Денсаулық сақтау министрлігі аптап ыстықта күн өтуі адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретінін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сурет: istockphoto.com
Ведомство мәліметінше, күн өту - ағза қатты қызып кетуі салдарынан дене температурасын қалыпты деңгейде ұстап тұру қабілеті бұзылатын қауіпті жағдай.
Мамандардың айтуынша, күн өтудің негізгі белгілеріне дене қызуы көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, естен тану жатады. Мұндай белгілер байқалса, дереу жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен адамды салқын жерге шығарып, денесін салқындату қажет.
Министрлік ыстықта ұзақ уақыт далада жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге, жеңіл әрі ашық түсті киім киюге кеңес берді.