31.10.2023, 16:45
Оқылды: 40

Әнші Мұхиттың бел немересі

Батыс Алаш Орда қозғалысының белді өкілі Ғұбайдолла Мұхамеджанұлы Мұхитов 1892 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Жақсыбай болысының Ақбақай ауылында туған.

су жп

Атақты әнші Мұхиттан Мұхамеджан, одан Ғұбайдолла туған. Бала Ғұбайдолла Жақсыбай болыстық орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін Орал мұғалімдер семинариясын тәмәмдап, елде мұғалім болады.

1916 жылы қазақты майданның қара жұмысына алған кезде Батыс майданда тыл жұмысында жүрген Жайық өңірі қазақтары жасақтарында жүзбасы болады.

1917 жылғы Ақпан төңкерісі кезінде елге оралып уездегі Алаш қозғалысына, қазақ атқару комитеті мен жергілікті земствоның басқарма жұмысына араласады.

1918-1919 жылдары алғашында Ойыл уәлаяты Бірінші қазақ кавалериясында юнкерлік мектепті аяқтап прапорщик шенінде Алаш полктеріне алынған қазақ жігіттерін әскер өнеріне үйрететін нұсқаушы болады. Сондай-ақ Алаш полкі құрамында Ойылда, Миялыда және Електе казак корпустарына қарсы операцияларға қатысады.

Түркістан майданы қолбасшылығының 1920 жылдың 20 желтоқсандағы бұйрығымен Алаш әскерлері қарусыздандырылып, Қазақ өлкелік әскери комиссарияттың қарамағына берілген кезде Ғ. Мұхитов әскери дайындығын көтеру мақсатында Орынборға оқуға жіберілді.

1924 жылы әскери қызметтен босап елге оралған соң әр түрлі жауапты қызмет атқарады. Өмірінің отызыншы жылдары Орал облыстық атқару комитетінде істеп жүрген кезінде 1938 жылдың ортасында «Алаш Орда офицері», «ұлтшыл» деген айып тағылып Сталиндік саясаттың құрбаны болады.

Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале