2.02.2023, 10:31
Оқылды: 79

Аспан ақиығын еске алды

ҚР Қорғаныс министрлігі Орал әскери-техникалық мектебінде Кеңес  Одағының және Ресей Федерациясының батыры Николай (Қайыркелді) Майдановты еске алу іс-шарасы өткізілді.

IMG_9918

Батырдың мүсіні орнатылған ескерткіш алдында өткен жиынға «Батыс Қазақстан облысы бойынша Ауғанстан соғысының мүгедек-ардагерлерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қақтығысқа қатысқан ардагерлер, Орал әскери-техникалық мектебінің курсанттары қатысты. Жиынды «БҚО бойынша Ауған соғысының мүгедек-ардагерлерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Анатолий Боровский ашып, Қайыркелді Сайынұлының өмірі мен өшпес ерлігі хақында естеліктер айтты.

– Сонау жылдары КСРО-ның Ауғанстанға басып кіруі, Кавказдағы «шешен соғысы» атанған қанды қырғындардың қай-қайсысы да тарих бетінде қаралы атпен жазылып қалды. Қос соғыста сан боздақ қыршынынан қиылды. Солардың бірі – Қайыркелді Майданов. Ол 1956 жылғы 7 ақпанда бұрынғы Жымпиты ауданындағы Тасқұдық ауылында дүниеге келді. Әскер қатарындағы азаматтық борышын өтеген соң 1976 жылы Ресейдің Саратов қаласындағы ұшқыштар училищесіне түсті. Сексенінші жылдардың ортасы мен соңында Ауғанстанның Панджшер, Ташкудук, Мазари-Шариф, Газни, Джелалабад аудандарындағы десант операцияларына қатысты. 1988 жылғы 29 шілдеде осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ауғанстанға іссапармен барған уақытта Майданов 1250 әскери ұшу жасады. 1992 жылы Майданов Мәскеу облысының Монино кентіндегі Юрий Гагарин атындағы әскери-әуе академиясындағы оқуын аяқтайды. Одан әрі құрлық әскерлері авиациясында қызмет етті. Санкт-Петербург қаласы жанындағы Агалатова кентінде орналасқан Ленинград әскери округінің тікұшақ полкін басқарды. 1999-2000 жылдары 325-ші жеке тікұшақ полкінің командирі ретінде Шешенстандағы антитеррорлық операцияға қатысты. 2000 жылғы 29 қаңтарда Ми-8 тікұшақтары Аргун шатқалы аумағында барлау жүргізіп, десант түсіреді. Тікұшақтардың бірін Майданов басқарады. Операция кезінде дұшпандар барлаушыларға қарсы оқ жаудырды. Осы операция кезінде Қайыркелді Майдановқа оқ тиіп, жараланады, алайда ол бұған қарамастан көлігін басқарып, әуежайға дейін жетеді. Бірақ тікұшақты көмекшісі қондырады. Қ. Майданов өзінің қызметтік әрі азаматтық парызын өмірінің соңына дейін орындап, тікұшағының кабинасында қаза тапты. РФ жазушылар одағының мүшесі Виктор Николаевтың 2009 жылы баспадан шыққан «Живый в помощи» кітабында Қайыркелді Сайынұлы жөнінде біраз деректер жазылған, –деді Анатолий Владимирович өз  сөзінде.

IMG_9942

Ұрыс даласында екі бірдей жоғары атақты иеленген бірегей тұлғаға арналған іс-шара барысында, сондай-ақ Орал әскери-техникалық мектебінің директоры, полковник Марат Тоқпаев, «Батыс Қазақстан облысы бойынша Ауғанстан соғысының мүгедекардагерлерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Беркінғали Ғабделов Ауғанстандағы соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған 96 адамның қатарында қазақ ұлтынан жалғыз Қайыркелді Майданов екенін, оның есімін мәңгілік есте қалдыру үшін туған жерінде жыл сайын түрлі шаралар өткізілетінін, Орал қаласындағы бір көшеге оның аты берілгенін, батырдың ерлігі жас жеткіншектерге әрқашанда үлгі  болатынын баян етті.

Жиын соңында іс-шара жоспарына сәйкес Орал әскери-техникалық мектебінде Ауғанстандағы соғысқа ерікті түрде қатысқан ардагер, «Құрмет» орденінің иегері Анатолий Боровский аталған мектепте оқып жатқан шәкірттердің алдында Қайыркелді Майдановтың өшпес ерлігі, нағыз ерге лайық батырлығы мен қайсарлығы тұрғысында тәлім-тәрбие берерлік дәріс оқыды.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале