31.12.2019, 9:27
Оқылды: 391

Аппақ, аппақ, жапалақтап…

Жыл мезгілдерінің өзіндік табиғи ерекшеліктері бар. «Қыстың көзі – қырау», «Қыс аязымен, жаз самалымен» деген мақал-мәтелдер қазақ халқының қатал кейіпте суреттелетін қыс мезгілінің де өзіндік сән-салтанаты бар екенін, табиғат құбылыстарының шаруаға жайлы болғанын қалайтынын аңғартады. Мәселен, «Қыстағы қар – жерге ырыс, жердегі ылғал – елге ырыс», «Қыс азығын жаз жина», «Ақ қар көп болса, ақ нан көп» деген халық түйіндері атакәсіпке, мал мен егін шаруашылығына қолайлы болатын кезеңнің белгілерін аңғартқан.

qys

Абайша айтсақ, «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деп тітіркенген ертедегі қазақ етек-жеңін жинап, қыс қаһарынан ерте қамданған. Қазіргі таңда Григориан күнтізбесіне сәйкес әлем елдерімен бірге қаңтар айының 1-іне белгіленген Жаңа жыл мерекесін Қазақстан халқы да қуана қарсы алады. Қыстың сәні – ақ ұлпа қар, ақ көрпені бұйығы жамылып, мүлгіген дала. Ауыл балалары асыр салып, қолына жентектелген қарды лақтырып, аққала соғып, шанамен ылдиға құлдилап, беті домбыққанына қарамастан ду-думанға бөленетін кезеңі. Қала көшелерінде бетіңді аяз қарып, қардың бетін сықырлата басып келе жатқанына не жетсін! Кең байтақ жеріміздің ерекше сипаты осы да болар, әр өңір өзгеше күйге енеді. Солтүстік аймақтағы қауым қаһарлы қыстың кәріне әуелден мойынсұнса, елорда шеберлері мұздан түрлі мүсін жонып шығарады. Ал оңтүстік өңірдегі халық аз-кем уақыт қар ұшқындаса, бөркін аспанға атып қуанып жатады. Ақ Жайық жақта ақпан айында қыс кәріне мінсе, еліміздің күнгейінде «алтын күрек» лебі есіп, алма терегі гүлдеп жататынын қайтерсің?

Батыс Қазақстан облысының табиғи климаты өте құбылмалы. Жыл маусымдарын рет-ретімен басымыздан өткереміз. Уикипедияның дерегіне сүйенсек, қыстағы орташа температура – 12,9°С. Аспанда арктикалық ағын жүрген кезде 30-35°С-қа дейін күн суытады, сақылдаған сары аязда абсолюттік ең төменгі температура — 40-44°Сқа дейін барады. Былтырғы қыста табиғат мырза қыр мен қала қазағын әбіргерге салып, ақ түтек боранымен ықтырып, ағыл-тегіл ақ ұлпа қарды төкті де отырды.

Биылғы желтоқсанда күн райы құбылмалы болып, қыстың қандай болмағына қатысты деректің ұшығын ұстатпай тұр. Мұны «Қазгидромет» РМК-ның облыстық филиаланың ауа райы болжау бөлімінің басшысы Дәурен Ишанов та растайды.

– Өңіріміз бойынша желтоқсанның 29-31-індегі күн райына Каспий циклонының батыс бөлігінің салқын фронтпен аяқталуы және жоғарғы атмосфералық қысым аймағы әсер етеді. Сондықтан жауыншашынсыз өтуі мүмкін. Кей жерде тұман түседі. Ауа температурасы күндіз минус 5-10, түнде 15-20 градусқа дейін төмендейді. Аяз болады. Қаңтар айының 1-2-сі жылы фронттың әсерінен қар аралас жаңбыр жауады. Желдің әсері 15-20 метр секундқа дейін күйшеюі мүмкін.

-5 градусқа дейін күн суытады. Кейде 3 градус жылылық болады. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазгидромет» орталығы мамандарының болжауынша, қаңтардың алғашқы онкүндігінде қардың жаууы қалыпты өлшемнен аспайды. Осы кезеңде жылымық болып, қар немесе қар аралас жаңбыр жауады. Екінші онкүндікте аяз күшейеді, – деді Дәурен Ишанов.

Қазақ халқының атакәсібі – мал бағу. Жер бетіндегі жан-жануар табиғат құбылысын алдын ала сезетінін ерте аңғарған. Бұл жөнінде өңірімізге белгілі атбегі Алтай Зейнуллин өз пікірін білдірді.

– Жылқылардың геолокациялық сезімталдығы өте жоғары. Олар ақпаратты тікелей ғарыштан алады. Жазда ыққа қарап жусаса, қыс қатты болады. Қысқы уақытта боран соғар алдында бір жерге үйіріліп тұрып алады. Жылқы мінген адамға навигатордың еш қажеті жоқ. Ақ түтек боран кезінде қыстау орналасқан аумақты өзі тауып келеді. Көзін байлап қойсаң да, олар бағытынан адаспайды, – дейді жылқы шаруашылығының маманы.

Сондықтан айналаға зер сала жүрсеңіз, құстар мен түз тағылары, үй жануарлары өзгеше күй кешетінін аңғарасыз. Академик-ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әлемі» ғылыми-зерттеу еңбегінде халықтық болжамдарды топтастырған. Назар аударып көрелік, «Құр мен шіл қар астын қорғаласа, кешікпей-ақ боран болады», «Жылқы жазда қырға шығып үйездесе, қыс қатты болады», «Күн қораланса, қар қалың түседі», «Ай қораланса, қыс қатты болады. Ай шалқалап туса, ауа райы мал-жанға жайсыз болады», «Қазан айында күн күркіресе, қыс қысқа болады», «Шөп буыны ерте қатса, қыс жайсыз болады».

Тіпті қазақтың аспан денелерін де бақылауға алғаны белгілі. Әсіресе, Үркер жұлдызын басты нысанға айналдырған. «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Үркер үйден көрінсе,Үш ай тоқсан қысың бар», «Ай мен Үркер тоғыс кезінде бір-біріне алшақ болса, ауа райы мал-жанға жайсыз болады. Ай мен Үркер тоғыс кезінде бір-біріне жақын болса, ауа райы мал-жанға жайлы болады» деген ғасырлық тәжірибесіне сүйеніп болжамдар жасалған.

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале