26.04.2022, 9:15
Оқылды: 170

Асқар Ақышев: «Алғашқы қазақ мектебінің ашылуына үлес қосқаныма қуанамын»

Өңірімізге белгілі ардагер ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «ҚР оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, Жәнібек, Бөрлі аудандарының құрметті азаматы Асқар Ақышев мерейлі 80 жасқа толды. Мерейтой қарсаңында 40 жылға жуық ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, облыста алғашқы қазақ мектебінің ашылуына ұйытқы болған, ұзақ жыл бірнеше мектепті басқарып, әрі білім ошағында өшпес із қалдырған корифей ұстазбен аз-кем әңгімелескен едік.     

IMG_8714

– Асқар аға, балалық шағыңыздағы ұмытылмас сәттермен бөліссеңіз? Мұғалім мамандығына деген талпынысыңыз, қызығушылығыңыз қалай басталып еді?

– Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді ғой. 1942 жылы 26 сәуірде Жәнібек ауданының Қамысты ауылында дүниеге келіппін. Әкем Әшу Ақышев 1942 жылы 22 сәуірде соғысқа алынып, 1943 жылы Сталинградты қорғауда қаза тапты. Соғыстан кейінгі жылдарда оңай болған жоқ. Анам Жұмабике сол кезде колхозға атағы шыққан жайлауда қойдың сүтінен ірімшік (брынза) жасайтын еді. Анамның айтуынша, үш жасымда қолыма шыбық ұстап, ол кісі жасаған ірімшікті торғай жеп кетпесін деп бағып тұрып, өзімше қолғабыс жасаппын. Кейіннен масақ тердік, тышқан аулап терісін тапсырдық. 6-кластан техникаға үйір болып, прицепщик, 10-класта тракторшының куәлігін алдым. І тоқсанда бригадирдің сұрауымен сабаққа кешігіп барып, егістікке шығып, ақша тауып жүрдім. Бала кезімізден еңбекке ерте араластық. Қалай дегенмен де, қиын секілді көрінген сол күндердің қызықты сәттері де көп болды. Өзімнің ағам Қозет Ақышев математика пәнінің мұғалімі еді. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық І мұғалімдер сиезінің делегаты, Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі. Ағамның педагогика саласындағы жетістіктері, ауылдағы  абырой-беделінің биік болуы  маған үлгі болды. Қазір ағамның барельефы Жәнібек ауданындағы Е.Ниетқалиев атындағы жалпы орта мектеп ғимаратының маңдайында орналасқан. Мен оны әлі күнге үлгі тұтамын.

–  Алғашқы еңбек жолыңыз туралы аз-кем әңгімелеп берсеңіз? Ол кездегі мұғалімнің беделі қандай еді?

– 1964 жылы Орал мемлекеттік педагогика институтының физика-математика факультетінің математика-сызу бөлімін бітіріп, жолдамамен Бөрлі ауданының Тихоновка сегізжылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып, еңбек жолымды  бастадым. Үш жылдан кейін мектеп директорлығына ауыстым. Ол кезде мұғалімнің беделі жоғары болды. Ауыл тұрғындарының 90 пайызы украиндықтар болғанымен, мені құрметпен қарсы алды. Сақалы беліне  түскен қарияларға дейін орындарынан тұрып, «Здравствуйте, учитель» деп сәлемдесетін еді. Сабақ беруден өзге жас мұғалімдермен бірге ауылдағы тәрбие, мәдени, спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастыратын едік.

– Сіз еңбек еткен жылдар қазақ мектебінің мүлдем жоқ, қарадомалақтардың өзге тілде білім алған кезі ғой. Өз тілін білмейтін ұрпақпен жұмыс істеу қиын болған шығар. Қазақ мектептерін ашу, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жүргізген жұмыстардың бір-екеуін атап өтсеңіз?

– Иә, ол жылдары Бөрлі ауданында қазақ мектептері жоқ болды. Оқушылар  мүмкіндігінше тілдерін қазақ тілі сабақтарында дамытты. Қазақ мектебіне ауысу менің ылғи ойымда  жүрді. 1977 жылы көлемі жағынан үлкен, қазақ, орыс тілдерінде дәріс беретін Бөрлі ауданындағы Успеновка орта мектебіне директорлыққа тағайындалдым. Қазақ, орыс сыныптары оқушыларының білім сапаларының деңгейі, бір-бірінен қалыспай жоғары болуы үнемі назарымда болды. Мектеп жанынан оқу-өндірістік бригада құрылып, совхоз плантациясының көп бөлігінде көкөніс өсіріп,  көлемі, сапасы мен өнімділігі жағынан жақсы жетістіктерге жетті. Мысалы, мектебіміз, қант қызылшасын өсіруде аудандық, облыстық рекордтар көрсетіп, сыйақысына екі трактор, бір «Газ-52» аутомашинасын сыйға алды. Мектеп мұғалімдері, оқушылары, ата-аналар және орденді совхоз ұжымы бір жұдырықтай жұмылып еңбекқорлықтың, татулықтың, сыйластықтың, қайырымдылықтың үлгісін көрсетті. Дегенмен ауданда бір қазақ мектебінің аздық ететіні сезіліп тұрды. Қазақ мектептерін ашу мәселесі 1986 жылы желтоқсан оқиғасынан  кейін жиі көтеріліп жүрді. 1989 жылы Орал қаласында ұлттық сана-сезімі оянған ата-аналар облыс, қала басшылығынан қазақ мектептерін ашуды дүркін-дүркін талап ете бастады. Ол кезде мен Орал қаласындағы 2000 оқушысы бар №20 мектептің директоры едім. Қалада бірінші сыныпты  оқытатын бірде-бір қазақ мектебінің болмауы халықтың ашу-ызасын туғызды. Сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы Құрманғали Қадірәліұлы  қаладағы мектеп директорларын жинап, барлығымызға әр мектептен ең болмаса, бір қазақ сыныбын ашу үшін жұмыс істеуді тапсырды. Бірақ жағдай өзгермеді, әркімнің өз айтары бар. Мен басқарған №20 мектепте оқушылар үш ауысымда оқыды. Ата-аналар орыс мектебіне оқытқысы келмеді балаларын. Құрманғали Қадірәліұлы нәтиженің жоқтығына налып, «сенімімді ақтамадың» деп ренжіді. Ол кезде  бірінші класқа 15 баланы тауып, тек оқитын ғимарат таба алмай жүр едім. Себебі ата-аналардың көбі  сауатты, институт мұғалімдері, ғылым кандидаттары еді. Олар  қазақ класын мектептен тыс басқа ғимаратта оқыту, тәжірибелі мұғалімді конкурспен қабылдау, балалардың білім сапасын төмендетпеу туралы талап қойды. Содан Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ректорымен сөйлесіп, агрономия факультетінің екі аудиториясын мектеп сыныптарына ұсыну туралы сындарлы келісімге қол жеткіздік.  1990-1991 жылдары №20 орыс  мектебінің жанынан бірінші және екінші сыныптардың базасында Орал қаласында алғашқы  қазақ мектебі ашылып, Клара Кенжеғалиева, Дариға Ақболатова сынды мұғалімдер сабақ берді. Бұл сыныптардың құрылуы Х.Доспанова атындағы  №30 жаңа қазақ мектебінің қалыптасуына тікелей себеп болды. 1992 жылы 1, 2, 3-сынып оқушыларының базасында №30 қазақ мектебі Мерует Ғабдукенқызының басшылығымен өз жұмысын жалғастырды. Сол кезде бүкіл қала бойынша құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғанына қарамастан, менің өтінішім және депутаттық тапсырысым бойынша 320 орындық №20 мектепке қосымша құрылыс салынды. Содан кейін өте әдемі сәулеттік қасбеті бар №30 мектеп ғимараты бой көтерді. Қаламыздағы алғаш қазақ мектебінің салынуына ұйытқы болғаныма, Тәуелсіз Қазақстанымның дамуына азаматтық үлесімді қоса білгеніме қуанамын.

IMG_6588

– Асқар аға, қай кезде қай уақытта да «қиын балалар» болады? Тентектерді тезге салатын қандай әдіс бар еді ол кезде? Тәжірибеңізбен бөліссеңіз...

– «Қиын балалар» қай кезде де болды, болады да. Ондай балалармен тіл табысып жұмыс істеу - әр мұғалімнің міндеті. Өзің айтқандай, «тентектермен» жұмыстануда біздің бас құралымыз, әдістері-міз ретінде Ы.Алтынсарин, А.Макаренко, В.Сухомлинский және т. б. педагогика, психология саласындағы атақты ғалымдардың еңбегін пайдаландық.  №20 мектепті қабылдап алғанда 25 бала милицияда есепте тұрды. Бір жылдың ішінде оларды есептен шығарып алу оңайлыққа түскен жоқ. Кейіннен сол  25 оқушы белсенділердің қатарына қосылды. Мектептегі педагог-оқушы-ата-аналардың арасындағы моральды-психологиялық ахуал жақсарып,  №20 мектеп қаладағы елеулі мектептердің қатарына қосылды. Қалалық және облыстық олимпиадаларда оқушылар жүлделі орындарға ие бола бастады. Факультативтерді өткізу үшін ауыл шаруашылығы институтының ғалымдары жұмысқа тартылып, шағын кәсіпорындардың бухгалтерлерін даярлай бастады. Қараусыз қалған мектеп жылыжайын қалпына келтіріп, жыл бойы гүлдер, түрлі көшеттер және қала тұрғындарына төмен бағамен сатылатын өсімдіктердің басқа да түрлері өсірілді. Мектептің ағаш ұстасы және тігін шеберханаларында қала тұрғындарына керекті бұйымдар жасалып, олар кідіріссіз сатылып тұрды. Тентектерді тезге салудың бір әдісі – олардың уақытын тиімді ұйымдастыруға көңіл бөлу. Балалар қолөнерді үйреніп, жаңа нарықтық экономика кезінде жетістікке жету жолдарын түсінді. Сондай-ақ кірпіш зауыты, АТП Водстрой, ПМК-33, НефтеГаз, Бургаз және т. б. көптеген ірі өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, мектеп арасындағы меморандумға сәйкес жүйелі жұмыс істедік.  Оқушылардың да бос уақыты азайып, әркім өз қызығушылығы бойынша жұмыстанды. Нәтижесінде №20 мектеп негізгі критерийлер бойынша қаланың табысты мектебіне айналды.

– Басшылық қызметте болғанда қандай ұстанымда болдыңыз? Қазіргі білім саласындағы өзгерістерге көңіліңіз тола ма?

– «Өзіңді құрметте, өзгелерді құрметте және өз жасаған әр ісіңе жауап бере біл» деген менің ұстанымым. Адал, жауапкершілігі мол, жеке адамның ар-намысы мен қадір қасиетін құрметтейтін маманның беделі жоғары болары сөзсіз. Қазіргі білім саласында реформа көп. Шетелдік әдістемені қолдануда олқылықтар жіберу жиі кездеседі. Бір жақсысы, мұғалім мәртебесі елімізде заңмен қорғалады. Мектеп басшысы да, мұғалім де педагогикалық әдепті сақтағаны жөн.

– Мектепте ең бірінші кезекте тәрбиеге көңіл бөлу керек пе? Әлде білімге ме? Соңғы кездері мұғалімдердің атына сын жиі айтылады. Әлеуметтік желілерде айтысып-тартысып, жазба қалдырып отыратын мұғалімдерді де  жиі байқаймыз. Бұған не айтасыз?

– Мектепте білім мен тәрбиеге бірдей көңіл бөлу керек. Қоғамды дамыту үшін білгір мамандар керек. Әлеуметтік желідегі айтыс-тартыс мәселесімен біркелкі таныспын. Себебі соңғы екі жыл бойы облыстық білім беру сапасын бақылау департаменті жанындағы консультативтік кеңестің мүшесі ретінде  әлеуметтік желідегі дау-дамайдың екі жаққа да абырой әкелмейтініне көзіміз жетті. Мұғалім мен басшы, мұғалім-ата-ана-оқушы арасындағы айтыс-тартыстар жалпы білім беру үрдісіне кері әсер етеді. Кешірімділіктің жоқтығы, кейде ешбір айыбы жоқ адамдардың зардап шегіп қалуы кей жағдайда кибербуллингке де айналып кетуі ықтимал. Мұның басты себебі – педагогикалық әдепті сақтамағандықтан деп ойлаймын.

– Ұстаздың бақыты – табысты  шәкірттері ғой. Сізді ұмытпай хабарласып тұратын шәкірттеріңіз көп шығар?

– Мектепте қызмет жасаған 40 жылда жүздеген шәкіртті өмір сапарына шығарып салдық қой. Олардың  көпшілігі ғалым, инженер және ірі кәсіпкер, тағы басқа кәсіби маман иелері  болып, еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. Олардың біразы  маған ризашылықтарын айтып, үнемі хабарласып тұрады. Мәселен, сондай шә-кірттерімнің бірі – жоғары  білікті ғалым-инженер Ольга Евенко. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш кемелерін құрастыру және ұшыру жөніндегі бюроның басшысы болып жұмыс істейді. Ол ғарыш айлағында құрастырылып  ұшыратын келесі  ғарыш кемесін маған арнайтынын айтып, бейнебаян жібергенде төбем көкке екі елі жетпей, қуанып қалдым. Осындай шәкірттерім көп.

– Қиын да қызыққа толы еңбек жолындағы ұмытылмас сәттермен бөліссеңіз?

– Жалпы, оқушы, мұғалім, ата-аналармен бірге мәдени-спорттық шараларды ерекше сыйластықта өткізуге көңіл бөлдім. Ұмытылмас позитивті оқиғамен бөлісейін. Тихоновка мектебінде математика мұғалімі, спорт мастері Соха Александрамен экстремалдық парашют үйірмесін ұйымдастырдық. Жыл аяғында соңғы қоңырау күні үйірмеге қатысқан түлектер таңғы алтыда ауыл  шетінде самолеттен парашютпен секіріп, бүкіл тұрғындарды таңғалдырып, батылдығын дәлелдегені әлі елдің жадында. Басқосқан сәттерде сол кездерді сағынышпен еске аламыз. Жұмыс барысында әр педагогтің, директордың біліктілігін, басқару әдісін кенеттен сынайтын жағдайлар жиі кездесіп тұрады. 1989 жылы 14 желтоқсанда кешкі сағат жетілерде мектебіме ескертусіз Облыстық атқару комитетінің жаңа басшысы келіп, мектептің қоңырсалқындығы мен катоктың құйылмағанын алға тартып, орынбасарларымның көзінше намысыма тиетін сөздер айтып, жұмыстан босататынын ескертті. Содан екі күн бойы он шақты комиссия келіп тексерді. Олардың бірі «өз еркіңізбен босатыңыз» десе, енді бірі жібергісі келмейді. Сөйтіп жүргенде қысқы каникул өткесін әлгі басшы тағы да кенеттен  он шақты кісіні  ертіп келіп,  9-10-кластың оқушыларын жинап, директорды ауыстыру жөнінде әңгіме айтты. Сол кезде тентек оқушыларым айқай-шу шығарып, мені ауыстыруға келіспейтіндерін жеткізді. Одан түк шықпағасын мұғалімдерді жинап алды. Мен  де намыстанып, жиынға қатыспай кабинетімде отырып, ақырын күттім. Бір кезде әлгі басшы кабинетіме келіп, «Сіздің абырой-беделіңіз жоғары екен. Мен күтпеген жағдайға кездестім. Сізге және ұжымыңызға қолдау көрсетемін» деп мені құттықтады. Өзінің қорынан машина беріп, сөзінде тұрып, мектепке көп қолдау көрсетті. Кейіннен жақсы дос болып кеттік.

– Газет-журнал, кітап оқисыз ба? Соңғы оқыған кітабыңыз?

– Иә, оқимын. «Егемен Қазақтан», «Казправда», «Орал өңірі», «Приуралье», «Ел және мұғалім» газеттерін алдырамын. Соңғы оқығаным – Мырзакелді Кемелдің «Ақыл қалта» кітабы.

–  Өмірден не түйдіңіз? Ең басты құндылық деп нені атар едіңіз?

– Жіберілген  қателіктерді мойныммен көтеріп түзетуге, әділ болуға, әділетсіздікке жол бермеуге тырыстым. Жағымпаз бола алмадым. Кейде реті келгенде басшыларға тікелей ойымды айтатын мінезіммен кей басшыға жақпай қалып, талай марапаттан сызылдым. Бірақ еш өкінбеймін. Қызметтес болған басшылардың ішінде менің идеяларымды жүзеге асыруға қолдау көрсеткендері де көп болды. Соңғы басқарған есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты республикада теңдесі жоқ мектеп деп аталып,  халықаралық эксперт дүние жүзіндегі дамыған елдердегі өздеріне ұқсас отыз мектептің тізіміне кіргізді. Әрине, бұл – ұжымдағы  ұйымшылдықтың нәтижесі. Сондықтан да өмірге ризамын.

– Асқар аға, әсерлі әңгімеңізге рақмет! Мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Сұқбаттасқан

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале