29.12.2020, 14:34
Оқылды: 248

Алғыс арқалаған тасқалалық Айнұр

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандық иесі бар. Соның ішінде ақ халатты абзал жандар еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар жайлы қанша мақтау айтсақ та артық етпесі айқын. Ауырып сырқаттансақ, бірден осы адамдарға жүгінетініміз шындық.

Айнұр Сугурбаева

Әрдайым көмек қолын созып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған абзал жаннын бірі – Айнұр Сүгүрбаева. Ол 1993 жылы 25 қазанында Тасқала ауданында жарық дүние есігін ашқан. Отбасында төрт ағайынды. Мәпелеп өсірген ата-анасының сүйікті қызы Айнұр Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті 2011 жылы тәмамдап, бала кезден армандаған мамандығы Батыс Қазақстан медициналық колледжіне оқуға түседі.

Айнұр

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандығы өзіне қатты ұнайтын. Ең алғашқы тәжірибесі, алғашқы мамандығына деген сезімі ерекше болғанын ұмытқан емес. Студенттік шақта білім нәрімен сусындауға тырысты. Әр нәрсені үйренуге талпынысы күшейген Айнұрдың жан-дүниесін адамдарға көмек қолын созу жадыратты.

Ол өзі қалаған мамандығын «жақсы» деген бағамен аяқтады. Бүгінде соның жемісін көріп, еңбек етуде. Нақтырақ айтар болсақ, 2014 жылы туған жеріне оралып, мамандығына сай қызмет етуде. Талай жақсы адамдармен әріптес болып, білмегенін үйренді.

Алғашқы еңбек жолын Тасқала аудандық ауруханасынан бастаған ол күні бүгінге дейін сол жерде еңбек етіп келеді. Еңбекке етене араласып, көпшілікпен тез тіл табысып кетті. Алғашқы жылдары осы саланы барынша меңгеруіне көмек көрсетіп, бағыт-бағдар берген ұстаздарына деген алғыс сезімі жүрегін жылытып тұрады. Жедел жәрдем бөлімінде ұлдармен бірге қызмет ететін жалғыз қыз. Әрине, бұл қызметтің қиындығы жетіп артылады. Ең бастысы, өз ісіңді жақсы көріп қана қоймай, төзімді болу да керек екенін Айнұр қызметке келген күннен жақсы түсінген.

айнура

«Қызметте жүрген әр минут, әр сағат, әр күн мен үшін өте сәтті де бақытты күндер», - дейді кейіпкеріміз.

– Елді жайлаған індет кезінде оңай болмады. Бірақ барлығымыз бірігіп, барынша жеңуге тырысып келеміз. Барлығы жақсы боларына сенімдіміз, - дейді  ағынан жарылып.

Айнұр өтпелі қиындық кезі жайында ойын былай сабақтады.

– Жаз уақыты. Қателеспесем, таңғы сағат 5 шамасы. Бізге жалғызбасты адамнан шақырту түсіп, үйіне бардық. Есік іштен кілттенген. Түртемін, ашпайды, дым дыбыс жоқ.

Жүрегім бірнәрсені сезгендей дамылсыз дүрс-дүрс соғады. Бар ойым тек ішке кіру. Кішкентай ғана терезе бар екен, соны ашып, терезеден жайлап үйге ендім. Ол кісі құлап қалған. Жан-жағы қанға малынған. Ондай кезде адамды аман алып қалу ғана ойымызда болады. Жайлап шығарып алып, жедел жәрдеммен ауруханаға алып кеттік. Тек «аман қалса, бәрі ойдағыдай болса екен» деген тілек болды. Әбүйір болғанда, аман қалды. Дәрігерлер қолына табыстадық.

– Менің таңғалатыным: үлкен кісілердің өмір сүруге деген құлшыныстары өте керемет. Соларға қарап, өмірге деген құлшынысың артады екен. Әртүрлі жағдайлар болады. Егде адамдар кісілер бала секілді, ауырып қалса, жай әңгімелесіп қасында болғаныңды қалайтындары да бар. Сондай кезде көзіме жас келетін уақыттар да болады. Қадірлі қарияларымызды құрметтеп, ешқашан ренжітпейікші дегім келеді, - дейді.

Бүгінгі таңда жұмыста әрбір жанның денсаулығын жіті қадағалап, қажет жағдайда барынша кеңесін беріп отырады. Ұжымда беделді, жас мамандарға мейірімді Айнұр Сүгүрбаеваның еңбегі де басшылық тарапынан әрдайым жоғары бағаланып келеді. Тасқала ауданы медицинасын өркендетуге үлес қосқан білікті жас маман бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталған.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале