14.01.2024, 9:30
Оқылды: 486

Алыс ауылдарға баратын мамандарға 8 млн теңге көтермеақы беріледі – БҚО бас дәрігері

Батыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр? Өткен жыл қалай аяқталды, алда тұрған міндеттер қандай? Міне, осы сауалдар төңірегінде БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов Kazinform тілшісіне сұхбат берген еді.

IMG-20240114-WA0004Фото: БҚО денсаулық сақтау басқармасы

- Ерлан Виленұлы, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатқанын айтқан болатын. Осы бағытта Батыс Қазақстан облысында қандай жұмыстар атқарылды?

- Иә, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары облыс аумағында 50 медициналық нысанның құрылысы көзделген еді. Соның ішінде 12-сі – дәрігерлік амбулатория, 21-і – фельдшерлік-акушерлік пункт, 17-сі – медициналық пункт.

Өткен жылға жоспарланған 12 нысанның барлығы да қолданысқа берілді. Атап айтқанда, Теректі ауданының Барбастау, Бәйтеректің Новенький, Сырымның Өлеңті, Жаңақаланың Қызылоба, Жәнібектің Жақсыбай және Қамысты, Казталовтың Қараөзен, Бөкей ордасының Мұратсай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттері бой көтерді. Оған қоса Асан (Бәйтерек), Сарыөмір (Теректі), Аралтал (Бөрлі), Бостандық (Казталов) ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараттарында тұрғындарға медициналық көмек көрсетілуде.

Сонымен қатар аталмыш ұлттық жоба аясында Бөрлі және Казталов аудандарында ауданаралық ауруханалардың қосымша ғимараттары салынады, қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

2023 жылы облыстағы медициналық ұйымдарды жарақтандыру үшін «Салауатты ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында жалпы сипаттағы трансферттер есебінен, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасына (2025 жылға дейін) сәйкес, сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қарастырылған қаражатқа 640 медициналық жабдық сатып алынды. Барлығы да мекемелерге жеткізіліп, іске қосылды.

Мұның бәрі медицина мекемелерінің қызмет сапасын жақсарту мақсатында жасалып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады.

- Соңғы жылдары дәрігерлердің жалақысы айтарлықтай өсіп, өзіңіз айтқандай, медицина нысандары заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуда. Қайтарым қандай? Сондай-ақ кадр жетіспеушілігі мәселесі қалай шешілуде?

Облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 1760 дәрігер және 6676 орта медицина қызметкері жұмыс жасауда. Өңірде маман тапшылығы мәселесін шешу өзекті болып тұрғаны рас. Осы бағытта өткен жылы 1 желтоқсанға дейін 122 маман жұмысқа орналастырылса соның 50-і ауылдық жерлерге жіберілді.

2023 жылы 92 маман біржолғы өтемақымен қамтамасыз етілсе, соның 47-сі ауылдарда жұмыс істеп жатыр. 15 дәрігерге қызметтік тұрғын үй бөлінді.

Бұған дейін алыс ауылдарға барған дәрігерлерге үйге қоса 5 млн теңге көлемінде біржолғы көтермеақы беріліп келген еді. Биылғы жылы облыс әкімдігі тарапынан жас мамандар үшін көтермеақы мөлшерін 8 млн теңгеге дейін көбейту қарастырылуда.

Қайтарым болу үшін дәрігер мамандардың біліктілігін арттыру да – маңызды мәселе. Осы орайда өткен жылы үш маман шетелдерде (Түркия, Беларусь, Ресей) оқып келді. Бұдан бөлек дәрігерлер республика көлемінде өткізіліп жатқан біліктілік арттыру курстары, халықаралық конференция, оқыту семинарларына қатысуда. Оған қоса жергілікті бюджет есебінен 535 орта медицина қызметкері кәсіби білім-білігін көтерді.

IMG-20240114-WA0005Фото: БҚО денсаулық сақтау басқармасы

- Қатерлі ісік ауруларының азаймай, өсіп отырғаны белгілі. Осы бағытта қандай шаралар қолданылуда?

- Бұл мәселе ұдайы назарда. Қатерлі ісіктері бар науқастарға онкологиялық мамандандырылған хирургиялық, сәулелік, химиотерапия емдері ұштастырылып жүргізіледі.

Өткен жылдың 13 сәуірінде біріктірілген жасанды интеллектімен дозиметриялық жоспарлау жүйесі бар Halcyon сәулелік терапия құрылысы іске қосылды. Ашылған сәттен бері 518 науқас (2022 жылы – 167) сәулелік ем алды.

Сонымен қатар паллиативтік төсек-орындар саны 41-ге ұлғайтылып, 2023 жылы 1 117 адам (2022 жылы – 664) сиптоматикалық еммен қамтамасыз етілді.

2022 жылдан бастап емделушілерге отадан кейінгі кезеңде екінші оңалту және сауықтыру көмегін көрсету басталды, диспансерде барлығы 15 төсек-орын орналастырылды. 2022 жылы 39 науқас оңалту емін алса, өткен жылы бұлардың саны 336-ға жетті.

Осындай жұмыстар нәтижесінде қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың адамға есептегенде, 87,8 ден 85,6-ға дейін төмендегені байқалды. Өлім-жітім өкпе, асқазан, колоректальды, өңеш обырларынан болуда.

Паллиативтік көмек көрсету элементтерінің бірі ретінде мобильді топтардың жұмысын айтар едім. Облыста осындай 18 мобильді топ бар. Мысалы, онкологиялық диспансер, қалалық №1, №3, №4, №5 емханалар «Медцентр» ЖШС аумағында тұратын науқастарға көмек көрсетсе, аудандарда 15 мобильді топ жұмыс жасайды. Олардың қамтитын аумағы кеңейіп келеді. 2022 жылы 2 783 пациентке жәрдем берілсе, өткен жылы 6 792-ге жетті.

Сонымен қатар амбулаторлық жағдайда емделетін 1 656 науқас амбулаторлық дәрі-дәрмектермен (гормон, таргентті және химиопрепараттары) қамтамасыз етілді.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 5 қазандағы №874 бұйрығымен «Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы іс-қимылдың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілді. Осы кешенді жоспарға сәйкес іс-шараларды жүзеге асыру барысында диагностикалық құрал-жабдықтарды жаңарту көзделуде. Жоспар аясында 63 жабдыққа, сонымен қатар облыс әкімдігінің қолдауымен 2024 жылға қарастырылып жатқан «ҚПО б.в.» компаниясы қаражаты есебінен 18 жабдыққа тапсырыс берілді.

- Жүрек-қан тамырлары аурулары да көбейіп отыр ма?

- 2023 жылдың қорытындысы бойынша қан айналым жүйесі дерті 2 344,1-ден 2 691,73-ке дейін, 14,8 пайызға өсті. Мұны, бір жағынан, ауруларды ерте сатысында анықтау мүмкіндігінің артқандығын және диагностика жұмыстарының ілгерілеу көрсеткіші деп түсіндіруге болады.

Есесіне қан айналым жүйесінен болатын өлім-жітім көрсеткіші 197,9-дан 192,8-ге дейін немесе 2,6 пайызға төмендеді.

Барлық медициналық санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында созылмалы жүрек жетіспеушілігі мен дислипидемия бойынша кабинеттер ашылды. Соңғы 5 жылдың ішінде облысымызда республикалық орталықтардың және шетел мамандарының қатысуымен 15-тен астам шеберлік сағаттары өткізілді. Кардиологиялық бейін бойынша 2023 жылы өңірге 5 маман келді.

2023 жылы коронараграфия жүргізу алдыңғы жылмен салыстырғанда, 5 пайызға, стенттеу отасы 15 пайызға артты. Жоғары технологиялық оталардың жаңа түрлері енгізіліп, жасалды. Скринингтік қарап-тексерулердің сапасы артып, анықталу көрсеткіші жақсару үстінде.

- Әлеуметтік кесел саналатын туберкулез дерті жөнінде не айтар едіңіз?

- Жалпы, облыс бойынша 2023 жылдың қорытындысы бойынша туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы бес жылда туберкулезбен сырқаттанушылық 7,5 пайызға және содан болатын өлім-жітім 25 пайызға төмендеді.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале