16.06.2017, 18:18
Оқылды: 66

Атқарылар істер пысықталды

FB_IMG_1497538321124   Облыс әкімі Алтай Көлгінов аудан әкімдері және сала басшыларын жинап, жоспарланған істер мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын пысықтады.


   - Жуырда аудандарды түгел аралап, халықпен кездесіп, қордаланған мәселелерді көріп келдік. Енді нақты істермен айналысып, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруымыз керек. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірімізде жол жөнделіп, мектептер салынуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғындар үшін Орал, Ақсай қалаларында, сондай-ақ сегіз аудан бойынша көп қабатты үйлер салынуда. Кезекте тұрған азаматтарға берілетін жер телімдеріне тиісті инженерлік-коммуникациялар жеткізілуде. Бүгін өздеріңізден жаңа жұмыс орындарын ашу, бөлінген қаражатты уақтылы игеру, орта және шағын бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту секілді әр түрлі бағыттар бойынша атқарылып жатқан істер туралы тыңдаймыз. Екі аптадан кейін бірінші жартыжылдықта атқарылған істерді қорытындылаймыз. Алдағы уақытта қай бағыттағы істерді жандандыруымыз керек, соны анықтаймыз, - деді Алтай Сейдірұлы кіріспе сөзінде.

   Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халеловтың баяндауынша, биыл аталмыш аудан бойынша 17 көше жолын жөндеу жоспарланған. Астана күні қарсаңында жөндеу жұмыстары аяқталған бес көше пайдалануға берілмек. Оның үшеуі «ҚПО б.в.» компаниясының қаражатына жөнделген. Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы біте келген. Аудан бойынша 2000 адам тұрғын үй, 10 000-дай адам жер телімі кезегінде тұр. Биыл жер кезегінде тұрған 1 400 азаматтың өтініші қанағаттандырылмақ. Қазіргі уақытта жер телімін беру жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші жартыжылдық есебі бойынша бөлінген қаражаттың игерілуі 99,5 пайызды құраған. Облыс басшысы Бөрлі ауданындағы өзекті мәселе – Березов, Бестау ауылдарын уақтылы көшіруді, аталмыш ауылдардағы тұрғындардың жағдайын қатаң бақылауға алу керектігін тапсырды. Алтай Сейдірұлы Ақсай қаласының жылу жүйесін жөндеу үшін 590 миллион теңгеге үш рет конкурс жарияланып, мердігер табылмағанын айтып, алдағы уақытта бұл істің атқарылуына облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшылығын қолұшын созуға міндеттеді.

   Теректі ауданы әкімінің қысқаша баяндамасын тыңдаған өңір басшысы қажетті қаражаттың бөлініп отырғанын, соған орай су, жол, құрылыс саласында атқарылар істерді қадағалауға алу керектігін айтты. Аталмыш аудан әкімінің мәлімдеуінше, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында аудан энциклопедиясы даярлануда.

   Зеленов ауданы әкіміне ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстарын жандандыру, жастар тәрбиесін, абаттандыру мәселелерін қолға алу, жоспарлау жұмыстарын сапалы жүргізу керектігі ескертілді.

   Алтай Сейдірұлы Сырым ауданына қарасты Бұлан, Елтай, Талдыбұлақ, Шыңғырлау ауданындағы Ақбұлақ, Белогор, Қараағаш, Полтавский ауылдық округтеріне осы жылдың соңына дейін ұялы байланыс орнату жұмыстарын қолға алуды қос ауданның әкіміне тапсырды. Облыс әкімінің айтуынша, жалпы өңірімізде ұялы байланысқа қосылмаған 14 ауылдық округ бар екен.

   Тасқала ауданы бойынша көше жолдарын жөндеуге бөлінген қаржының игерілмеуіне байланысты ескерту жасалып, мемлекеттік-жеке серіктестік бағытындағы жұмыстарды ширату тапсырылды. Аудан әкімі Санжар Әлиев өз тарапынан мемлекеттік балабақшалардағы ойыншықтардың ескіріп, төсек орындардың тоза бастауына байланысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, мұндай мәселені шешуге аудандық бюджеттің мүмкіндігі жетпейді. Өңір басшысы айтылған мәселені облыстық білім басқармасының басшылығымен бірлескен түрде шешуді тапсырды.

   Жаңақала ауданының аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жолдардың жөнделу сапасын қадағалау сол ауданның әкімі Лавр Хайретдиновке жүктелді. Алтай Сейдірұлы жалпы мұндай жауапкершілік өзге де аудан әкімдеріне қатысты екенін, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тарту керектігін  жеткізді. Облыс әкімі тарапынан аудан басшысына күн тәртібінде өткір тұрған тұрғын үй мәселесін шешу жолдарын қарастыру, сондай-ақ жұмыссыздық мәселесімен айналысу керектігі баса айтылды.

   Елбасы тапсырмасына сәйкес республикалық бюджет есебінен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарының басым бөлігі Қазталов ауданы аумағына тиесілі екені айтылып, бұл бағыттағы жұмыстарға жауапкершілікпен қарау тапсырылды. Қазталов ауданына қарасты Талдықұдық ауылына, Жәнібек ауданына қарайтын Ұзынкөл, Ақоба, Қаратөбе ауданындағы Аққозы, Ақтай, Қоржын ауылдарына ұялы байланыс жеткізу мәселесін ұзатпай шешу керектігі де сөз болды.

   Өңір басшысының мәлімдеуінше, биылғы жоспар бойынша 16 мың бас ірі қара бордақылануы керек. Алайда әзірге жоспардың орындалуы көрсетілген мөлшердің үштен біріне ғана жуықтайды. Алтай Сейдірұлы бұл олқылықтың орнын толтыруды облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұловтан бастап, ауданның бірінші басшылары мен олардың орынбасарларынан қатаң талап ететінін жеткізді.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал  өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале