31.08.2021, 10:02
Оқылды: 182

Аңсары азаттық болған ел-жұрттың ортасынан табыла білген Айдар Батырхановпен әңгіме

А.Т.Батырханов ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, қолдарын жеткізе алмай кеткен Тәуелсіздігіміз жарияланбастан бір-екі ай бұрын, яғни 1991 жылдың 24 қазаны күні Фурманов аудандық кеңесінің төрағасы болып сайланған. Бір таң қаларлық жағдай – Орда аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Айдар Тапашұлын Орал облыстық кеңесінің төрағасы Н.И.Есқалиев сонау жер түбіндегі Нарын құмына тікұшақ жіберіп, Жалпақталға алдыртқан. Өңір басшысының бұл шешімінде А.Т.Батырхановқа деген жылы оң көзқарас та, құрмет пен ілтипат та, сенім де бар екенін аңғару қиын емес. Ал арада көп кешікпей 1992 жылдың ақпанында ол Фурманов аудандық әкімішілігінің басшысы болып тағайындалған. Онымен әңгіме жаңа ғана тәй-тәй басып, қаз-қаз тұрып, тірсегі дірілдеп, құлағы қалқиып келе жатқан Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңдері жөнінде түйінделді.

WhatsApp Image 2021-08-03 at 09.24.58

– Айдар Тапашұлы, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде қызмет жасаған аудан басшылары халықтың басына түскен қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Соның бірі – өзіңіз. Ел-жұрт қабырғасына қара тастай батып жүрген мәселелерді ең алдымен өздеріңізге айтты. Мұнысы да дұрыс еді. Сіздерге айтпағанда, басқа кімге айтады? Ашығын айтыңызшы. Сондай сыни сәттерде «ел ерге қарайды, ер жерге қарайды» дегеннің кейпіне түсіп қалған жоқсыздар ма?

– Оның бетін әрі қылсын. Егемен елдің жаңа форматтағы үкіметі әлі қалыптасып болмаған кез. Сондықтан бұл кезеңде үкіметтен көмек болмады деп оны күстаналаудың өзі күпірлік еді. Облыстың жай-күйі де шамамен осы деңгейде болды десем қателесе қоймаспын. Қабылдауыма түске дейін алпыс-жетпіс адам, түстен кейін шамамен осыншама адам келеді. Оның көпшілігі әйелдер. Отбасыларының қиын жағдайда екенін айтып, көмек сұрайды. Ең бір қиындығы бұл кезде оларға бөліп беретін біздің қолымызда да ештеңе жоқ еді. Осындай қысылтаяң уақытта біздер ең алдымен тұрғындардың нарық жағдайына бейімделіп, еңбек етулері керек екендігін айтып түсіндірдік. Әрі тұрмысы мен хал-ахуалын түзетіп алулары үшін қолдан келген мүмкіндікті жасауға әзір екенімізді білдірдік. Оларды сабыр мен төзімділік таныта білуге шақырдық. Обалы не керек, ел-жұртымыз соның бәрін түсінді. «Үкімет асырайды ғой» деген бұрынғы кеңестік көзқарас пен психологиядан арылып, өз тірліктерін өздері қамдай бастады.

– Айдеке, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, тұрғындарды күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерімен қамту мәселесі өте өткір күйінде тұрғаны белгілі. Оның жолдарын қалай шештіңіздер?

– Жеке тұрғындардың қолдарында өзгесі болмаса да, әйтеуір, азын-аулақ малдары болды ғой. Сондықтан ел-жұрт ет пен сүт өнімдерінен аса бір тапшылық көрді деп айта алмаймын. Ал біз өз тарапымыздан жеке сектор иелерінің жем-шөп мәселесінен қиындық көрмеуін бақылауда ұстап отырдық. Қажеттілікке қарай тұрмысы төмен отбасыларға тиісті көмектер де берілді. Бізді қинаған астық, ұн мәселесі еді. Оны реттеу үшін көршілес Саратов облысының Александров-Гай ауданындағы әріптестерімізбен келісімшарт жасасып, ол жақтан ауданға арзан бағамен астық келуіне себепші бола білдік.

«Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей балық аулауды ұйымдастырып, осы тағамның жеңсік түрінің әр отбасының дастарқанында болуы үшін барлық жағдайды жасай білдік. Аудан аумағындағы Қараөзен мен Сокрыл, Сарышығанақ көлдері және өзге де су айдындары ойға алған мақсатымызды орындауға мүмкіндік берді. Өзара күш біріктіре отырып, атқарылған іс өзімізден артылған балық өнімдерін Ресейге апарып сатуға жол ашты. Есесіне ол жақтан тұрғындарға қажетті тауарлар алынды. Сол кезеңде тұрғындардың бау-бақша өсіруге деген құлшыныстары оянып, олар көкөніс түрлерімен өздерін өздері қамти бастады. Бір сөзбен айтқанда, халық үкіметті тілдемей, жергілікті атқару құрылымдарының жетекшілеріне кінә, өкпе тақпай, өтпелі кезеңнің қиыншылықтарынан өздерін өздері алып шықты деуге болады.

– Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап көрсетілгендей, Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі болып аталғаны белгілі. Іргетасы әлсіз үй ұзаққа бармай, сыр беріп құлайды емес пе? Міне, осындай елдің іргетасын қалау секілді аса жауапты істе бірінші кезекте аудан әкімдеріне ауыр салмақ түскені анық. Бұл тұрғыда сіз жалғыз болмаған шығарсыз. Алмағайып кезеңде кімдердің қолдауын сезіндіңіз, кімдермен ақылдасып отырдыңыз?

– Ағалардың аялы алақандарының жылуын көре қалған іні ретінде өзімді бақытты санай аламын. Өмірдің әр қилы кезеңінде олар мені қолдап, шынайы жанашырлық көзқарас танытып, тиісті ақыл-кеңестерін беріп отырды. Әрі ел-жұрттың қамы үшін менің тарапымнан айтылған кез келген өтініш-тілекті аяқсыз қалдырмай, тікелей іс-қимыл танытқан ағаларым да бар. Осы орайда көзі тірісінде еңбекқорлығымен абырой биігіне көтеріле білген марқұм Тілекқабыл Қабасовтың есімі мен үшін айрықша. Жаны жайсаң іскер жан, өтпелі кезеңде Көмекші деген ауылда 180 орындық орталау мектептің салынып, пайдалануға берілуіне материалдық және моральдық тұрғыдан үлкен көмек көрсетті. Міне, осындай жақсы ағаларымның қатарында Нағым Ризуанов, Әлібек Қоңырбаев, Кәрім Өтеғұлов, Есет Рахматуллин және Ибатолла Үмбетовтердің есімдерін үлкен құрметпен атағым келеді.

– Қиын кезеңде мектеп салдырған Тілекқабыл ағамыздың алғырлығы өзім ел-жұрттан естіген тағы бір жағымды жайтты есіме салып отыр. Сіз жекешелендіру науқаны тұсында мал беру есебінен аудан мектептеріне де енші беріпсіз ғой. Бұл қалай болып еді?

– Айтайын. Мұның мәнісі мынада. Шаруашылықтар жекешелендіріліп, бұрынғы совхоздардың меншігі жеке тұрғындарға таратылған кезде реті мен мүмкіндігіне қарай аудан аумағындағы мектептер мен интернаттарға ірі қара малы бөлініп берілді. Бұл қолда бар нормативтік талаптарға сәйкестендірілді. Соның есебінен мектептер өздерінің қосалқы шаруашылықтарын құрды. Бұл шешіміміздің екі жақты пайдасы болды. Біріншіден, осы арқылы мектептер мен интернаттар, білім беру қызметкерлері етпен қамтылса, екіншіден, оның еңбек тәрбиесіндегі рөлі де жоғары тұрды. Мәселен 40-50 бас ірі қара бір мектеп үшін әжептәуір көмек емес пе? Тағы бір айтарым, мектептерге жем-шөп әзірлеу үшін қажетті ауыл шаруашылығы техникалары да бөлінген еді. Облыста ешқандай баламасы жоқ мұндай тәжірибеден үйреніп, оны өз өңірлерінде іске асырған әріптестеріміз де жетерлік.

– Өтпелі кезең, өз сынақтарымен сіздерді талай рет сынға салғаны анық. Соның бірі 1994 жылы орын алған жойқын су тасқыны. Сол кезде өздеріңізбен көршілес Казталов ауданының тұрғындары тасқын суға белшесінен батқанда жалпақталдықтардың аяқ киіміне бір тамшы су да тамбапты. Мұның сыры неде?

– Тек 1994 жылы ғана емес, көктемде қар суының еруінен және Ресейдегі Еділ өзенінің жоғары сағасынан қарғын су келуінен пайда болатын көріністер – әдеттегі жағдайлардың бірі. Жалпақтал жазықтығында бұдан сақтанудың тактикасы мен стратегиясы о бастан-ақ белгіленген. Әрі бұл бағытта барлық қорғаныс тетіктері жасақталған. Мұның өзі өте қарапайым халықтық тәсілге негізделген. Бұл үшін әр елді мекенде тасқын су басу ықтималы бар жерлерге алдын ала топырақ салынып, көтеріліп, содан соң ыдырап кетпейтіндей деңгейде әбден нығыздалып тапталады. Сөйтіп су өте алмайтындай бөгет жасалады. Оның бар сыры осында.

– Айдар Тапашұлы, еркін өмір мен азат қоғамның бүгінгі буынының бәрі бірдей ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап жете алмай кеткен Тәуелсіздіктің киесін сыйлап, оның қадір-қасиетін ұғына алып жүр ме? Оның жауабын дөп басып айта алмаймын. Әйтсе де, Жалпақтал өңірі тұрғындарының бойында еркіндік пен егемендікке деген ұмтылыс сонау кеңестік кезеңнің өзінде де бой көрсеткені белгілі.

Айталық, сталиндік репрессиялық режімнің кәрін төгіп, қалт еткенді қайшыдай қырқып отырған кезең – өткен жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдарының бас кезінде Жалпақтал жастары құрған «Қазақ халқын кұтқару қоғамының» басты бағдары қап түбінде жатпас алмас  қылыштай  аңсары болған азаттықты андатса керек. Оның арғы астарында ұлттық рух пен намыс және Тәуелсіздікті ту ете білу үрдісі тұрады емес пе? Осындай туа бітті өршіл мінез, елдік пен егемендікті қастерлей білу қасиеті бүгінгі жалпақталдық жастардың бойынан да атой салып тұратынын елге шыққан журналистік іссапарлар кезінде байқап қалып жүрміз. Бұған не дейсіз?

– Сөзіңіздің жаны бар. Менің еңбек жолым осы топырақта басталып, содан кейін әр түрлі қызмет сатыларында осы өңірдің дәмін татып, мұндағы мәрттігі мол жандармен аралас-құралас болуыма тура келді. Сонда көзім жеткені қандай қиын кезеңде де, қандай қоғамда да Жалпақтал жұртшылығы елдің саяси-экономикалық және мәдени жай-күйіне, енжар, селсоқ қарай алмайтыны еді. Сөз жоқ бұл тұрғындар бойындағы жақсы қасиеттердің бірі. Оның ар жағында тұтас ел мен мемлекетке деген шынайы жанашырлық ұстанымы тұрғаны талассыз.

Ішкі сезім мен бұлқынысты сыртқа шығарып тұрудың да оң факторлары аз емес. «Көңілдің кірін айтса кетеді» демей ме дана халқымыз. «Үндемегеннен үйдей пәле шығады» деген де сөз бар. Сөйте тұра мұндағы ел-жұрттың жөн сөзге тоқтай білетініне де Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында олармен бетпе-бет келген сәтте айқын көз жеткізіп едім. Мұндағы тұрғындар бойында туып-өскен ел мен жерге деген сүйіспеншілік сезімі салыстырмалы түрде алғанда жоғары тұратынына қол қоя аламын. Әрі осы сүйіспеншілік сезім елге қажетті пайдалы бір істі тыңдырумен астасып жататыны да әр кез ризашылық сезімін туғызады.

Тіпті сонау 1997 жылы өткізілген оңтайландыру кезеңінде аудан таратылған тұста да Жалпақтал жұртшылығы Тәуелсіздіктің  киесін бәрінен биік санап, парасаттылыққа бой ұрып, өз абырой биігінде қала білді. Орынды сөзге тоқтап, орынсыз жерде бетің бар, жүзің бар демей, тікесін айтып, әрі түбінде бәрі де өз орнына келер деген асқақ көңіл күйге орын бере алды. Өзің дұрыс аңғарғандай, бұл елдік пен егемендікті ту ете білген мұрат-мақсаттары биік жұрт. Ал мұндай елдік мінез-құлыққа  құрметпен қарамау еш мүмкін емес.

 

Сұхбаттасқан:

Темір Құсайын

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале