10.04.2021, 13:09
Оқылды: 537

Артық салмақ жолды бүлдіреді

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте облыстағы жолдарды жөндеу, сапалы жол салу мәселесі талқыланды.

B7B2534C-85DF-43EA-847D-10C8650291D8

Ғали Нәжімеденұлы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жергілікті көлік инспекциясына тапсырылған автоматтандырылған өлшеу құралдарын орнату мәселесінің қалай шешіліп жатқанын сұрады. Мысалы, облыс орталығына Самара мен Саратов жақтан кіретін жүк көліктері ешбір адамның араласуынсыз автоматтандырылған өлшеу құралдарынан өтуі керек. Яғни көлікердің қаншалықты артық жүк тиегендері анықталғаны жөн. Өйткені артық салмақ жолды бүлдіреді. Мәселен, Сырым Датов, Шолохов көшелері ауыр салмақты көліктердің жүруіне есептелмеген. Өңір басшысы бұл жолдарды жөндеуден бұрын көліктердің салмағын анықтауды тәртіпке келтіру қажет екенін айтты. Мәселеге қатысты жауап берген облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Абылай Қазбаевтың сөзінше, қазір көлік құралдарының салмағы мен өлшемін бақылаған кезде көлік жүргізуші мен инспектордың арасында байланыс орнайды. Сондықтан жол сапасы мен көлік құралын бақылау үшін жолда салмақтық-өлшемдік параметрлерді қамтитын автоматтандырылған өлшеу құралдары орнатылғаны жөн. Абылай Сәлімгерейұлы облыс орталығына кірер жолда мұндай электронды өлшеуіш қою мәселесі ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің қарауында екенін айтты. Облыс әкімі құзырлы мекеме басшысына жолдағы автоматтандырылған өлшеу құралдарының тиімді жүйесін және қандай бюджеттен қаржыландыратынын анықтауға бір апта уақыт берді. Айта кету керек, арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы – метрологиялық салыстырып тексеруден өткен, фото, бейнетүсірілім жасайтын, автокөлік құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және көлемдік параметрлерін, қозғалыс жылдамдығын тіркейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеуші техникалық жабдық.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов баяндады. Спикердің сөзінше аудан әкімдерімен бірлесіп 2025 жылға дейін аутокөлік жолын дамыту бойынша жоспар жасалған. Онда аудандардағы елді мекендердің жолдарын жақсартуға басымдық берілген. Елді мекендерге кірме жолдарды да қамту көзделген. 2025 жылға дейін аудандық маңызы бар 1847 шықырым жолды жөндеу жоспарда тұр. Тұрғындары айтарлықтай көп ауылдарды аудан орталықтарымен байланыстыратын жолдарға баса мән берілмек. «Сіздің басқарманың ең бірінші міндеті – тұрғыны көп 169 елді мекеннің жолын жөндеу үшін техникалар мен мердігерді табу. Әрине олардан басқа да ауылдардың жолы қаражаттың бөлінуіне қарай жөнделеді. Алдымен ауылдарды аудан ортылығымен қосатын жолды жөндеуден бастау керек. Жолдардың сапасына баса назар аударған жөн», – деп тапсырма берді өңір басшысы.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ директоры Амир Кәрімбаев облыстағы республикалық жолдардың жай-жапсарымен таныстырды. Биыл бұл жолдардың 248 шақырымы күрделі, 21 шақырымы орташа жөнделеді. Сонымен бірге 118 шақырымға асфальт-бетон жамылғысын төсеу, үш көпір және 26 су өткізу құбырын орнату жоспарлануда. Атап айтқанда Казталов – Жәнібек бағытындағы аутожолдың 68 шақырымын және Өнеге-Бисен – Сайқын жолының 50 шақырымын асфальт-бетон жамылғысымен ашу көзделіп отыр. Сонымен бірге жалпы ұзындығы 21 шақырым Хан ордасы ауылына кіреберіс жолын орташа жөндеу басталады. Амир Қайратұлы өңір басшысының «Жамантау қиыршық тас кен орнында жұмыс басталды. Жол жөндеуге сол жердің қазба байлығы қолданыла ма?» деген сауалына жауап берді. Оның сөзінше, қазір ауа райның қолайсыздығы кенді алуға бөгет болып тұр. Алайда келімшарт жасалып, ол жерден 20 мың тоннадан астам құм және қиршықтас алынған. Бүгінде аталмыш карьерде 25 мың тоннадан астам материал дайын тұр екен. Сонымен бірге 60 мың тонна кен алуға келісімшарт жасалған. Ауа райы жақсарып, топырақ кепкен соң, қажет материал тасымалданбақ. Яғни Жәнібек, Сайқын жолдарын салуға негізінен сол жердегі құм және қиыршықтас пайдаланылады.

Спикер сөзінде жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын жақсарту мәселесіне де тоқталды. «Бүгінде облыста А және В категориялы қызмет көрсету нысандары өте аз. Бұндай нысандарда жанар-жағармай құю бекеттері, мотельдер, санитарлық-гигиеналық тораптар, душ кабиналары, сауда және қоғамдық тамақтану пункттері, көліктерді жөндеу, жуу, ақылы тұрақтар және медициналық қызмет көрсету пункттері болуы тиіс. Осы санаттағы нысандарды Ақтөбе және Атырау облыстарымен шекаралас республикалық маңызы бар жолдардың бойында және Ресей Федерациясына шығатын бекеттерге жақын аймақтарда орналастыру көлік инфрақұрылымының дамуына оң әсерін тигізеді», – деді Амир Қайратұлы. Казталов – Жәнібек және Өнеге – Бисен – Сайқын аутожолдарының бойында сервис нысандарын дамыту да «ҚазАвтоЖол» үшін басты мақсаттардың бірі болып отыр. Бұл жұмыстарға инвесторлар тарту көзделген. Облыс әкімі өңірдегі жолдар бойында А және В санатты кемпингтер ғана болу қажет екенін айтты. Ол «ҚазАвтоЖол» басшылығының инвесторларға қандай көмек бере алатынын айтып, нақты жұмыстар жүргізулері қажет екенін пысықтады. Кеңес барысында шаһар әкімі Абат Шыныбеков облыс орталығының инфрақұрылымдық даму бағытындағы жұмыстарды баяндады.

Айна Имашева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале