4.10.2022, 10:15
Оқылды: 342

Ардагерлер ұйымының кейбір аудандарда аты бар да, заты жоқ...

Облыс әкімдігінде облыстық ардагерлер кеңесінің отырысы өтті.

1

Жиында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мақсот Берген баяндама жасады. Төрағаның дерегі бойынша, бүгінгі таңда облыста 91 380 зейнеткер, Ұлы Отан соғысының 16 және 3287 тыл ардагері бар. Былтыр облыс әкімінің көмегімен Орал қаласының орталығынан ардагерлер ұйымына ғимарат берілген. Ғимарат жасы үлкен адамдар үшін қолайлы. Мұнда ардагер, шахмат клубтары бар, телефон және интернет желісімен қамтылған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ардагерлер ұйымына бір компьютер беріліп, арнайы сайт ашылған. Орталық стадионда шахмат клубы, М.Ықсанов атындағы көшеде жеке кәсіпкермен келісе отырып, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылған. Онда теннис, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайтын зал, қолөнер, дене шынықтыру, тамақ дайындау, ән, би орындары жұмыс істейді. Ардагерлер арасында жыл сайын волейбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, бильярд, теннис сияқты спорт түрлерінен спартакиада өткізу дәстүрге айналған. Облыстық мәдениет басқармасы «Ағалар әуені», «Асыл әжелер», «Аруана», «Әже сәлемі» ансамбльдеріне қолдау көрсетуде.

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма тетрының ұжымы ардагерлерді ұдайы қойылымдарды тегін тамашалауға шақырады. Былтыр облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшылығымен бірлесіп, қаладағы қарттар үйлерінде тұрып жатқан қамкөңіл жандардың қал-жағдайымен танысып, ардагерлер ұйымы   тарапынан жұмысты жақсарту үшін ұсыныстар айтылған. ҚР Денсаулық сақтау министрі Оралға келгенде, ардагерлерге геронтолог пен психолог мамандар қажеттілігі сұралып, нәтижесінде алдағы жылдан бастап, әр емханада геронтология кабинеті ашылатын болады. Сондай-ақ жастарды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында атқарылған жұмыстар бар.

– Жәнібек аудандық ардагерлер ұйымында толымды жұмыстар атқарылып жатқанын жақында осы ауданға ісспармен барғанымызда жіті таныстық. Аталған аудандағы жұмысты республика көлемінде әдістемелік еңбек ретінде насихаттау туралы республикалық ардагерлер ұйымының орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовқа айттым. Сонымен бірге Шыңғырлау, Тасқала, Сырым аудандары ардагерлер ұйымдарының жұмысын жақсы деңгейде екенін атап өтуге болады. Дегенмен Сырым ауданында қазіргі күні аудандық ардагерлер кеңесін басқаратын адам жоқ. Бұл лауазымды Әнуар Ғалымов өте жақсы атқарып, денсаулығына байланысты қызметінен босаған. Аудан әкімі «Оның орнын басатын кісі жоқ» деген желеумен 20 мың тұрғыны бар ауданда бір ардагерлер кеңесін басқаратын адамды таппай отыр. Ал ардагерлер ұйымы деген аты бар Бөрлі, Ақжайық, Казталов, Бәйтерек аудандарындағы ардагерлер кеңесінің төрағалары, оның орынбасарлары тағайындалмаған.  Ардагерлер ұйымына ғимарат қарастырылмаған, телефондары жоқ. Орал қаласындағы теміржол, мұнай-газ, ішкі істер ардагерлер ұйымдары барынша жұмыс атқаруда. Жалпы облыстық басқармалардағы ардагерлер ұйымдарында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс нәтижесі жоқ. Кейбір басқармалар істің мәнін елемей, оның сырттай, жасанды көрінісіне ғана көңіл бөліп, ардагерлер ұйымын өздері құрып, өз беттерінше жұмыс істеп жатқан сыңай танытады. Бұл ұйымдар облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысынан бейхабар болғандықтан, облыс ардагерлерінің қазіргі күні нендей тіршілік жасап, қандай қоғамдық істермен шұғылданып жатқандығын білмейді. Белгісіз бастауыш ұйымдар шипажайларда, басқа да орындарда демалып жатқан ардагерлердің нақты санынан бейхабар. Мұндай ұйымдар, ең болмаса, ардагерлердің газетке жазылуы үшін бізге ешқандай тапсырыс бермейді, – деді Мақсот Қабышұлы.

-Ардагерлер қатары жыл озған сайын сиреп барады. Өмір заңын өзгерте алмаймыз, біз кетсек, бізден көп кішілер де күндердің күнінде ардагерге айналады.

Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесіне мықтап көңіл бөлу керек. Қазір әлпештеген анасын, ар­дақтаған әкесін сыйғызбай «Қарттар үйіне» әкеліп тастайтын тасбауыр жастар өсіп келеді. Мысалы, Маңғыстаудағы осындай үйлерде – 50, мына тұрған Атырауда – 90, ал біздің Оралдағы мекемеде 300 адам тұрып жатыр. Ата-анасын сыйғызбай отырған бала мен келіннен не қайыр, олар ертеңгі ұрпақты қалай тәрбиелемек деген ой мазалайды.

Қоғам болып істейтін жұмыс көп. Еліміздің батыс өңірлерін уаһабшылдық дерті жайлады. Бұлардың ішінде мұғалімдердің балалары да бар. Оған «Анаңды неге сыйламайсың?» десем, «Олар халал емес шұжық жейді»дейді безбүйрек бала. Біз өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында қайта құру, демократия, еркіндік дедік.

Енді соның ащы дәмін татып отырмыз, еркіндікті ерсілікке алмастырдық. Менің үйім Жеңіс алаңының жанында орналасқан. Бұл жерде кешегі соғыста ерлік жасағандарға ескерткіш тақта қойылған. Жастар үйлену тойында аутокөліктің үстіне шығып алып, селфи істеп, құлақты тұндырып айқайлайды. Ол жерде селфи жасау керек емес, құрметпен тағзым етуі тиіс. Бұған тыйым салатын ата-анасы ма, ақсақалдар ма, әлде заң ба? Ардагерлердің ертеңгі күнге деген үміті мен сенімі зор. Алдағы жарқын күндерді біз көрмесек те, балаларымыз бен немерелеріміз көреді. Қалай дегенмен, бір жақсылық келеді, соған сенейік. Сондықтан осында отырған ардагерлерге қазіргі күні болып жатқан мына келеңсіз құбылыстарға барынша тосқауыл болайық дегім келеді, – деді жиынға қатысқан ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Ардагерлер кеңесінің жиынын облыс әкімі Ғали Есқалиев қорытындылап, ардагерлер ұйымдарының жұмысын жандандыру мақсатында қала, аудан әкімдеріне, облыстық басқармаларға, бірқатар құзырлы құрылымдар мен мекемелерге тиісті міндеттер  жүктеді.

– Отырыста біраз мәселе айтылды. Мақсот Қабышұлы облыстық ардагерлер ұйымының жұмысын жандандырып, ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етіп, қолдан келгенше әдістемелік көмек көрсетуде. Сырым ауданында ардагерлер кеңесін басқаруға адам табылмай отыр деген мәселеге, шыны керек, өзім де таңғалдым. Мұның себептерін талдап, талқылап, нақты шешім қабылдаймыз.

2

Баяндамада көтерілген мәселелер бойынша төрағалары жоқ аудандық ардагерлер ұйымын басқаруға жуық арада үміткерлер қарастыруды аудан әкімдеріне тапсырамын. Ардагерлер ұйымы қоғамның бірлігін, тұрақтылығын нығайтуға ұйытқы болып, әкімдіктермен, мемлекеттік мекемелермен ұдайы байланыста жұмыс істеуі қажет. Бұл орайда Жәнібек, Тасқала, Шыңғырлау аудандарындағы ардагерлер ұйымының жұмысын үлгі ету керек. Ақжайық, Бөкей ордасы, Казталов аудандарындағы ардагерлер ұйымының жұмысы өте баяу жүруде.

Жергілікті әкімдікпен байланыс дұрыс жолға қойылмаған. Ардагерлердің белсенді шоғырланған жері Орал қаласы екені белгілі. Қаланың 4 кенттік округі, үлкен ұжымдар, маңызды салалар бар. Барлығында да ардагерлердің бастауыш ұйымдары болуы қажет. Қазір көзге көрініп, белсенді жұмыс істеп жүрген Оралдағы «Теміржол ардагерлері», «Төтенше жағдай органы ардагерлері», «Мұнай-газ кешені ардагерлері» бастауыш ұйымдарын атап өтуге болады. Әрбір үлкен мектептерде, әкімдіктердің ішінде шахмат, дойбы ойнайтын бұрыштар жасау, оған балаларды үйрететін ұстаздарды қарастыру жөнінде жоспар жасақтаудамыз. Көп қабатты үйлердің ауласында, тынымбақтарға егде жастағы адамдар мен зейнеткерлердің бос уақытын өткізу үшін арнайы шахмат, дойбы тағы басқа үстел ойындарына арналған 50 үйшік салуды жоспарлап, келесі жылдың бюджетіне енгізуді қарастырудамыз. Ер ардагерлерден басқа, әжелердің де бос уақытын тиімді өткізу үшін нақты шараларды қолға алу керек. Белсенді ардагерлерді жастарға көмектесу мақсатында еріктілер қозғалысына тарту қажет. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыссыздарды қысқа мерзімді курстарда оқыту барысында әр түрлі саладағы ардагерлердің тәжірибесін қолдана отырып, лектор ретінде жұмысқа тартуды ойластыру керек. Облыстық денсаулық басқармасы емханаларда ардагерлерге арналған арнаулы кабинет ашып, геронтолог дәрігермен, психолог мамандармен қамтамасыз етуді қолға алуы тиіс, - деді Ғали Нәжімеденұлы.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале