25.02.2021, 14:36
Оқылды: 148

Алты өмірді жалмаған апат

Ақпанның 22-сі күні жол апатынан алты адам бірдей көз жұмды. Өмірі жол бойында қиылған жандардың төртеуі әйел, екеуі ер адам. Кейін анықталғандай, олардың бесеуі Ақжайық ауданындағы Базартөбе ауылының тұрғындары болған екен.

F4CC1070-CB3C-4DC9-A38C-E5750D16818D

Жантүршігерлік апат шамамен сағат 15.00-де Атырау-Орал тасжолының 259 шақырымында Ақжайық ауданының Атамекен ауылынан 10 шақырым қашықта орын алған. «Тайота Королла» мен «Лада Приора» маркілі аутокөліктер түйісіп, қос көліктің жүргізушілері мен «Лада Приорадағы» төрт жолаушы оқиға орнында қайтыс болды. Ал «Тойота Королла» аутокөлігінің жолаушысы түрлі жарақаттармен Тайпақ ауылдық ауруханасына жеткізілді.  

Оқиға орнында БҚО ТЖД арнайы қызметінің бір техникасы мен жеке құрамның үш қызметкері жұмыс атқарды. Олар марқұмдардың денесін арнайы құралдардың көмегімен көліктен алып шықты. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы, 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстық іс шеңберінде көліктік және  трасологиялық сараптама тағайындалған.

Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өзінің Facebook парақшасында: «Апат туралы хабарды естісімен, оқиға орнына барып, мән-жаймен таныстым. Жолдың көрінуі мен тазалығы қалыпты. Мұнда жүргізушілердің жол жүру ережелерін елемеуі, жылдамдықты шамадан тыс арттырып, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны анық. Өкінішке орай, жол-көлік оқиғасы салдарынан алты адам мерт болды, бесеуі – Базартөбе ауылының тұрғындары. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл білдіремін. Сонымен қатар Ақсуат ауылының маңында да жол ережелері сақталмауы салдарынан жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам қаза тапты. Осы орайда барша көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Сіздердің ұқыптылықтарыңыздан адам өміріне қауіп төнбейтінін ұмытпаңыздар!» деп жүргізушілерді жауапкерші-лікті ұмытпауға шақырды.

Дәл осы күні Ақжайық ауданының Орал-Атырау тасжолының 295 шақырымында Ақсуат ауылы шамасында бір адамның өмірін жалмаған көлік апаты орын алды.

Қарсы жолға шығып кеткен «Тойота Альфард» аутокөлігінің жүргізушісі «DAF» аутокөлігімен соқтығысқан.  Жол-көлік оқиғасынан  «Тойота Альфард» жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Ауыр жарақат алған жолаушысы Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.

Жыл басынан бері облыс аумағында 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көлік апатынан 14 адам көз жұмып, 61-і жарақат алыпты. Бұл сандар көлік жүргізушілерінің жолда барынша сақ болып, ережелерді сақтауға шақырса керек.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале