15.11.2022, 10:46
Оқылды: 76

Асылдың тұяғы

Ұлттық мәдениетіміздің алтын өзегі – күй өнері. Қазақтың ұлттық қасиет-болмысын, тарихын арқау еткен асыл мұра – дүлдүл күйшілеріміз арқылы атадан балаға жеткен баға жетпес рухани қазына. Күй иірімін, қаймағын бұзбай орындап, насихаттап жүрген замандасымыз – дәулескер күйші Ермек Қазиев.

IMG-20221115-WA0031

Ермек белгілі күйші, әкесі Еселден тәлім-тәрбие алып, Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Мәмен, Дина, Сейтек сынды ұлылардың дәстүрін жалғастыра жүріп, өзінің де орындаушылық стилін қалыптастыра білді. Жастайынан «домбырашы бала» атанған Қазиев – бүгінде Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының жеке орындаушысы, кейінгі жастарды күйшілік өнердің қыр-сырына баулып жүрген тәлімгер ұстаз.

Ермек Қазиевтің өмір жолы өнерімен тығыз байланысты. Өзінің санаулы ғұмырын күйшілікке арнап, талай конкурстар мен фестивальдерге қатысып жеңімпаз атануы оның, шын мәнінде, халқымыздың ұлы күйшілерінің лайықты ізбасары әрі шашасына шаң жұқтырмайтын майталмандардың бірі екенінің дәлелі болса керек-ті.

Ерекеңнің тағы бір қыры – халықтың күйші-композиторларының өмірін зерттеуі, олардың белгісіз болып келген немесе сирек орындалатын күйлерін іздеп тауып, зерделеп, нотаға түсіріп, хаттап, өзінің орындауында халыққа жеткізуі игі іс екені даусыз. Атап айтсақ, Орыншаның «Байжұма», Науаидың «Көбік шашқан», Сейтектің «Белшешпе», «Ортпа», Құрманғазының «Бұлбұл», «Сарыкөл Самар», «Салық өлген», «Охота», «Итог» және тағы басқа күйлердің алтын қорға енуіне сіңірген еңбегі зор. Елімізге танымал тұлғалардың Ермектің еңбегі, күйшілік өнері туралы айтқан пікірлерін оқырман қауымға ұсынамын.

Рахманқұл Бердібаев, ҚҰҒА академигі, профессор, филология ғылымдарының докторы, фольклоршы: 

– Төкпе  күйдің топ жарған шеберлерінің ішінен оралдық Ермек Қазиев оқшау озық көрінеді. Ермектің орындау шеберлігі Қазақстандағы әйгілі домбырашылардың қай-қайсымен де салыстырып бағалауға келеді. Оның күй құрамы мен тартыстарында жазып алынбаған мұра көп деген тұжырым ойыма орала береді.

Әбіш Кекілбаев, халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты, Қазақстанның Еңбек  Ері:  – Мен  оралдық домбырашы інім Ермек Қазиевтің өнерін ерекше бағалаймын. Оның орындауындағы күйлер ерекше, бөлек көрінеді.

Қаршыға  Ахмедияров, Қазақстанның  халық артисі,  ҚР  Мемлекеттік сыйлығының  лауреаты: – Асылы, Ермектің орындауындағы кейбір күйлерді өзге домбырашылардың тартпай, тек тыңдағаны жөн. Әсіресе, «Бұлбұлды». Себебі бұл күйлерді Ермектей ешкім тарта алмайды.

«Батыс Қазақстан» энциклопедиясында, Жайсаң Ақбаевтың «Нарын – Казахия», Ғазиз Қаймулдиннің «Алаштың ардагер азаматтары», Кәрима Сахарбаеваның «Атырау ән-күй мұхиты» атты кітаптарында Ермек Қазиев туралы біраз дерек жарияланған. Ал Қадірбай Ерғалиевтің «Күй ғұмыр» еңбегі Ермектің өмір жолы мен шығармашылығына арналған.

Ерекең елге танымал көптеген шәкірт тәрбиеледі. Олар – Қазақстанның халық артисі Тұяқберді Шәмелов, республикалық конкурстардың лауреаттары Асылхан Қазиев, Ермек Молдабеков, Ақылбек Бектасов, Аңсар Бердіғалиев, Раушан Шаканаева, Нұржан Отарбаев.

Қорыта келе, Қазақстандағы атақты виртуоз, бүкілодақтық және республикалық конкурстардың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің, «Махамбет» сыйлығының иегері, «Құрманғазы» атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, халық күйшісі Ермек Қазиев өзінің тамаша өнерімен әлі де халықты тамсандыра беретініне сеніміміз мол екенін  айтпақпыз.

Айтқали Жайымов,

Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік  академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор,

Астана қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале