1.06.2021, 15:57
Оқылды: 280

«Атамекен» комьюнити орталығы есігін айқара ашты

Балаларды қорғау күнінде Орал қаласында су жаңа кейіпке енген «Атамекен» комьюнити орталығы есігін айқара ашты.  

2

Тарихы 1974 жылдан бастау алатын «Ровесник» аула клубының атауы 1992 жылы «Атамекен» болып өзгертілген екен. Биыл ағымдағы жөндеуден өткен нысан комьюнити орталығы ретінде қызметін бастады. Мереке күні балаларға тарту болған орталық салтанатты түрде ашылды.

1

– Аула клубы жетпісінші жылдардан бері  жас ұрпақты өнер мен спортқа бейімдеу бағытында жұмыстанып келеді. Бұл жерде талай өнерлі бала қанат қағып, асқақ арманына қол жеткізді деп білеміз. Бүгінде қаладағы балалардың 14 аула клубының бесеуі комьюнити орталығына айналды. Орталықтардабалалармен қоса егде азаматтардың да басын қосып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырсақ дейміз. Осылайша мұндай орталықтың қызмет көрсету ауқымын кеңейткіміз келеді. Ақ тілек, ізгі ниетіміздің бәрі балаларымызға арналады. Себебі тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы осы балаларымыздың қолында, - деді қала әкімі Абат Шыныбеков.

3

Сөз алған аула тұрғыны Нұрғали Демесінұлы бүлдіршіндерге базарлық жасаған шаһар басшылығына алғысын айтып, қариялар да назардан тыс қалмаса деген тілегін жеткізді. Шаһар басшысы бастаған қонақтар мен балалар орталықты тамашалап көрді. Жас өнерпаздар әннен шашу шашып, тілектері жазылған шарларды көкке ұшырды.

5

Орал қалалық мәдениет және  тілдерді дамыту бөлімінің мәдени ағарту бірлестігінің директоры Серік Тоқмамбетовтің сөзінше, комьюнити орталығы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін балаларға қызмет көрсетеді. Ал одан әрі сағат 21-00-ге дейін айналадағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мұрындық болмақ.

6

«Атамекенде» сурет, ән, көркемсөз, асық үйірмелері тегін жұмыс істейді. Сонымен бірге биыл Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына орай Мұхит сыныбы ашылған. Мұнда 9 жастан бастап, ересектер де дәстүрлі ән үйрене алады. Бұл үйірмені ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжанов жүргізеді.

4

«Орталықтағы үйірмелерге 50-ден астам бала қатысады. Жалпы бұл жерде 7-14 жас аралығындағы 120-дан астам баланың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалады. Оларды жоғары білімді бес қызметкер өнерге баулиды, - деді аталмыш орталықтың меңгерушісі Венера Иманалиева. 

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале