Адам ағзасы қыстыгүндері әлсіз келеді. Ондай жағдайда адам кез келген ауруды жеңіл қабылдайды. Кейде антибиотиктерсіз емделу мүмкін емес. Алайда бұл дәрілермен бірге кейбір тағам түрлерін жеуге болмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы дәрігер Лори Райт Тoday басылымына берген сұхбатында әңгімелеп берді.
Фото: pixabay.com
Антибиотик қабылдап жүрген жандар мына тағамдарды жесе ағза оларды бірге сіңіре алмай, іш өтуге, яғни диареяға әкеп соғуы мүмкін дейді маман.
Тәттілер
Кәмпиттер, тәтті газдалған сусындар және нан өнімдері ішек микрофлорасын бұзатын тағам.
"Тәттілер ішекте зиянды бактериялардың көбеюін арттырады, денедегі тепе-теңдікті одан әрі бұзады", - деді дәрігер Лори Райт.
Сүт
Антибиотиктерді қабылдау кезінде сүт диареяны қоздыруы мүмкін. Сонымен қатар ол микробқа қарсы препараттардың әсерін айтарлықтай төмендетеді және тіпті антибиотиктерге төзімділікті дамыта алады. Сондықтан барлық сүт өнімін дәрі қабылдаудан 2-3 сағат бұрын немесе 2-3 сағаттан кейін жеу керек.
Бидай ұны қосылған өнімдер
Ақ нан, макарон, пицца және тоқаш ішектегі ашыту процестерін арттырады. Әлсіреген ішек мұндай диетаға дайын болмауы мүмкін. Сондықтан антибиотиктермен емдеу кезінде және одан кейінгі бірнеше күн ішінде бидай ұны бар тағамдарды азырақ жеуге тырысыңыз.
Ірі талшықтары бар өнімдер
Терапия кезінде ауыр талшықтары бар тағамдардан аулақ болыңыз: жемістер (әсіресе қабығы бар), бұршақ және кебек.
Қуырылған және майлы тағамдар
Диетолог Тереза Джентиль: "Қуырылған тағамдар мен майы көп басқа тағамдар асқазанның жұмысын ауырлатады, бұл ішекке де айтарлықтай жүктеме түсіреді", - дейді.
Грейпфрут және соған ұқсас өнімдер
Бұл жеміс көптеген дәрілердің әсерін күшейтіп, артық доза тудыруы мүмкін. Грейпфрут антибиотиктермен бірге үйлеспейді. Poison Control ұйымының сарапшыларының пікірінше, әдеттегі эритромицин препараты грейпфрутпен бірге қабылданса, қауіпті жүрек ырғағын тудыруы мүмкін.