8.08.2023, 9:45
Оқылды: 78

Амфитеатрдағы ән кеші

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өңірдегі танымал композиторлардың «Кеш жарық, Ақжайық!» атты ән кеші өтті. Кешке зиялы қауым  өкілдері, өнер қайраткерлері және қала тұрғындары қатысты.

IMG_1105

Алғаш рет амфитеатрда ұйымдастырылып жатқан концерттің шымылдығы халықаралық байқаулардың лауреаты Тарас Жауынбаевтың орындауындағы «Өнермен өңді өмірім» әнімен ашылды. Іс-шара барысында Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, ҚР Мәдениет қайраткері Әділбек Сүлейменов, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев және тағы да басқа танымал композиторлар мен әншілер өнер көрсетті.

IMG_1086

Іс-шараны ұйымдастырған облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың айтуынша, шырқалған әндердің басым бөлігі өңір жұртына біраз уақыттан бері таныс.

– Осы кешті ұйымдастырудағы басты мақсат – облыс композиторларын қолдап, жас дарындардың өнер көгіне өрлеуіне мүмкіндік сыйлау. Сондай-ақ жергілікті өнер иелерінің шығармашылығын кеңінен насихаттау, халыққа талантты орындаушыларды таныстыру, – деді орталық басшысы.

Амфитеатрға жиналған жұрт көңілді әндер орындалғанда бірін-бірі биге шақырды.

IMG_1125

– Отбасымызбен кешкі серуенге шыққанбыз. Концерт болады дегенді естіп, осында тура тарттық. Жалпы іс-шаралардың жиі

өтіп тұрғаны дұрыс деп есептеймін. Өйткені мұндай кештер халықты бір серпілтіп тастайды. Бүгін өңірдегі белгілі өнер майталмандарының есті әндерін тыңдап, керемет сезімде болдық, – дейді қала тұрғыны Айжан Рамазанова.

Аманжол Исламғали,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале