5.03.2024, 17:45
Оқылды: 31

«Әскери қызмет менің жеке өміріме еш зиянын тигізген жоқ»

Бүгінде жандары нәзік болса да, ел тыныштығын мүлк етпей қорғауға кірісіп жүрген арулар саны артып келеді. Солардың бірі - Ұлттық ұлан сапында он төрт жылдай қызмет етіп жүрген Шынар Отарбаева.

 7a55f73c-93b5-4980-91fe-40acf9e43c52

- Шынар ең алдымен өзіңіздің балалық шағыңызды еске алып, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

- Мен 1987 жылы 25 сәуір күні Орал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Отбасым аса үлкен деп айта алмаймын, менің алдымда екі ағам бар. Үйдің кенже қызымын. Әкем Қайырболды  жиһаз жасайтын цехта жұмыс жасаған. Қарапайым жұмысшыдан сол өндіріс орнының директоры лауазымына дейін өсіп, зейнетке шыққан адам. Ал анам Ералия Орал қаласындағы мектептердің бірінде ұстаздық етіп, қызмет атқарған. Ең қызығы балалық шағымда менің тәрбиеме көбірек өз үлесін әкем қосқан десем де артық етпес. Себебі, анам мектепте мұғалім болғандықтан жұмысынан келген соң, үй шаруасына араласып кететін. Сондықтан да менің тәрбиемді әкем өз қолына алған. Күн сайын жұмысынан шаршап шалдығып келсе де, маған көңіл бөліп, мені еркелетіп, менімен жас балаша ойнайтын. Сонымен қатар қыста әр демалыс күні әкем екеуміз қала сыртына шығып, жерге бөтелкелер қойып, қолыма аңшылыққа шығатын қару беріп сол бөтелкелерге атып дәл тигізуді үйрететін. Әр атқан кезімде мылтықтың берген серпінінен мен жерге құлап түсетінмін. Сол сәтте әкем маған, қанша құласаң да аяққа қайта тұрып дұрыс шықпағанша дайындал дейтін себебі қазіргі алған білімің саған болашақта керек болады деп ақылын айтатын.

1c6c2503-38d9-4259-9343-3addf54dc739

Қысты күні әкем шаңғы тебуді, коньки тебуді үйрететін. Ал жаз мезгілінде біз қала сыртындағы ауылға барып балық аулап, ауылдағы атам мен әжеме көмектесіп келетінбіз. Қаланың қызы болғандықтан ауылдың тыныс-тіршілігі туралы аса көп ақпарат біле бермейтінмін. Әкем өмірде болашақта бәрі керек болады деп, мені апта сайын қала сыртында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге апарып үй жануарларымен таныстыратын. Осылайша әкем мені ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып болашақта керек болып қалады ау деп білгенінің бәрін үйретті. Үйдің кенжесі және жалғыз қызы болсам да әкем мені ер мінезді етіп тәрбиелеген.

- Қазақ халқындағы «Қыз бала әкесіне жақын болады» деген сөз шыныменде рас екен. Балалық шағыңыздың қызықты өтуіне әкеңіздің қосқан үлесі көп болғаны көңіл қуантады. Мектеп қабырғасында қандай болдыңыз?

- Мектеп туралы айтар болсақ. Мектепте оқыған шағымда әкемнің маған үйреткен әр сабағы пайдалы болды десем артық айтқаным емес. Қаладағы №41 гимназияда білім алдым. Гимназияның бір ерекшелігі бізде қарапайым сыныптар да болатын. Алайда мен гимназия сыныбында білім алдым. Мектеп қабырғасына аяқ басқан сәттен бастап өнер әлеміне тартыла бастадым. Сыныптастарымның арасында үлгілі оқушы және үздік оқушы болатынмын. Мектеп қабырғасында өткізілетін көптеген іс-шарада жүргізуші болып, ән айтатынмын. Жан жақты оқушы болдым. Мектепте оқығандағы өнерге келер болсам, ән айту мен қатар домбыра да шерттім. Өзімнің өнерге деген құлшынысымның арқасында қалалық, облыстық, республикалық тіпті халықаралық деңгейдегі конкурстарға барып жүлделі орындар алғанмын. Алайда бір қызығы мен армандауды аса қатты ұнатпайтынмын. Себебі, мектепте оқып жүрген шағымда өзімді үлкен сахна жұлдызы ретінде көре алмайтынмын. Өнерді қатты жақсы көрсем де өзімді сахна әншісі ретінде мүлдем елестетпеппін. Алайда 9-сыныпты бітірген соң, Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне түсіп білім алдым.

- Сонда сіздің еңбек жолыңыз қай жерден басталды? Әскери салаға қалай келдіңіз?

-        Өнер колледжінде оқыға кезімді өмірімнің ең бір қызықты кезі деп білемін. Өнер колледжінде бойымдағы бар өнерімді көрсетіп, Орал қаласындағы жастар мәдениет үйінде жарты күнге жұмысқа кіріп кеттім. Сол сәтте менің өмірімнің шарықтау шағына жеткендей болатынмын. Себебі өзімнің бойымдағы өнерді толық ашып, көптеген конкурста жеңімпаз болып, өнер саласында еңбек жолымды жаңадан ашып аяғыма нық тұрған кезім еді. Колледждегі оқуымды бітірген соң өнер жолынан алыстамай, жастар мәдениет үйінде вокалды интсрументалды топтың әншісі болып  жұмысымды жалғастыра бердім.  Жоғарғы оқу орнын оқуда өзімнің алға қойған мақсаттарым да болды. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түспек болғанымда, үйдің кенже қызы болғандықтан әкем үлкен қалаға жібермегенді. Жұмысымды жалғастыра бердім. Алайда жұмыс жасап жүріп, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-да сырттай оқып мақсат етіп қойған жоғарғы білімімді алдым. Колледжді бітіріп жұмысқа орналасқан кезімде өзімнің өмірлік жарымды кезіктірген болатынмын. Жолдасым әскери адам болғандықтан бір мезетте жастар мәдениет үйіндегі жұмысымнан шығып әскери салаға бет бұрып әскери оркестр құрамына қосылдым. Әскери сала осылайша кездейсоқ бұйырған бақ деп те айта аламын. Бастапқы кезде қарапайым қызметкер болып жұмыс істеп, уақыт өте келе әскери қызметкер атандым. Міне биыл әскери салаға келгеніме он төрт жыл болады. Осы аралық ішінде көптеген қызметте жұмыс істеп, қазір Оралдағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде клуб басшысы қызметін атқарамын.

- Өнер атты әлемнен, әскери салаға келуіңіздің өзі бір батылдық десек артық айтқанымыз емес. Әскери салға ауысу сіз үшін қиынға соққан жоқ па?

- Барлық жұмыстың қиыншылығы болады. Әрине өнер саласынан әскери салаға ауысқанда біршама қиындыққа тап болдым. Бастапқы кездерде, қарапайым сапта ұзақ уақыт тұрудың өзі мен үшін алынбайтын асудай көрінді. Себебі әйел адам болған соң бір орында қимылсыз тұру қиынға соқты. Алайда бұл қиыншылықты оңай жеңе алдым. Сонымен қатар қару асынып полигонға шыққанда қаруды асып апарудың өзі ауыр жұмыс болатын. Қарумен оқ атып болған соң, қаруды тазалау мен үшін қиындық тудырды. Иә, әрине бастапқы кезде туындаған бұл қиындық қазір мен үшін ұсақ түйек. Жалпы әскери сала деген темірдей тәртіпті талап ететін саланың бірі. Әскери салаға келген сәтімнен бастап өзімдітұлғалық тұрғыдан тәрбиелей бастадым. Әскери өмірдің ережелеріне үйренісе бастадым. Менің ойымша әр адамның өмірінде өмір мектебі болады. Ешқашан бір орында тұрып қалмай әрдайым алға жылжу керек. Яғни бір саладан екінші салаға ауысу қаншалықты қиын боласа да адам сол бағытты меңгере білуі керек. Адам баласы дүниеге адам болып келген соң, өз өмірін босқа өткізбей, әр уақытта өз-өзін тәрбиелеп, тұлғалық дамуды тоқтатпауы керек.

- Әскери салада қызмет етіп жүрген кезіңізде сізде уақыт жетіспеушілігі сынды қиындық туған жоқ па?

- Қарап отырсам әскери салаға келгеніме  он төрт жылға жуық уақыт болса да мен уақыт тапшылығы сынды мәселелермен кездеспедім. Әрдайым өзімнің жұмысымнан соң ұл-қызыма көңіл бөліп, уақытымды арнай аламын. Отбасыммен бірге демалып, дәмді тағамдар пісіремін. Шындығына келгенде уақыт жоқ деген сөз қай кезде болсын сылтау болады. Сондықтан да жұмыстан шаршап келсем де өз отбасыма көңіл бөлгенді қатты ұнатамын. Әкемнің маған берген тәрбиесінің арқасында мен де балаларыма әкемнің тәрбиесіндей тәрбие беруге тырысамын. Ол үшін әр демалыс күні балаларымды қыс мезгілінде шаңғы тебуге немесе шанамен сырғанауға апарсам, жаз мезгілінде міндетті түрде өзен, көлдерге шомылуға апарамын. Сонымен қатар бос уақытымда кітап оқығанды ұнатамын. Жалпы алғанда бос уақыт жоқ деген сөз еріншек адамның  сөзі деп ойлаймын. Сондықтан да, әскери саладағы қызмет менің жеке өміріме еш зиянын тигізген жоқ, - деп сөзін тәмамдады.

Манарбек Бақдәулет,

лейтенант

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале