17.11.2021, 10:17
Оқылды: 189

«Арнасын тазартса, Жайықтың жаны кіреді»

«Жайық деген – жанды су» деп о заманда біздің ата-бабамыз айтып кеткен. Сол жанды судың бұл күнде жаны шығаршықпас күйде. Иә, Жайық өзені өзінің тұма бастауын сонау Орал тауының оңтүстік сілемдерінен алады. Алаштың айбоз ұлы Мағжан Жұмабаев: «Анамыз бізді өсірген, қайран Орал, Мойның бұр тұңғышыңа, бермен орал!» деп «Орал тауы» атты өлеңінде тебірене жырға қосқан Орал тауынан аққан өзен – Ресейдің Башқұртстан, Челябі, Орынбор және Қазақстанның Батыс Қазақстан, Атырау өңірлерін басып өтетін, осы жерлердің тіршілік көзі болған жанды су. Жалпы ұзындығы 2428 шақырым, өзеннің су жиналатын алабы 237 мың шаршы шақырым. Жа­йықтың Қазақ­стан аумағындағы ұзындығы 1084 шақырымды құрайды. Қазақ даласымен ағу барысында Жайық Батыс Қазақстан мен Атырау облысы және Каспий теңізі ойпатына тән табиғи үш аймақтан – дала, шөлейтті дала, шөлден өтеді. Бірақ соңғы жылдары осы өтуі қиындады, қазір Жайық ауыр тыныстап, ел сенім артқан биліктегі адамдардан көмек күтумен зорға ағып жатыр. Эколог ғалымтардың бірқатары өзеннің экологиялық жай ахуалы оның бастау көздері мен салаларының тазаланбауынан десе, бірқатары далалық өрттер мен өзен бойындағы ағаштар­дың рұқсатсыз кесілуі, жаңбыр мен қардың аздығы секілді мысалдарды келтіреді. Батыс Қазақстан өңіріндегі Жайық өзенінің алабына Шаған, Деркөл, Елек, Утва, Рубежка, Быковка, Ащы (Сольянка), Емболат секілді шағын өзендер кіреді.

12-3-жайык

Осыдан үш жыл бұрын, 2018 жылы Жайық өзенінің деңгейі төмендеп кеткенін айтып, экологтар дабыл қақты. 2019 жылдың күзінде өзеннің су деңгейі одан сайын тартылып, Орал қаласы сусыз қал­ды. Алдағы күнде мүлдем сусыз қалу қаупі бар. Өзеннің осындай жай-күйіне Қазақстан мен Ресей ғалымдары алаңдап, басқосулар ұйымдастырып, екі жақты мәселе қылып көтерсе де, әлі күнге ортақ келісімге келіп, нақты бір істі қолға алған жоқ. Осы орайда жақында Жайық өзенінің жағдайы жайлы бір маманмен сөйлесіп, сұхбат құрдық. Ол адам кезінде Астрахань балық өсіру жоғары техникалық оқу ор­нында оқыған. Ұзақ жыл «Оралкасп­рыбовод» бассейінінде балық инспекциясының ауданаралық басшысы болып  еңбек еткен. Жайық өзенінің инспекциясының 50 жылдық медалінің және басқа да құрмет-марапаттың иегері.  Бұл – Тасболат Машенов деген азамат. Сонымен біз сауал қойып, су саласын бір кісідей білетін  маманмен  сұхбат  құрдық.

– Тасболат аға, Жайық өзені тартылып барады деп дабыл қағамыз. Оны қалпына келтірудің жолдары айтылып, Ресей мен Қазақстан тарапы бірле­сіп құтқару керек деген ұсыныстар үсті-үстіне жамалып жатыр. Бірақ нақты іс қолға алынбай келеді. Өзеннің тайыздауы неден деп ойлайсыз?

– ҚР Су кодексінің 62-бабына және ҚР Экология кодексінің 13-бабына сәйкес Жайық өзені туралы айтуға, ұсыныстар жасауға, дұрыс емес шешімдерді өзгертуге ықпал етуге құқым бар. Бұны мақтан үшін емес, әлдеқандай сұрақ туып жатса, соған жауап болсын деп әдейі айтып отырмын. Сонымен Жайық канал емес, ол – өзен. Оны каналмен, Шағанмен шатастыруға болмайды. Себебі канал мен Шағанды қазғанда әрі кеткенде метр жарымда табанына жетеміз. Оның қазғанда шыққан топырағы үйіліп тұрады, ешқайда кетпейді. Өйткені ағыс жоқ және топырағы ауыр. Ал Жайық өзенінің түп табанына жеткенше 10 метрдей құм, 10 метрдей қара балшық бар. Оны қазып шығарып, өзеннің жайма жағына тастаймыз. Ол бір тәуліктің ішінде ағыспен жуылып кетеді, яғни ішіндегі пайдалы нәрселері өзенде қалады. Осыны естен шығармауымыз керек! Өзенде қара балшық пен құм қазіргі кезде көтеріліп кеткен. Ондағы қара балшық пен құм өз-өзінен пайда болып жатқан жоқ.Жайық – ағысы қатты өзен емес пе? Жоғарыдан су тасып, төменге қарай, яғни біздің жерге ағып келгенде, онымен бірге балшық та, құм да, жолындағы басқа қоқыстар да келеді. Жайықтың қазіргі кезде су ағысының құлайтын бір қалыпты жолы жоқ. (русло, террерассы) Сондықтан өзеннің бір жерде ағысы қатты болса, бір тұста жай, сол себепті әлгі күл-қоқыстар, құм мен балшық ағысы жәй тұстарға шөгіп қалады. Толассыз ағып жатқан өзен болған соң, ондай шөгінділер жыл бойына жинала береді, жинала береді. Көтеріледі. Әрі-беріден соң, ағы­сы жай жерлерді жауып болғаннан кейін, өзеннің өне-бойын жаба бастайды, солай болды, болып жатыр. Міне, сөйтіп, 30 жылдан бері біздің Жайықтың асты қара балшық пен құмға әбден толды. Астындағы су артериясын, Солтүстік мұзды теңіздерден жер астымен келетін су көздерін жапты. 1989 жылдан бері Електен бастап Атырауға дейінгі аралықта өзенге құлаған бөрене шіріктерін тазалау жұмысы жүргізілген жоқ, барлығы табиғи түрде жағалауда қалып, не суды бітеп, шөгіп қалып жатыр. Соның салдарынан Жа­йық тақтайдай болуы жақын, болады да. Ал арнасын тазаласа, Жайықтың жаны кірер еді...

– Ендеше Жайықты тазалау керек емес пе? Бірақ оны қайтіп тазалайды? Отыз жыл бұрын қалай болып еді?

– Бұрын 1948 жылдан бастап, 40 жылдан астам уақыт, яғни 1989 жылға дейін маусым айынан қарашаға дейін жыл сайын Жайық өзені тазаланды. Су асты көздері ашылып тұрды. Кезінде «Корчекран», «Земснаряд» деген күшті техникаларымыз болды. Солардың күшімен Електен Оралға, Оралдан Атырауға дейінгі аралықта өзен арнасы тазартылып отыратын. Аталған техникалар өзенде жүзіп жүріп, ластанған жерлерді дер кезінде тазалауға зор мүмкіндік беретін. Қазір ондай техникалар жоқ, қалса, бір-екеуі жеке меншікте болуы мүмкін, қалғаны кесіліп-кесіліп, «металлаломға» «бақилық» болды. Сондай күшті техникалар жоқ болды. Ойласаң, ішің күйеді. Бізде сондай-ақ «пароходство» болды. Пароходпен жанармай, мұнай өнімдері, құм сықылды құрылыс материалдары, астық-тамаққа дейін Оралдан Атырауға баржа арқылы 1989 жылға дейін тасымалданды. Ол да тоқтағалы қашан? Оған да 30 жылдан асып барады. Бұл баржалар да кесіліп-кесіліп, жоқ  болған  болар.

– Түсінікті. Жайықтың көп жерінде су деңгейінің төмендеп кеткені соншалық, жаз айында кей тұсынан арғы бетке жаяулатып кешіп өтуге болады. «Сырдың суы сирағымнан келеді» демекші, біздің Жайықтың суы тобықтан да келмей қалды. Өзеннің ортасында аралшықтардың пайда болғанын көріп жүрміз. Судың жайын білетін өзіңіз секілді  мамандар 2019 жылы Жайықтың ластануы ең соңғы – бесінші деңгейіне жетті деп дабыл қақты. Ең соңғы деңгейден соң, бәрі бітті деген сөз емес пе? Тасболат аға, енді не істеуіміз керек? Жайық өзенін қайтсек құтқарамыз?

– Бесінші деңгей дегеніміз – Жайықтың астындағы құм мен балшық 5 метрден жоғары көтеріліп, су астындағы су көздері бітеліп қалды деген сөз, яғни келген су жайылып кетіп жатыр. Кейбір жерде келіп жатқан судың жоғарғы қабатымен бесінші деңгейдегі құмға дейінгі тереңдік 20 см-ден 1,5 метрге дейін болғандықтан, тобыққа дейін келіп тұр. Сондықтан өзіңіз айтқандай, кей тұстан арғы бетке жаяу кешіп өтуге болады. Ал егер қыста, 25 °C аязда Жайық 1,2 метрге қатса, онда су өтетін жері қиындайды. Осыдан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Жайықты тазалау өте маңызды екенін ұға бергеніңіз абзал. Осыған дейін Жайықтың суы мен бекіре балық қоры 1989 жылы 95 пайызды құрады. Мұны біз ұрпаққа аманаттадық деп айтуға толық құқымыз бар. Ал енді «Қазіргі билік болашақ ұрпаққа не қалдырады?» деген сұрақ туындайды. Бұрын Орал мен Елек және Орал мен Атырау арасын алып жатқан Жайық өзенін «Корчекран», «Земснаряд» деп аталатын техникалардың күшімен тазалау жұмысы 1948 жылдан бастап қырық жылдан астам уақыт, 1989 жылға дейін жүйелі түрде жүргізіліп келгенін айттым. Жайықтың  жарқабақты жағы мен жайылма жағы бар. Өзен­нің негізгі өзегі, терең тұсы жарқабаққа жақын, оның ені 100 метр болса, жазық жағалау жағы да 100 метрдей, сонда жалпы Жайықтың ені 200 метрді құрайды. Жарқабақ беті негізгі өзегі, тереңдігі дедім, қатты ағыс та, балықтардың жүретін жолы да сонда. Сол су асты жолда шұңқырлар кездеседі. Оны «балықтар қыстайтын орын», «балықтардың жылы ұясы» десе де болады. Ондай шұңқырлардың ұзындығы 5-6 шақырымды алса, тереңдігі, кем дегенде, 15-20 метрге дейін барады. Ұзына бой емес, арасында өзен өз жолымен созылады. Әлгіндей балық шұңқырларының арасы 8-12 шақырым, осындай арақашықтықпен Орал мен Електің, Атырау мен Оралдың арасы жалғасып жатты. Өкінішке қарай, қара балшық пен құм, жардан құлаған ағаштар аталған аралықтағы «балық қыстақтарын» бітеп тастады. Оның үстіне, бекіре аулаушылар жылдар бойына өзенге әр түрлі темір-терсекті лақтырып келді. Жайықтың астында не жоқ дейсің, онда қарапайым қармақтан бастап, көліктің доңғалағы мен моторы, шойын батареяларға шейін табандап жатыр, яғни өзеннің өзегінде темір бар. Қазіргі кезде  30 метрден астам тереңдікте 30 жыл бойы жиналған 10 метрдей құм, 10 метрдей қара балшық, құлаған ағаштар және темірлер жатыр. Кемінде ол темір 3-5 метрдей қалыңдықта жиналуы мүмкін. Бұл шамамен 50 жыл бойы жиналды. Қазіргі бізде, Қазақстанда, Жайықтың жай-күйін, яғни басынан бақайшағына, түп табанына шейін құрамында қанша құм, қанша балшық, қанша темір жатқанын білетін ғылыми техникалық, биологиялық зерттеу институты жоқ. Ондай институт кеңес кезінде Астраханьда болған, сондай институтты қайтып неге құрмасқа? Арнайы Жайық өзені үшін. Мысалға, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың жанынан катермен, бұрғылау құрылғысымен, компьютермен қамтамасыз етіп, өзеннің жай-жапсарын  зерттеуге болады. Қазіргі кезде Жайықты тазалау жұмысы басталған жоқ.

– Сонда тазалау жұмысына жол ашылады дегіңіз келеді ғой. Барлық мәселе жоғары жақтан келетін судың мөлшерінде емес пе? Өзеннің жолында қаншама бөгеттер мен 20-ға тарта су қоймасы бар, әрі сондай нысандар әлі салынып жатыр. Бұл Жайықтың жағда­йын одан сайын қиындатпай ма? Жайыққа қанша пайыз су келіп жатыр деп ойлайсыз, қан­ша текше су?... Осыны түсіне алмай жатамыз.

– Жоғарғы Орал су қоймасынан және Илекренский су қоймасынан Жайыққа 90 пайыз су құйылады. Оның 10 пайызы жолшыбай кездесетін су қоймаларында қалады. Сосын оң жағынан көктем кезінде Деркөл, Шаған, Рубежка, Быковка, Емболат, Сақмар өзендерінен, ондай өзендер 80-нен астам, және де сол жақ тарапынан Орь Орскі арқылы, Мұғалжар тауы арқылы және Елек, Утва, Ащы секілді отыздан астам өзеннен 15 пайыз су Жайығымызға келіп  құяды. Сондықтан 95 пайыз су алып отырмыз. Оның 2 пайызы жауын-шашыннан, 3 пайызы қар суынан. Сіз сұрап отырған пайыз осындай болады. Ал ( куб ) текше дегеніміз, жоғары бастауынан, яғни Ресей жеріндегі Верхный Уральск және Илекренский қоймасынан қазір 1 секундта 1 метрге 15 текше метр су ағып келіп жатыр. Бұрынғы кезде секундына 9 текше метр су келетін. Осыдан шығатын қорытынды, Ресей жақ су бермей отыр, қар мен жаңбыр жоқ деп, ауызды құр шөппен сүртіп, қол қусырып, Құдайдан көріп отырғандай уәждермен халықты сендіріп, оған жоғарғы билік те сеніп, 30 жыл бойы шөп басын сындырмай отыру арымызға сын. 46 жыл бойы тазарған Жайықтың экожүйесі бұзылмай келгенде енді тазаласақ бұзыла ма? Осы өзекті мәселенің мәнісін түсінбеу бізді қынжылтады. Қазір бұрынғыға қарағанда келетін су мөлшері көп, бірақ біздің Жайықта су жоққа жақын, өйткені суды ұстай алмай отырмыз. Неге? Сұхбат басындағы сұраққа қайтып оралдық. Оның себебі мен салдарына жауап бердім. Қара балшық пен құм өзенімізге шөгіп, жылдар бойына осы қайталанып, сөйтіп, Жайықтың асты көтеріліп кеткен. Соны тазалау жұ­мысын қолға алсақ жеткілікті. Сонда бізде балықтың қыстық шұңқырлары пайда болып, ол су қоймасы ретінде қызмет атқарады, яғни жоғарыдан ағып келген суды ұстап қаламыз. Қазір өзеннің астыңғы беті көтеріліп, кей тұстарында аралдар пайда болып, тіпті ол жерлерде ағаштар өсе бастауы Жайықтың ауыр жағдайын көрсетеді. Бұлай бола берсе, су ағатын жер қалмай, жасыл жамылғылы жер әл бермей кетеді. Қазір өзенімізді құм, қара балшық, жардан құлаған ағаштар басып жатыр. Сондықтан дұрыс тазалау үшін әлгі мен айтқан қуатты техниканың күшімен су астынан алынған құм мен қара балшықты жайыл­ма жаққа лақтырады, яғни жарқабақ жақын тұсы қазылып, ондағы шөгіндіні өзеннің ішіне, жайылма жағына қарай тастайды. Өзеннің сыртына ешқашан тастамайды. Өйткені ол қазып алынған қара балшықтың ішінде қызыл балықтан бастап басқа да балықтардың жейтін негізгі қоректері бар, соларды сақтап қалу керек. Өзеннің жайылма жағына түскен қара балшықта ұлулар, шаян тәрізді жәндіктер, ұсақ балықтар секілді бекіренің негізгі азықтары болады. Жайық – ағынды су, ол ешқандай канал емес деп тағы да қайталап айтам, оның ағысы жағаға жақын түскен әлгі үйінді балшықтарды шайып әкетеді. Оның ішіндегі балықтардың қорегі қайтадан өзенге түседі. Міне, тазалаудың осы әдіс-тәсілі (технологиясы) – аса пайдалы және бұл бізге дейін қырық жылдан астам пайдаланып, іс-тәжірибеден өткен, өзін-өзі дәлелдеген экотехнологиялық тәсіл. Ғарыштан, спутник арқылы түсірілген суреттерге назарымызды салсақ, оңай байқауға болады. Електен әрі қарайғы, яғни Ресей жағынан келетін өзен көкпеңбек болып жатса, бергі беті, бізге тиесілі жағы қап-қара. Бұл дегеніміз – Ресей жағындағы өзен тазалау, көгілдір көрінсе, керісінше біздің жақта отыз жылдан бері оған техникалық «Корчекранның» күрек тісі тимегенін көреміз. Күл-қоқыстан өзеніміз қап-қара болып жатыр. Жоғарыдан бәрі айқын көрініп тұр.

Жайықтың «Мені тазала» деп сұрарға тілі, жаярға қолы жоқ.  Ал бөгет жөніне тоқталсам, әрине, жо­ғарыда айтылған оң және сол жақтан Жайыққа құятын өзен-көлдердің бойында бөгеттер баршылық. Соларды ескеруіміз керек.

– Уақыт болса өтіп жатыр. Сондай тазарту жұмысын неге қолға алмасқа? Мен интернет арқылы көрші елдің Жайық секілді өзендерді тазалап жатқан жұмысын көргенмін. Сонда сіз айтқан техникаларды кеңінен пайдаланады екен. Егер өзіміздегі өзенді сіз айтқан ежелгі, әбден тәжірибеден өткен әдіспен тазаласақ, онда аз уақытта Жайық жанданып сала бермей ме?

– Әрине, сөз жоқ, тазалау жұмысын жүргізудің тиімділігі жоғарыда айтылды. Уақыт өткізбей, осыған билік бас-көз болып, тез арада қолға алсақ, нәтижесі де жақсы болады. Бізде қазір барлығы сөз жүзінде қалып қоюда. Бұрын балық қыстайтын шұңқырлар болды. Сол шұңқырларды су қоймасы ретінде пайдаландық. Ондай шұңқырлар біздің Жайықта 300-ден астам болған. Сонда «водозабор», яғни су қабылдау орындары тұрақты жұмыс істеп тұрды. Екі моторы, сорғысы, тұрбасы бар мұндай су қабылдау орындарының пайдасы зор болды. Мәселен, Көшімде екі мотор сорғысымен  ондағы су қоймаларын, канал­дарды, көл табандарды сумен толық қамтамасыз ететін. Мына жағы Бағырлайға дейін, екінші жағы Жаңақазанға шейін жетіп тұрды. Үшінші жағы – Киров –Шежін каналымен Үлкен өзен мен Кіші өзенге су құю кестесі болды. Сонымен Қара өзен мен Сары өзенді толтыру мақсаты көзделді. Үлкен өзен мен Кіші өзеннің арасына Киров-Шежін каналының келетін жерінен бастап су қоймасын қойса, су төмен қарай, яғни Сары өзен мен Қара өзенге ағуы жақсарар еді. Бұл әдісті қазіргі уақытта іске асыру мүмкін емес. Себебі Жайықтың тереңдігі сай келмегендіктен, мотор жұмыс жа­сай алмайды. Ал бұрын оған мүмкіндік туғызып отырды. Егер осы айтылғанды жүзеге асырсақ, онда жыл сайын 3 млрд. ақшаны Ресейге аудармас  едік.

Бұрын Жайықты тазалау жұмысы жазда басталып, күзге шейін атқарылатын. Қыста балықтардың қыстап шығуына жағдай туатын. Жыл сайын шіріген ағаштар өзенге құлап жатыр, соны тазалау жұмысы жүретін. Қазір сондай жұмыстар жүріп жатыр деп айта аламыз ба? Біздің тарап Ресейден пәленбай текше су сұрайды. Егер қазіргісінен де көп мөлшерде су келетін болса да, оны біздің жақ ұстап тұра алмайды. Көп мөлшерде келген су елді мекендерді басып кетуі мүмкін. Біз тұрақты келіп тұрған судың өзіне ие бола алмай отырмыз. Бар мәселе осында. Ал біз Орал тауының басындағылар судың көзін бітеп алып отырғандай көреміз. Олай емес, су ағып жатыр. Тек оны қабылдап алатын біздің жақ, яғни өзен қойнауларымыз дайын емес. Балық қыстайтын шұңқыларды тазалап, соның негізінде су қоймаларын дайындап алсақ, қажет суымыз тұрақтайды, Жайық өзенінің су деңгейі қалыпты жағдайда болады. Қуаңшылық секілді табиғи апаттан құтыламыз. Ол үшін біз айтқан техникаларды тауып, солардың күшімен іске кірісуіміз керек. Ресей жағы өздеріңдегі өзен астын тазалап алсаңдаршы дегенді қашан айтады деп күтіп отыра береміз бе, мәселенің соған келіп тіреліп тұрғанын біз айтып отырған жоқпыз ба? Мәселен, судың Ресейден тоқтаусыз келіп тұрғанын ескере отырып, Орал қаласының тұсынан «Жайықжылуқуаттың» «водозаборын» қоюға, Жайықтың бұрынғы балық шұңқырларын қалпына келтіріп, жар жағынан ені 100 метрдей,  тереңдігі 15 метрдей, ұзындығы 5 шақырымдай «каршакранмен» дайындап алсақ және Көшім каналының тұсынан бұрынғы мотор тұрған орыннан жоғарыда айтылғандай балық шұңқырын әзірлесек, онда біз әр балық шұңқырында шамамен 10 млрд куб су ұстап тұра аламыз. Ол бізге келесі көктемге дейін қала мен Көшім магистралды қоймаларымен бірге Бағырлай, Жаңақазан, Киров-Шежін каналы арқылы, Үлкен өзен, Кіші өзен, Қара өзен мен Сары өзенді, яғни ауыл шаруашылығын сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал үш жыл бойы Ресейге 3-10 млрд теңгеден астам қаражат су алуға төленді,  бірақ  нақты  нәтиже  кәні?

– Тасболат аға, Шалқар көлінің жағдайы да мәз емес. Ол жайында не айтасыз? Шалқарды қалпына келтіреміз деп Жайықтан су тарту жұмысы қолға алынғанын білеміз. Бірақ бұл жұмыс бұрын атқарылса да, қазір қолға алынса да онша жақсы нәтиже бермей тұрға­ны жасырын емес қой. Сіз бұған не дейсіз?

– Шалқарға Төңкеріс, Утва және Ащы, яғни Електен басталатын өзен келіп құяды. Құйып келді. Бұл күнде солардың жолы қиындаған. Бүгіндері Шалқар көліне өзі де әлсіреп, су деңгейі төмендеп кеткен Жайықтан су тарту жұмысы қайтадан қолға алынды. Иә, бұрын ондай болған. Шалқарға Жайықтан су айдаған. Бірақ ол жұмыс оң нәтиже бермеді. Сондықтан оны 35 жылдан кейін қайталау – қателік деп есептеймін.

Шалқарға құятын өз су көздері бар, соларды қалпына келтірудің орнына біз одан  27 метр төменде жатқан Жайықтан су тартқымыз келеді. Мотордың күшімен төменнен жоғарыға су айдау – шығынды жұмыс. Моторға күш түседі. Одан қандай нәтиже күтуге болады? Өзіңіз ойлаңыз, төменнен жоғарыға су айдау деген ақылға да қайшы нәрсе емес пе? Одан да Шалқар көліне 290 метр жоғарыдан құйып келген су жолдарын қалпына келтірген абзал. Ең тиімдісі сол. Себебі 2019 жылдың 28 қарашасында Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ-да ғылыми-техникалық, биологиялық негіздемесі қаралып, мен оған қатысқан едім. Оның есебі жасалып, облыстық табиғатты қорғау мекемесіне тапсырылды. Егер сол есепті пайдалансақ, Шалқар көлін қалпына келтіру мәселесі өз қолымызда тұр ғой. Қазір көлге экологиялық апат төніп тұр. Су азайып, тұзы көбейіп барады. Бұл адам денсаулығына қауіпті. Шалқар көлін, оның жағалауын демалыс орыны, туризм аймағы қыламыз деп қаражатты босқа шашпай, ең алды­мен оны құтқару жұмысын жақсылап жолға қойып алған абзал. Егер бұрыннан қалыптасқан су жолдарын қалпына келтірсек, онда Шалқар көлін сақтап қаламыз. Мысалға, Төңкеріске бір мотор қойып, сол арқылы бұрынғы Шолақ Аңқаты су жолымен су айдалады. Сондықтан Шолақ Аңқаты мен Есен Аңқатының Шалқардағы тоғысқан тұсына су қоймасын қойып, оны жердің бетінен 4-5 метр жоғары көтерсек, судың деңгейін 32-33 метрге жеткіземіз. Бұл 2 млн. кубқа негізделген. Бір қақпа Шалқарға су жіберуді реттеп тұру үшін орнатылады, яғни келген су мөлшерден артық болған жағдайда, Сарыөмір ауылын су басудан қорғайды. Екін­ші қақпа Шалқардың солтүстік бетінен айналма канал салсақ, сол арқылы ағатын судың деңгейінің қалыпты болуын Бозай каналына дейін реттеп отырады. Сонда аққан су Азнабай – Тайпақ каналына қосылып, су төмен қарай, яғни Тайпаққа дейін еркін ағады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, экологиялық апат аймағына айналмас үшін осы айтылған іс-шараларды мемлекет болып қолға алуымыз керек. Ақ Жайығымызға келіп тұрған суды пайдаланып, балық шұңқырларын негіздемеге алып, әр шұңқырда 10 млрд текше метр су сақтау мүмкіндігін ескере отырып, Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, су жинағын қалыптастыруымыз қажет.

– Егжей-тегжейлі әңгімеңізге көп рақмет, аға!

Сұхбаттасқан: Мұнайдар Балмолда,

ҚР Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале