай, банкке дер кезінде жүгініп, шешім іздеу.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов Қазақстанда халыққа кредит беру мәселесі ұзақ жылдан бері талқыланып келе жатқанын айтып, бұл бағытта жаңа өзгерістер болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.