24.11.2021, 9:30
Оқылды: 184

Арманға айналған білім ошағы

Облыс орталығындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2012 жылы 1 қазанда ашылды. 2021-2022 оқу жылында 7-12-сынып аралығындағы 34 сынып-жиынтығында 720 бала білім алуда. Оның 120-сы 7-сыныпқа жаңадан қабылданды.

600 орынға есептелген білім ошағында нано, биотехнология лабораториялары, математика, физика, химия, биология, робототехника, жеке сабақтар мен психологиялық сергіту кабинеттері, гүлзар, жылыжай бар. 60 орындық оқу залынан тұратын кітапхана 41 мың дана кітап сақтау орны, каталогпен жұмыс аймағы, кітаптарды ұсыну және қабылдау аймағы ретінде жасалған. Оқырмандар  EBSCO деректер қоры мен барлық ақпараттық ресурстарға ақысыз қол жеткізе алады («Twig-Bilim», «BilimLand» және т.б.). 350 орындық әмбебап акт залды дәріс және хореографиялық зал ретінде пайдалануға болады. Мектептің 129 орынға арналған үш қабатты жатақханасы – НЗМ жүйесінде тұңғыш ашылған жатақхана.

ALX09315

Миссиясы қандай?

Жаратылыстану-математика бағытында білім беретін мектептің мақсаты - инновациялық, көптілділік жүйе арқылы әлемдік қоғамдастықтағы сәтті интеграция үшін тұлғаның зияткерлік және шығармашылық ахуалын дамытуға ықпал ету. Білім мен тәрбие үдерісінде оқушылардың бойына адамгершілік, көшбасшылық жә-не патриоттық сезімдерді қалыптастыруды мақсат еткен мектеп ұжымы осы миссияны сәтті орындап келеді.

Назарбаев мектебінің педагогикалық ұжымы білім беру саласында жүктелген жауапкершілікті сезініп,  тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етуде. Мектепте 124 жергілікті ұстаз қызмет етеді. Олардың  23-і мұғалім-сарапшы, 77-сі мұғалім-модератор, 77-сі магистр. Сертификатталған тренерлер, оқулық авторлары, бағдарлама құрастырушылары және ғалымдар бар. Мектепте  шетелдік 4 маман қызмет етіп жүр.    Шетелдік мұғалімдер пәндік глоссарийлерді әзірлеуге қатысады, заманауи веб-сайттарға пайдалы сілтемелерді дайындайды, қалалық мектептердің оқытушыларымен, оқушыларымен  кездесіп, тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізуге көмектеседі.

Орта білім берудің жаңартылған мазмұндағы бағдарламасы және НЗМ тәжірибесін тарату мақсатында мектеп педагогтері жүйелік-әдістемелік кешен (www.smk.edu.kz) үшін 2000-нан аса материал дайындады. Сонымен қатар 60-тан астам әдістемелік жинақ, 80-нен аса ғылыми мақалалардың авторлары.

Зияткерлік мектеп мұғалімдері кәсіби біліктілік пен дағдыларын үздіксіз жетілдірудің тиімді әдістерінің бірі ретінде  сабақты (Lesson Study) және іс-әрекетті зерттеуді (Action research)  оқу процесінде кең қолданады. Жыл сайын 50-ден астам іс-әрекеттегі зерттеу жүргізіледі.

Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, білім ошағы  өткен оқу жылын сәтті аяқтады. Оқушылардың  7-уі халық-
аралық, 9-ы республикалық, 15-і желілік, 50-і облыстық олимпиада, ғылыми жобалар байқауы мен түрлі сайыстарда жеңімпаз атанды. 2020-2021 оқу жылы мектепті 112 түлек бітіріп шықты. Олардың арасында 6 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері, 31 түлек шетелдік жоғары оқу орындарының студенті атанып, 35 зияткер Назарбаев Университетіне түскен. Ал 46 зияткер отандық білім беру ордаларында білім алуда. SAT халықаралық емтиханынан 12-сынып оқушыларының орташа ұпайы 1221 балды құрады. Ағылшын тілінен халықаралық IELTS емтиханының орташа ұпайы 6,7 баллды көрсетті.

Жобалар жүзеге асуда

Зияткерлерді жаңадан қабылданған сәтінен бастап олимпиадалар мен конкурстарға дайындауға, оларға жоғары сыныптарда мамандық таңдауда қолдау көрсетуге бағытталған «7-сынып оқушыларын дамытудың жеке траекториясы» арнайы жобасы сәтті жүзеге асуда.

Білім ұясы екі жыл қатарынан Назарбаев зияткерлік мектептері арасындағы желілік олимпиадада гуманитарлық бағыт бойынша «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атағын иемденді. Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі  оқушылары – халықаралық, республикалық, облыстық білім байқауларының, желілік фестивальдердің жеңімпаздары, өздерінің ғылыми жұмыстары мен жобаларын түрлі халықаралық байқауларға ұсынып, сәтті қорғауда. «Тұтынушылардың аялдамаларда үздіксіз электр қуатын пайдалану жүйесі» жобасына патент (Азиз Талапов); сколиозбен күресуге негізделген «InErS» инновациялық жүйесіне патент (Жандарбек Нұрғалиев); ұлттық мазмұндағы «Зерек» үстел ойыны үшін патент (Айнамкөз Рафихова); Испанияда өткен «Зияткерлік марафон» 22-ші халықаралық олимпиадасында III орын (Ақбота Норжанова);  Халықаралық «Infomatrix Asia» конкурсынан алтын медаль (Данияр Жарқынұлы, Ержан Жамашев, Эламир Кадыргалеев); XIІ Президенттік олимпиадасында алтын медаль (Максим Ким).  В. Вернадский атындағы жасөспірімдердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының бүкілресейлік ашық конкурсы, бүкілресейлік «Ғылымға қадам», республикалық «Дарын» орталығы конкурстарының жүлдегерлері.

Мектептегі табысты салалардың бірі саналатын  робототехника үйірмесі 2013 жылы өз жұмысын бастады. Бүкіләлемдік робот олимпиадасына оралдық робототехниктердің қатысуы – команданың жетістігін нығайтты. 2014 жылдан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ WRO ұлттық үйлестірушісі  атануға мүмкіндік берді. Оған қоса робот техникасынан желілік олимпиада НЗМ жүйесінде алғаш рет осы мектепте ұйымдастырылды. Оқушылар Қазақстан құрамасымен бірге Ресей, Катар, Индия, Коста-Рика, Тайланд, Венгрия елдеріндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды алды. 2019 жылы Павлодарда өткен ұлттық чемпионатта жалпыкомандалық есепте жүлдені ең көп алған команда ретінде WRO ауыспалы кубогінің иегері атанды.

Шәкірттердің бойына жауапкершілік, құрмет, өмір бойы оқу, ынтымақтастық, ашықтық, мақсат қою, жайлылық секілді құндылықтарын терең сіңіру мақсатында мектепте  табысты тәрбие жобалары жүзеге асып келеді. Тәрбие берудің заманауи тетігі болып саналатын бұл жобаларға мектеп қауымдастығы түгелдей үлес қосады. Солардың бірі – «Қоғамға қызмет ету» жобасы. Жоба аясында шаңырақ оқушылары тоғыз әлеуметтік мекеме тәрбиеленушілерімен бірлесе жұмыс атқарады.  Осы бағытта жатақхана оқушылары облыстық көру қабілеті бұзылған және нашар көретін балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатындағы достары үшін 68 аудиошығарманы дыбыстандырып, тактильді кітаптарды табыстады.

2012 жылы мектеп оқушыларынан құрылған «Ғажайып» би ансамблі – халықаралық «Созвездие Вены» конкурсының екі дүркін лауреаты (Австрия), халықаралық «Қазақстан таланттары» конкурсының екі мәрте бас жүлде иегерлері (Алматы), би жанры бойынша бірнеше мәрте республикалық конкурстардың лауреаты атанды. Сондай-ақ 7-сыныптың оқушыларына жыл бойына домбыра сабағына қатысу міндеттелген.

Көзеші өнері үйірмесі қосымша білім беру бағытында жұмыс жасайды. Үйірменің мақсаты – ата-бабамыздан қалған қыштан бұйым жасау өнеріне жас ұрпақты баулу. Үйірме қатысушыларының жұмыстары облыстық, республикалық деңгейдегі көрмелерге қойылды.   Бұл үйірмеге әр апта сайын облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған  мекеме тәрбиеленушілері келіп қатысады.  Мектепте баскетбол, волейбол, футбол, қазақша күрес, грек-рим күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, асық, фитнес үйірмелері жұмыс істейді. 2020 жылдан бастап қазақ күресін насихаттау мақсатында «Алтын ұрпақ» жобасы басталды. Жаңа жобада 7-сыныптың барлық ер балалары қазақ күресінің тарихын зерделеп, аптасына екі рет төл спортымыздың негізгі әдіс-тәсілдерін меңгереді.  Жас спортшылар республикалық шахмат, киокушинкай-кан, үстел теннисі,  тоғызқұмалақ ойындарынан өткен чемпионаттардың жеңімпаздары. 2019 жылы мектептің баскетболдан ұлдар командасы желілік спартакиаданың күміс жүлде иегерлері.

ALX08421

Түлектердің табыстары

2014-2021 жылдар аралығында мектепті 653  түлек аяқтады. Олардың арасында 50 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері. Түлектердің 80 пайызы инженерлік-техникалық мамандық, 15 пайызы медицина, ал қалған 5 пайызы  гуманитарлық сала мен өнер бағытын таңдаған. Қазір алғашқылары өз мамандығы бойынша отандық және шетелдік компаниялар, өндіріс орындары, түрлі мекемелерде жұмыс істеуде. Кәсіби бағдар беру жұмысы бойынша кеңесшісінің зерттеуіне сәйкес 131 түлек шетелдік жоғары оқу орындарының студенті атанса, 149 зияткер Назарбаев Университетіне түскен. Ал 400-ге жуық зияткер отандық білім беру ордаларында білім алуда.

Назарбаев зияткерлік мектебі Татарстан Республикасындағы №2 лицей-интернаты, Н. И. Лобачевский атындағы мектеп-интернаты,  Нұр-Сұлтан қаласындағы №67 мектеп-гимназиясы, Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған бес мектеп («Бестік одақ» меморандумы), облыстық білім басқармасымен ынтымақтаса қызмет етеді. Облыс көлемінде түрлі дәрежедегі семинар, конференцияларды ұйымдастыруға әдістемелік қолдау көрсетеді. Сонымен қатар білім ошағы бірқатар мемлекеттік, мемлекеттік емес және әлеуметтік мекемелермен серіктестік туралы меморандум аясында жұмыс жасайды.

ALX08668

Жетістікке  жету жолдары қалай өрілді?

Еділ Дәулетияров Назарбаев зияткерлік мектебінің 2015 жылғы түлегі. Финляндиядағы «Outotec» компаниясының қызметкері. Ол Финляндиядағы Хяме қолданбалы ғылымдар университетінде «Автоматика және электроника» мамандығы бойынша  білім алған.  Жас мұғалім, студенттерге тәлімгер. 2014 жылы  Канадада «Математика, инженерия, технология және ғылым салаларында дағдысын дамыту» DEEP жазғы академиясына қатысқан. Орал қаласында өткен Х Дельфийлік ойындарында бас жүлде иеленген. Еділ өмір жолында жетістіктерге жетуіне  Назарбаев зияткерлік мектебінің үлесі зор болғанын айтады.

– Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен жылдар өміріме түбегейлі өзгерістер әкелді. Білім жарыстарында кіл мықтымен сынға түсу, көпшілік шаралардың бел ортасында жүру менің бойымдағы көшбасшылық, командада жұмыс істеу, жауапкершілік пен табандылық секілді қасиеттерді дамытты. Әлі есімде, мектептің дарынды оқушыларды қолдау бағдарламасының аясында мен жазда Канаданың Торонто қаласында ғылыми жобамды жетілдіру бағытындағы курсқа бардым. Осы сапарымда  білімде шекара жоқтығын түсіндім. Сол сапардан соң, өзіме әлемнің үздік оқу орнында білім аламын деп серт бердім.

2015 жылы Финляндиядағы Häme (Хяме) қолданбалы ғылымдар университетінің «Автоматикалық инженерия» (Automation Engineering) мамандығы бойынша білім грантын ұтып алдым. Менің тұжырымымда инженерия – әлемдегі барлық процестің фундаменті, ал автоматика –
21-ғасыр тренді. Industrial Revolution 4.0-ның  Big Data, Artificial Intelligence әлемінің қарқынды дамуына байланысты  елімізге біліммен қаруланған мықты мамандар қажет деп есептеймін.

Бакалавриат кезінде Финляндиядағы қазақстандық жастар ұйымын қалаушылар қатарында болу бақыты бұйырды. Сонымен қатар халықаралық студенттік AIESEC Tampere, UN Association of Tampere, Finland Model United Nations ұйымдарының басқарма мүшесі ретінде шетелдік жастардың рефлексивті қоғам қалыптастырудағы креативті идеялары және нақты шешімдерімен танысып, тәжірибе жинауға мүмкіндік алдым. Экспо-2017 көрмесінде Финляндия павилионының қызметшісі ретінде жұмыс істедім. Осылайша екі ел арасындағы серіктестіктің нығаюына әсер етуші вектор атану мүмкіндігі туды. Университеттің қолдауымен өзге Еуропа елдерінің мәдениетін, ғылымын игеру мақсатында Бельгияның KU Leuven университетінде оқу алмасу семестріне қатысып,  Италияның STI Engineering компаниясында тәжірибеден өттім. Өмірімдегі ең бір есте қаларлық сәт – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндияға ресми іссапары кезінде ҚР Хельсинкидегі Елшілігінің ұйымдастырушы құрамында Елбасының қолын алып, пікірлесуге мүмкіндік алғаным. Студенттік жылдар мен үшін осындай жаңа мүмкіндіктер  ашты. Белсенділік пен табандылықтың арқасында  оқуымды жарты жылға ерте тәмамдап, Финляндияның тау кен өнеркәсібі саласындағы 16 000 жұмысшысы бар «Outotec Oyj» компаниясының Automation департаментінде қызмет атқарып жүрмін, - дейді ол. Еділ  сонымен бірге білімін толықтыру мақсатында екі магистрлік диплом бағдарламасы аясындағы Финляндияның Tampere University, Норвегияның University of Agder оқу орындарында инновациялық администрация және мемлекеттік басқару бағдарламасында білім алып жүр.

– Жалпы Солтүстік Еуропа елдері – әлем бойынша саяси-экономикалық тұрақтылық, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты, қауіпсіздік, тазалық индикаторлары бойынша әлемнің лидерлері. Осындай көрсеткіштерге жету жолдары олардың тиімді басқаруына тікелей байланысты. Елімізді алдағы уақытта Солтүстік Еуропа мемлекеттері деңгейіне жеткізу мақсатында  осы дара жолды таңдадым. Қазір Норвегия мен Финляндиядағы семестрлерімді аяқтап, Швецияның KTH Royal Institute of Technology университетінде оқу алмасу семестрін өткізіп және магистрлік дипломдық жұмысымды қолға алудамын, - деп ой бөлісті еңбекқор Еділ.

Оның алға қойған мақсаты - жинаған білімі мен  шетел компаниясындағы жұмыс тәжірибесін  Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкері ретінде еліміздің  дамуына бағыттау, Cолтүстік Еуропаның экономикалық, әлеуметтік, саяси бағыттағы құндылықтарға байыпталған басқару моделіне сүйене отырып, мемлекетіміздің әл-ауқатын  әрбір контекстте жетілдіру.

Жетістікке жетудің құпиясын әркім әрқалай тұжырымдайды. Себебі жер бетіндегі әр адамның жүріп өткен жолы, өз тарихы болады. Кейіпкеріміз Еділ  тынымсыз еңбек, әрқашан үйренуге деген позитивті құлшыныс, ішкі мықты күш-жігер мен қайрат, өзіңе деген сенімділік, қоршаған ортаға деген құрмет, тәуекелден қорықпау, творчестволық, жеке интуитивтік, визуалдық қабілет – табыстың басты ингредиенттері деп есептейді. Ол осындай өмірлік қажетті құралдар мен skill-дар Назарбаев зияткерлік мектебінен бастау алғанын мақтан етеді.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Әлия Нұрлыбай,

 физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

– Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу – ең маңызды шешімдерімнің бірі деп есептеймін.

Осыдан төрт жыл бұрынғы қуанғаным әлі есімде. Жаңа пәндер, кең және әдемі мектеп ғимараты, қызықты үйірмелер, шетелдік мұғалімдер, әрқилы кітаптарға толы кітапхана – бәрі де жанымды баурап, оқуға деген ынтамды одан сайын күшейте түсті. Сол кезден бастап берілген мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, өзімді жан-жақты дамытамын деп алдыма мақсат қойдым

Біріншіден, академиялық жетістіктерге қолжеткізіп, білімімнің сапасын арттыруды қаладым. Бұл бағытта гуманитарлық пәндерге қызығушылық танытып, ағылшын пәнінен желілік дәрежедегі олимпиада жүлдегері атандым. Тарих пәнінен жасаған зерттеу жұмысыммен республикалық конкурста бірінші орынға ие болдым. Жеңіспен қатар жеңіліс те болды, бірақ бұл оқуға деген талабымды күшейтпесе, еш кеміткен емес.

Кембридждік оқу жүйесінің арқасында біз тек жай білім алып қана қоймай, алынған ақпаратты талдап, сыни тұрғыдан ойлауға үйрендік. Ғылым, жаратылыстану пәндерімен қатар гуманитарлық пәндерден білімімізді толықтырдық. Соның арқасында бүгін біз әртүрлі ғаламдық оқиғалар жайлы көзқарасымызды қалыптастырып, маңызды пікірталасқа қатыса аламыз. НЗМ мені тек академиялық бағытта дамытып қоймай, қоғамдық істерге де араласуға үйретті. Атап өткенде, волонтерлік шараларға қатысу арқылы өзімді қоғам мүшесі ретінде сезіне бастадым.  ЮНЕСКО аясында ұйымдастырылған бірқатар әлемдік проблемаларға қатысты конференцияларға қатысып, ғаламдық тұрғыда ойлап үйрендім. Онымен бірге  «Ғажайып» би ансамблінің мүшесімін.

Ата-анам қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Мен оқуымды жалғастыру үшін жатақханада тұрып, білім мен тәрбие алып жүрмін. Отбасымнан жырақта болсам да, оқуға ынтасы бар шәкіртке ондай қиындық бөгет болмайтынына көзім жетті.

 

 Нұргүл Елеусінова,

ата-ана:

– Назарбаев зияткерлік мектебі – заманауи білім беру саласының көшбасшысы, үздік мүмкіндіктер платформасы және нағыз ұлттық бренд. Бұл білім ошағында екі балам – Мейіржан Мұрат және Айымжан Мұрат оқиды.

Мектепке келер алдында тыңғылықты дайындалып, қатаң тәртіпті ұстандық. Қазір ата-ана бақылауы біртіндеп жаңа форматтағы мектептің ата-аналары мен балаларының нәтижелі диалогына айналды. Өзім  ХХІ ғасыр инновациялық мектебінің тәрбиеленуші балаларымен қарым-қатынастың жаңа деңгейіне өту үшін психологиялық кітаптарды көп оқыдым. Сондай-ақ маған семинарлар, тренингтер көмектесті, кураторлардың да кеңестері кәдеге асты.

Жұбайым  екеуміз НЗМ тәрбиеленушілерінің ата-аналарының мәртебесі көп нәрсені міндеттейтінін түсіндік. Сондықтан ХХІ ғасыр инновациялық мектебінің ата-аналарына қойылатын талаптарға сәйкес келуге үнемі тырысамыз.

Мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, ата-аналар жиналыстарында, семинарларда және басқа да іс-шараларда пікір қосып отырамыз.  Жұбайым Манарбек Мұратұлы сынып әкелерінен құралған футбол командасының тұрақты мүшесі. Ол әкелердің қатысуын талап ететін бірде-бір іс-шараны жібермейді.

Бұл мектепте білім алу - балаларымды өзгертті. Олар неғұрлым байсалды, еңбекқор, зейінді бола түсті, тіпті есейіп кеткендей. Балаларым өздерінің қазақстандық қоғамның болашақ зияткерлік элитасының өкілдері болатынын ұғынды. Оқу жүктемелерін меңгерумен қатар, қызығушылықтарын, өздерін дамытуды екінші кезекке қалдырмайды. Қызым Айымжан табиғат көріністерін суретке түсіруді жақсы көреді, неміс тілін үйренуге шындап кірісті. Ал үлкен ұлым Мейіржан суретші және «Ғажайып» би ансамблінің мүшесі, сонымен қатар робототехникамен де айналысты. НЗМ командасымен 2016 жылы Астана қаласында өткен робототехника жарысына қатысып, республика бойынша командалық есепте  2-ші орынды иеленді.  Ең бастысы, үлкен балалар кіші балаларым үшін жарқын үлгі болды. Енді  олардың да мақсаты - Назарбаев мектебіне түсу.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале