16.06.2022, 10:00
Оқылды: 120

Аңқылдап, есіктен кіріп келердей...

Дидары жарқырап, аузын ашса, жүрегі көрінердей аңқылдаған ширақ қалпында әні-міне, есіктен кіріп келердей. Кіршіксіз күлімсіреген хошта... Құрдасым Темір Құсайынды айтып отырғаным ғой. Болмыс-бітімі жадымда жаңғырып, қайта жүздескендей күйде болатын күндерім көп. Көзден кетсе де, оны білетіндердің бәрі үшін жарқын бейнесі көңіл төрінде екені анық. «Егемен­нің» Темір Құсайыны» деген бірауыз сөз бәрін айтып  тұрғандай-ау... Былтыр алтынсары күзде ғайып ажал арамыздан суырып  ала жөнелгенде, жұртының қабырғасы қалай қайысқанын айтсаң, қапелімде әңгіме түгесілмейді. Туып-өскен Казталовта аудандық газеттен еңбек жолын бастап, жалпыұлттық  республикалық газет – «Егемен  Қазақстанның» тастүлегі атанғанын, журналистік парызына адалдық үлгісін табандылықпен танытқанын айтсаң да солай. Қиналғанды жолда  қалдырмайтын хас тұлпардай, кісіге көмектесуге, көңілін табуға елгезектігі ерекше.

WhatsApp Image 2022-06-16 at 09.52.59 (1)

Өткен 80-жылдардың  тура басында ғой танысқанымыз. КазГУ-дың журфагінің  студенті, облыстық  «Орал  өңірі» газетінде  машықтанудан  өтіп  жүр екен. Ауданымыз орталығындағы  туысқандарына келіпті. «Осындайда  әріптес ағаларға,  бауырларға неге амандаспасқа!», – деп редакцияға  кіріп келгеннен кісіге үйірсектігі, тез  тіл табыса  қоятыны әбден байқалды. Байырғы журналист,  облыс ақыны Есімғали Меңдіғалиевке «Бай  тәжірибеңізбен бөлісіңіз, мына сарыауыз  маған  ақылыңызды  айтыңыз», – деп  біраз кеңесті. «Сіздің  жазғандарыңызды  үңіле оқимын.  Соғыс  кезінде тылдағы  әйел-аналардың  еңбегі немесе «Қыр  қаһармандары»  деген тақырыппен малды ауылдардың тынысы  туралы мақалаларыңыз керемет», – деп Есағаңның жуырда жарияланған «Енді   темір-терсек  жеу  қалып еді» (ауыл шаруашылығы  техникасының  уақытынан  ерте  бүлінуі, бөлшектерінің қолды болуы жайында) атты фельетонындағы  айшықты теңеулер, жазудағы шеберлік жас ізбасарлар  үшін  үлгі екенін айтқаны да күні кешегідей есте.

Ауылымызға әрине, кейін де  талай жолы түсті. Қай ауданға бармасын, қаламдастардың жақсылығына  сүйсініп, титтей қуанышты таудай  табысқа  балайтын. Аудандық  газеттердің  мерейтойларына оның бармай  қалған кезі жоқ шығар. Қашанда «Журналистиканың қара нарлары, міне, өздерің ғой», – деп  құшағын ашып, ағынан ақтарылатын. Осыдан он бес жылдай бұрын Казталов аудандық газетінің редакторы Серік Жұмағалиевтың (қазір зейнеткер) «Бостандықтың «Робинзоны» атты көлемді дүниесі «Егемен  Қазақстанда» басылып, жылдың  үздік  жарияланымдары қатарынан  көрінгенде, бәрімізге сүйіншілеген. «Біздің Серіктің әзіл-оспаққа да қаламы жүйрік, өмірдің  өзінен ойып алады. Аз сөзбен көп ой  айтады», – деп реті  келгенде әрдайым айта­тын. Жәнібек  аудандық  газетінің редакторы болған Ахмедияр Батырхановтың (бүгінде облыс орталығында қызметте) ертеректе әлдебір себептермен  бір-бірінен көз жазып қалған  бауырларды  табыстыруға   дәнекерлігін,  құлағы  түрік  ізденімпаздығы   туралы да  көсіле  әңгімелейтін азаматтың  талайды  қуантқанын бас басылымда көрсетті де.

Іші-бауырыңа  кіріп, өзіне тартып тұратын  аурасы  еректін. Бірде біздің редакцияға бас сұққанда, ешкімді жатырқамайтын ықыласынан ғой, жас қызметкерлер «ағалап» сұрақтарын жау­дырды. «Үлкен  газеттің  өкілісіз ғой, сіз үшін ең қиындық  қайсы?» – дегенге, «Оқиғаларға, құбылыстарға  қатысты жұртқа ұғынықты тілмен жаза білу,  міне, осы» – деп  түйіндей келіп, очерк, репортаж, корреспонденция болсын, мейлі, сын материал болсын, сөзге абай болу туралы беріле толғады. «Орынсыз, әдепсіз  сөз  адамды  айтпағанда,  елдің  өзіне суық әсерін  тигізеді, жаралайды. «Сөз – тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деп мұны қазақ баяғыда айтып  кеткен. Асығыс ойлаудан аулақ болғанымыз жөн», – деген байламдарын  ортаға  салған еді.

Байтағымыздың бас басылымына меншікті тілші әлбетте, жол-жөнекей таңдалмайды. Білім-біліктілігін «Орал өңірінде» шыңдап, 1993-2017 жылдарда табан  аудармастан «Егеменнің» өз өңіріміздегі, кейін Ақтөбе облысындағы өкілі болған  Темір  Құсайын  қайсыбір  мәселені  тереңнен қозғауымен, парасатты талғамымен, тіршіліктің  қыр-сырын  сынамай саралауымен  танылды. Өткір мақалаларына  қалың  оқырманнан үнқосулар  аз  болмағаны көп нәрсені әйгілейді. Суреттемелерінен, эсселерінен еңбексүйгіш жандарға, ізгілік  иелеріне деген  жүрегінің  шырағы  алаулап тұратын. Қоғамдық-әлеуметтік өмірдің  ол барламаған,  байыптамаған  тұсы  жоқ.

Бір жақсы есімде қалғаны, 2009 жылы, той-топырда немесе қайтыс болған жанды  жерлеу рәсімі кезінде жөнсіз шығынның қисапсыздығы, мұндайға жол бермеу хақында «Ысырапқорлық қанымызға сіңген  әдет пе?» атты мақаласына  байланысты ауданымыз ауылдарында «дөңгелек үстел» мәжілістері ұйымдастырылды. Бұл үнемшілікке, басы артық шығыннан  арылуға  қозғау салып, өз газетімізге  де  тұрғындардан  хаттар ағылды. Иә  болмаса, ұмытпасам,  2012 жылы «Мәселе тілде  емес – өзімізде, – дейді оралдық оқырман» атты сараптамасы  көптеген  ащы  шындықтың ашылуымен жұртымыздан қолдауға ие болып, байыпты пікірлер естілді. «Сараптамада  мемлекеттік  тілдің  мәртебесін  кемітіп жүрген  ана тілін білмейтін, білуге ұмтылмайтын үлкен-кіші қазақтардың өздері» деген орынды  тұжырымның бәрі бізге  бүгін де, ертең де  керек-ақ.

Әуелде «Оралдың іргетасы 1613 жылы қаланды» деген дерек үстем түскені мәлім. Бертінде салмақты тарихи зерттеулер, археологиялық қазбалар еуразиялық  ендіктегі шаһардың  шежіресі  орта ғасырлардан  басталатынын тайға таңба басқандай дәлелдеп, бұрыннан-ақ әлгі «1613»-ке  сенбеген халқымыздың күмәні сейілді. Бұған  бүкіл  еліміз Т.Құсайынның  түйдек-түйдек мақалаларынан да жан-жақты қанықты.

Мұндай мысалды тізе берсек, ұзаңқырап  кетеміз. Әкесі Нағым Құсайынұлы Казталовта жауапты қызметтерде бола жүріп, жас ұрпақ тәрбиесі, асыл дәстүріміз, адамгершілік, имандылық  тақырыптарына  жергілікті, облыстық басылымдардың, «Ана  тілі» газетінің  белсенді  авторы  атанды. Баспасөз беттерінде жарық көрген сол дүниелері, ел  аузынан жинаған шешендік сөздері  2008 жылы «Өмір өрнектері»  деген  атпен, белгілі  журналист-қаламгерлер Мақсат  Тәж-Мұрат  және  Есенжол  Қыстаубаевтың алғысөзімен 454 бет болып Алматыдан басылып шықты. «Газет-журнал  десе, ішкен асын  жерге қойған, энциклопедияларды ақтарып отыратын, қағаз-қаламға киелі деп  қараған  әкеден журналистік маған жұқпағанда, енді кімге,  айтыңдаршы», – дейтін құрдасым аңқылдап.

2009 жылдың мамыры, үйдегілер үлкен бажамның шаңырағына – немересінің  шілдеханасына жиналып жатыр едік. Маңдайы жарқырап Темкең кіріп келді. «Туған  жерден келем. Ой-хой, аунап-қунадым, мамырдағы Сарыөзенім қандай...», - деп атажұртына деген аппақ  махаббатын жеткізгенде, жүзінен  шуақ есті. «Кеттік  шілдеханаға. Өз үйіміз, ешкімді жатырқамайды», - деп қоярда-қоймай, жетелей жөнелдім. Осындай  әріптесім  барына бір жағынан  көтеріліп  қалу да  ойымда  жоқ  емес.

«Егемен  Қазақстанның»  тілшісі  ғой», – деп бажам Қуанғали, Рысты апа, жиналған  үлкенді-кі­ші  өре түрегелді. «Жақсылықтың үстіне  келдің, ал мына балапанның  есімін қоюды сіздей ел білетін  азамат атқарса, тіпті керім», – деді  шарананың ата-әжесі қабаттаса. Темкем  азан  оқып, рәсімді тап-тұйнақ орындады. Дастарқан басында өзінің сүйікті «Еділ мен Жайық» әнін, тағы бірнеше ән орындап, шілдехананың шырайын асырған-ды. Нәресте жасқа толғанда, Қоңырша екеуі  сыйлықтарын арқалап келіп кетті. Сол Гүлжан бүгінде 8-сыныптың оқушысы.

Өткен жылғы жаздың ортасында Оралда жүр едім, телефон соқты. «Жаңа ғана Чапаевта болдым, әдеттегідей, редакцияға бас сұқтым. Зейнеткер­лікке шыққаныңда, орныңа келген редактор Әлия қарындасымыз «Қош  келдіңіз, Темір  аға!» – деп алдымнан жүгіріп шықты. Мәз болдым. Біз осындай көңілге марқаятын жастамыз ғой, солай емес пе?» – деді баяғыша аңқылдаған  қалпы. Айнала­сынан ұдайы жақсылық іздейтін, жақсыларға  жақын жүретін жанның қылаусыз лебізі бұл.

Дүниенің  байлаусыз, жалған екені  ақиқат, алайда  дейсің, осындай азаматты өлімге қимайсың, жүрегің  сенбейді-ақ. Көңіл төрінде тұр. Көңілден өшпейді. Зейнеткерліктен соң да қаламын тастамады. «Жайық Престің» өтініші», – деп еліміз  тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жүргізген  сұхбаттарын, сараптамаларын «Орал өңіріне» нөмір сайын  дерлік беріп тұрды. Мұның  бәрі тәуелсіз­дік шежіресіне қосылған сүбелі үлес екені  айқын.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының  лауреаты (1995 ж.), республикалық  «Жыл журналисі»  атағының (1996 ж.), ҚР Парламенті  сыйлығының (2020 ж.), «Ерен еңбегі үшін» және «Құрмет» орденінің иегері атанған ардақты азамат ортамызда  жүрсе, 65 жасқа толар еді. Ғұмырының  соңына дейін қаламы  қолынан түспеген, ұмытылмайтын Темір Құсайын ол. Сол қадірі асқан қалпында, қасымызда. Күн  сайын...

 Болат Есқалиев,

ақпарат саласының үздігі,

ардагер журналист,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале