1.06.2023, 10:00
Оқылды: 76

Ардагерлер ұйымының құрылтайы

Оралда «Батыс Қазақстан облысының ауылш аруашылығы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ-ның алғашқы құрылтай жиналысы өтті.

12763f47-f57e-4d1a-9062-240675271c53

Жиналысты «Республикалық ауыл шаруашылығы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Лавр Хайретдинов жүргізді. Іс-шарада ұйымның атқарушы құрылымы – ардагерлер кеңесінің мүшелері мен төрағасы, тұрақты комиссияларының құрамы сайланды. Ұйымның эксперттік тобы құрылды. Аталмыш ұйымға кіру тәртібі және мүшелік жарналары бекітілді. Ұйымның жұмыс жоспарын сала ардагерлері қызу талқылады. Ардагерлер болашақта облыс әкімдігінің қолдауымен бірқатар іс-шараны қолға алмақ. Ең алдымен, өңірдің ауыл шаруашылығы тарихын толық қамтитын үш томдық кітап шығаруды жоспарлап отыр. Онда осы салаға еңбегі сіңген қайраткер-ардагерлер, шаруашылықтар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар, зертханалар мен стансалар, оқу орындары, агрокешен тақырыбында жарияланған мақалалар, естеліктер және басқа да мәліметтер енгізіледі. Ардагерлер ұйымы сондай-ақ Орал қаласында ауыл шаруашылығы музейін жасақтамақ. Бастамаға қолдау-көмек көрсеткен жандардың арқасында музей жәдігерлерін жинау, ғимаратты дайындау жұмыстары басталған. Сонымен қатар еңбек майталмандары алдағы уақытта Орал қаласының көрнекті жерінде Еңбек даңқы аллеясын ашуды жоспарлауда.
– Кеңестік кезеңде біздің облыс ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған өңірлер-
дің бірі болды. Малдың тұқымын асылдандару ісі нәтижелі жүргізілді. Бидай мен шөптің жаңа сұрыптары шығарылды. Бүгінде осындай тағылымы мол тарихымызды жинақтайтын кез келді. Ауыл шаруашылығына көңіл бөлетін уақыт жетті. Себебі бұрынғы үлгілі еңбек ұжымдары, шаруашылықтар, колхоз-совхоздар ұмытылып бара жатыр. Көреген басшылардың, еңбекқор малшы-шопан, механизаторлардың елеулі істерін кейінгі ұрпақ білуі тиіс деп есептейміз. Сол үшін ардагерлер жұдырықтай жұмылып, жүйелі түрде жұмыс істемек, – деді Лавр Рашидұлы. Айта кету керек, аудан-ауылдарда да «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ-ның филиалдары құрылады. Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген мен Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов ұйыммен бірлесіп жұмыс істейтіндерін айтып, сәттілік тіледі.

Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале