2.10.2020, 15:22
Оқылды: 135

«Ару Ақ Жайықтың ұлағатты ұстаздары» жобасы өтуде

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде күздің ең сәулелі мейрамы – Мұғалімдер күні қарсаңында «Ару Ақ Жайықтың ұлағатты ұстаздары»  жаңа жобасы бастау алды.

 28decd0f-51cc-4d38-a63d-51cf2d80948e

Мерекелік жобаның басты кейіпкерлері – білім беру саласының майталмандары, облыс аудандары мен қала мектептері, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, біліктілікті арттыру институты мен балабақшалардың белді ұстаздары.

Зерттеу жобасында оралдық зияткерлер кейіпкерлердің өнегелі өміріне қанығып, ұстаздық ұстанымдарын зерделеп, нағыз мұғалімінің бейнесін ашуда. NIS-тің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жоба нәтижесі ретінде оқушылардың кейіпкермен болған сұхбаты, мақала, бейнеролик, зерттеу жұмыстары жариялануда.

Жоба кейіпкерлерінің бірі – «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі, «Жыл директоры – 92» облыстық байқауының жеңімпазы, ардагер ұстаз Ситекенова Үміт Ғұмарқызы.

–Заман көші қандай бағыт алса да, мектептің басты мақсаты ол – Адам жасаушы, жан-жақты тұлғаның фундаментін қалау. Жас буынға өмір сүру  – шатаспай сурет салу екендігін ұғындыру. Әр адам жаратылыстың ғажайып туындысы, әр адам құпия сыр-сандық. Оның кілтін тауып үйлестіріп ашу қажыр қайрат, шығармашылық пен адам жанынының бағбаны болу, өз уақытын аямау, басқаның уақытын аялауға тіреледі, - дейді ұлағатты ұстаз.

120629031_2522574704701004_1327867606261880401_n

Жобаның жарқын кейіпкерлерінің бірі, ардагер ұстаз Бақтығұл Тасмағамбетовпен облыс орталығындағы зияткерлерді Тасқала ауданында тұратын сыныптастары онлайн-платформа арқылы байланыстырды.

Елу жыл өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған Бақтығұл Жұмажанұлы қазір ел өміріне белсене араласып жүр. Ардагер ұстаз аудан орталығында ашылған тұңғыш қазақ мектебінде, кейін үздіктер оқитын «Сәулет» мектеп-гимназиясында басшылық қызметте болды. «Сәулеттің» аты алғашқы жылдары-ақ топ жарып, озық танылды. Білім сапасымен облыс аумағында маңдайалдылардың қатарында аты аталды.⠀

– Менің еңбегімнің жемісі – елге қызмет етіп жүрген ұл-қыздар. Олардың өз ісіне адал, кәсіби білікті маман атанғаны маған мың марапаттан артық, - дейді Бақтығұл Жұмажанұлы.⠀

Жас зияткерлермен сырласқан Ким Федянин, Светлана Бисембаева, Лидия Сгибнева, Жаңабек Жақсығалиев, Гүлзихан Таскарина, Баян Қабиева, Жеміс Еркеғалиева, Агерке Байженова, Еркін Нұрымбетов, Дина Кожбаева, Алмагүл Тукенова, Саид Алиев, Роза Жұмағалиева, Жасталап Бекишев, Сапия Қарағойшиева, Айболсын Абилова, Айболат Құрымбаевтар мамандық таңдау, еңбектің қасиеті, мұғалім бейнесі, өмір белестері туралы әңгімелеп берді.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале