2.04.2024, 12:30
Оқылды: 55

Әрайна – шарайна – Арайна!

«Ерекше есімдер» айдарының бүгінгі кейіпкері – Хасан Арайна Ғабитұлы. Ол – Орал қаласындағы №1 жалпы орта білім беретін мектептің 5-сынып оқушысы және «Бәйтерек» футбол клубының мүшесі.

5067878b-c01c-4f43-8d44-943cc6653264

Оның әкесі, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасановтың айтуынша, Әрайна есімі жалынды жорық жырауы, әрі батыр, әрі ақын Махамбеттің өлең-жырында ұшырасады. Даңқты батыр, өр рухты ақынның 1962 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарыққа шыққан «Ереуіл атқа ер салмай…» кітабында «Әрайна» (Қайрылу) деген өлең бар. Осы жинаққа Махамбеттің сол уақыттарда табылған және қалың жұртшылыққа аян өлеңдері енгізіліп, ақын шығармашылығына профессор Қажым Жұмалиев жан-жақты талдау жасаған. Кітапта: «Әрайна – бұрынғы кездегі бір батырдың аты. Ескі ақындардың көп өлеңі соның атымен басталады» делінген.

– Аңыз бойынша бір жорықта ерлік көрсеткен батыр қаза тауып, соның ескерткіші ретінде кейінгі ақындар өлеңін сол баһадүрдің атымен бастайтын болған. Шарайна деген найза, жебе, қылыш және семсерден қорғануға арналған жауынгердің кеудесіне киетін қорғаныс жарағы бар. Ұлымның есімін Арайна деп қоюыма жоғарыда аталған батырдың аты мен осы қорғаныс жарағының атауы себеп болды. Балам көбіне көне грек аңыздарын оқиды, – дейді Ғабит Қайыржанұлы.

Оған қоса Арайнаға Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесі мен балалар жазушысы Марат Қабанбайдың әңгімелері ерекше әсер еткен. Оның футболмен шұғылданып жүргеніне бір жылға жуықтаған. Қазақстандық Рамазан Оразов пен бразиялық Винисиус Жуниордың футболдағы ойын өрнектерін ұнатады. Бұрын тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысқан. Ол математика, Қазақстан тарихы, информатика, жаратылыстану пәндері бойынша ұйымдастырылған олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

Марлен Мәлікұлы,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале