13.02.2023, 23:00
Оқылды: 92

Әскерилер арасында  қоян-қолтық ұрыстан бөлім біріншілігі өтті

 

15 ақпан күні Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толады. Он жылға ұласқан соғыс өртінің шарпуы оттай лаулап, Ауған жерінің тау-тасы мен құмы талай сардарлар мен жас сарбаздардың бетін мәңгілікке жасырып, тарих бетіне ХХ ғасырдың ең ұзақ қантөгісі ретінде енді.  Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығуына 34 жыл толуына орай, Динамо спорт қоғамының қолдауымен әскерилер арасында  қоян-қолтық  ұрыстан бөлім біріншілігі өтті. Өткізілген жарысқа 7 салмақ дәрежесі бойынша 50-ге тарта спортшы қатысты.      

IMG_20230213_190051

Спорттық жарыстың ашылу салтанатында 5517 әскери бөлімінің командирі, подполковник Сағындық  Алқайдаров сөз сөйлеп, әскери қызметшілердің арасында спортшылардың шеберлігін шыңдау өте маңызды екенін айтты. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, спортпен тұрақты айналысып, салауатты өмір салтын орнықтырудың маңызын атап көрсетті.

-Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толу күніне орай осы жарысты өткізіп отырмыз. Бұл жарысқа әскери бөлімнің барлық бөліністерінен 7 салмақ дәрежесі бойынша 50-ге жуық спортшы қатысып отыр. Мұндай спорттық жарысты өткізудегі мақсатымыз – әскери қызметшілердің арасында бұқаралық спортты дамыту, - деді   5517 әскери бөлімінің спорт және дене даярлығының бастығы аға лейтенант Заманбек Орынбасар.

IMG_20230213_190016

Жарыстың қортындысына келсек, қоян-қолтық ұрыстан жалпы командалық есепте 2 - атқыштар ротасының жауынгерлері үздік деп танылса, екінші орын  1 – атқыштар ротасының сарбаздарына, ал үшінші орын 1 – жедел мақсаттағы ротасының спортшыларына бұйырды.

Салмақ дәрежелері бойынша жеңіс тұғырынан көрінгендер 57 келіге дейін салмақта ефрейтор Мейрамбек Амангелдиев (2-атқыштар ротасы), 62 келіге дейін қатардағы Ерлік Амантай (материалдық техникалық қамтамасыз ету ротасы), 67 келіге дейін аға лейтенант Данияр Куспангалиев (1 жедел мақсаттағы ротасы), 73 келіге дейін сержант Батыржан Байборин (2 атқыштар ротасы),  80 келіге дейін қатардағы Қарат Тулегенов  (2 атқыштар ротасы), 88 келіге дейін аға сержант Асылбек Турегалиев (1 жедел мақсаттағы ротасы), 97 келіге дейін қатардағы Бағдат Тынышбаев (материалдық техникалық қамтамасыз ету ротасы).

Жарыстың жабылу рәсімі барысында бөлім командирі әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығында қоян-қолтық ұрыстың маңыздылығы зор екендігін атап өтіп, турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, жарысқа қатысушыларға алғысын білдірді.

IMG_20230213_185815

Жалпы  қоян-қолтық ұрысы Ұлттық ұлан әскерінде, әскери қолданбалы спорт түрі ретінде кеңінен тараған спорттың бірі. Бұл спорт түрі бойынша Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде, өңірлік қолбасшылықтарда жыл сайын түрлі жарыстар өткізіліп келеді.

Айта кетейік, осы турнирдің жеңімпаздары наурыз айында Жаңаөзен қаласында өтетін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының біріншілігінде 5517 әскери бөлімінің намысын қорғайтын болады.

 

Ертуған Әубакір,

капитан

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале