22.04.2026, 16:15
Оқылды: 15

Анаға арналған көңіл күнделігі

Жуырда Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Жаннұр Ахметовтің «Анама қоңырау шалдым...» атты көңіл күнделігінің таныстырылымы өтті. 

 9606849c-d005-40d5-9df9-d957ccbe7e36

Аталмыш іс-шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, кеш иесінің жақындары қатысты. Сондай-ақ әріптес достары мен әлеуметтік желідегі оқырмандары да көрермен қатарында болды.

Жаннұр Бекбауұлы – 1986 жылдың 20 ақпанында Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылында туған. Ол – мемлекеттік қызмет саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан атқамінер азамат. Әр жылдарда жұмыс бабымен өңірдің бірнеше ауданында жауапты қызметтер атқарып, жергілікті тұрғындардың алғысына бөленді. Кейін облыстық қоғамдық даму басқармасында бөлім басшысы қызметіне ауысып, өңірдегі әлеуметтік-қоғамдық іс-шаралардың бастамашысы болды. Отбасылық құндылықтарды нығайту жолында жүйелі жұмыс жүргізді. Бүгінде Бекбаудың ұлы Жаннұр Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.

DSC09732

Жаннұр Ахметов жиындарда әкім орынбасары болып мінберден сөйлегенмен, оның әлеуметтік желіге жариялаған жазбалары оқыған жанды «ә» дегеннен-ақ елітіп әкетеді. Тілінің жатықтығы, ой орамдарының көркем жеткізуі оқырманды бірден баурап алады. Ол өз жазбаларында өмірден түйгенін, қызмет барысында көрген-білгенін жеткізіп қана қоймай, қарапайым оқиғаның өзінен оқырманға тағылымы терең мағына ұсынады. Әсіресе марқұм Талшын анасына деген сағынышқа толы жазбалары жүректі елжіретіп, адам жанына ерекше әсер қалдырады. 14 жыл бойы жүректе маздаған аңсары көңіл күнделігіне ұласып, өлеңдері мен жазбалары кітап болып жарыққа шығып отыр.

6840c1a5-048e-41e9-86cf-6387aca45a97

Іс-шарада Медхат Қамбетов ақжарма тілегін жеткізіп, мемлекеттік қызмет пен шығармашылықтың таразысын тең ұстау, кез келгеннің қолынан келе бермейтін қасиет екенін айтты. Сондай-ақ кеш иесіне облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхаты мен естелік сыйлығын тарту етіп, басқарма басшысы Қуанышбек Мұханғалиевтің құттықтаухатын табыстады. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген айналасына үлгі боларлық осындай ұлды тәрбиелеп өсірген аутордың асқар тау әкесі Бекбау ақсақалға алғысын айтып, «Батыс Қазақстан облысының құрметті ардагері» төсбелгісін өңіріне жарқыратты.

Қазіргі қоғамда кітап саудасының дәуірі жүріп тұр. Бекбаудың Жаннұры көңіл күнделігін басылымға жолдамас бұрын «Ертең ел не дейді?» деп, мың ойланып, жүз толғанған. Сөйтіп, екі ойлы болып жүрген Жаннұрды бірі аға, бірі іні болып келетін қос ақын Қазбек Қабжан мен Әділет Орынбасар қолпаштап, шығармашылық  жолда қанатының кең сермеуіне септігін тигізген. Ахметовтің айтқан әңгімесінен анасына деген сағыныш пен перзенттік махаббаттың лебі еседі. Осы тұсаукесер кештің сәуір айында ұйымдастырылуында да өзіндік себеп бар.  Біреу үшін сәуір жаңару мен жаңғырудың, тіршіліктің қайта түлейтін кезеңі болса, Жаннұр үшін сұрапыл сезім мен сағыныштың  айы.

– Анам осыдан 14 жыл бұрын 7 сәуірде мәңгілік мекеніне аттанған. Ал 8 сәуір оның туған күні еді. Бойымды тіктеп, буынымды бекіткен жан анама деген сағынышым осы күнге дейін толастаған емес. 30 жасымда Тасқала ауданының орталығы Тасқала ауылының әкімі болып сайландым. Бұл кәсіби қызмет жолындағы биік белесімнің бастауы-тұғын. Кабинетімде отырған сол күні-ақ көзден жас еріксіз «бұрқ» ете түсті. «Е-ех, қайран шешем, ұлыңның осы жетістігін көрсең ғой» деп іштей үнсіз елжіредім. Осыдан екі жыл ілгеріде бір әріптесіме анасы қоңырау шалды. «Анашым» деген қоңырауды көріп, қызықтым, қызғана да қарадым. Сол бір мезетте «Неліктен арғы дүниеге хабарласуға мүмкіндік жоқ?» деген ой жанымды қарып өтіп, жүректегі мұңымды өлеңге айналдырды. Қазір қамал алар жасты алқымдасам да, анамның зиратының басына жиі барып тұрамын. Айтар сырым мен сағынышымның арнасы әлі де тартылған жоқ, қайта уақыт өткен сайын тереңдей  түсіп  келеді.

Менің есімімді анам қойған. Жанұяда үш қыздан кейін көрінген ұлмын. Бірде анамнан менің есімімді не себепті Жаннұр деп қойғанын сұрағаным бар. Сонда ол: «Үш қыздан кейін өмірге келген перзентімізсің, жанымның нұры болсын деп, есіміңді Жаннұр қойдық», – деген еді.
Осыдан соң анам қойған есімім мен азаматтығыма кір келтірмей, адалдық пен ар-намысты алдыңғы орынға қойдым. Уақыт алға озған сайын, ана аманатына адал болудың өзі өмірлік ұстанымыма айналды, – деді кеш иесі.

Одан кейін танымал ақындар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары Ғайсағали Сейтақ пен Қазбек Құттымұратұлы «Анама қоңырау шалдым...» кітабының тұсауын кесіп, көңіл күнделігі жөнінде пікірлерін айтты. Жәнібек аудандық мәслихатының төрағасы Тахир Кадимов аудан әкімі Тимур Шиниязовтың ыстық сәлемін жеткізіп, сыйлығын табыс етті. Бұл іс-шараға Жәнібек жерінен облыс орталығына дейінгі жолды артқа тастап, арнайы келген ағайынның қарасы қалың. Жәнібектік әнші Райымбек Каримов «Ғұмардың елі – жыр әннің елі» әнін шырқады. Тартымды туындының бейнеролигінің түсіріліміне аудан әкімдігі демеушілік еткен. Атырау облысы Индер аудандық «Дендер» газетінің редакторы Жанай Амантурлин де кеш иесі жайында әңгімелеп, жылы естеліктерін ортаға салды.

327c898f-096c-4b26-9812-941ae4123a90

Айта кетелік, мазмұнды іс-шараға Жаннұр Бекбауұлының әріптестері, яғни бүтін ауданның әлеуметтік саласын басқарып отырған жауапты қызметкерлер қатысты. Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев Бостандық ауылынан түлеген Бекбауұлы аудан мақтанышы екенін айтып, жерлестері атынан сый-құрмет көрсетіп, тақымына тұлпар тосты. Содан соң Жәнібекпен көршілес жатқан Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова да әріптес досының қызметтегі қырағылығы мен адами қасиетін әңгіме өзегіне айналдырып, сый-сияпатын ұсынды. Іс-шара қорытындысында Ахметовтер әулетінің үлкені, кеш иесінің кіндік әкесі Қазыбек ақсақал сөз алып, тырнақалды туындысымен құттықтады. Көнекөз қария ақ батасын беріп, жылқы атады.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале