15.05.2021, 22:57
Оқылды: 512

Атырау-Орал автожолын жаңғырту 2022 жылы басталады

Ақжайық ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғали Есқалиев Жаңабұлақ ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысты. Облыс орталығынан 107 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңабұлақта 1 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл үшін атқарылып жатқан игі істердің бірі – былтырғы мамыр айынан бері ауылға кіреберіс 4,7 километр жол орташа жөнделуде. Жолды жөндеуге 383,9 мың теңге бөлінген. «Тоби» ЖШС директорының орынбасары Асланбек Рахметовтың айтуынша, бір ай шамасында жолды жөндеу аяқталады. Жолдың астыңғы қабаты ресайклинг технологиясы бойынша салынып, оның бетіне алты сантиметр асфальт-бетон құйылуда. Енді межелі мерзімге дейін жол жиегін нығыздау, жол таңбаларын салу жұмысы жүргізілмек. Облыс әкімі Ғали Есалиевқа аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары құрылыс саласы мен өндірістік кооперативтерді дамыту бағыты, ауылдық округте мал бағымын ұйымдастыру бойынша жоспарлы жұмыс жайын баяндады.

IMG-20210515-WA0006

Осы жұмыс сапары барысындағы басты жаңалықтың бірі – облыс әкімі Ғали Есқалиевқа «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ-ның директоры Амир Кәрімбаев Атырау-Орал тасжолын қайта жаңғыртуға «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында ЖСҚ дайындалатынын айтты.

IMG-20210515-WA0005

Ажал аузына айналған трасса жыл сайын жұрттың жүрегін шайлықтыратыны мәлім. Амир Кәрімбаевтың сөзінше, осы жолды І санатты автожолға айналдыру, автокөлік енін кеңейтіп, төрт жолақ етіп салу жоспарланған. «Жыл соңына дейін ЖСҚ-ны дайындап, мемсараптамадан өткізіп үлгереміз деген ойдамын», – деді ол.

IMG-20210515-WA0008

– Атырау-Орал автожолы – ең қауіпті жолдардың бірі. Биылғы жыл басынан бері жол апаты салдарынан 16 адам көз жұмды. Бұл мәселе – көптен бері назарымызда. Мәселен, әуелден Махамбет-Индер бағытындағы автожол учаскесін ғана жөндеу жоспарланған еді. Былтыр министрлікке автожолдың Индер ауданынан бастап Орал қаласына дейінгі бөлігін жаңғыртуды ұсындық. Соған сәйкес қосымша қаражат бөлініп, сәуір айында жобалау жұмысына конкурс жарияланды. Мемлекет басшысы Атырау қаласына барған кезде Атырау-Орал автожолының сапасы сын көтермейтінін айтып еді. Сондықтан күре жолды жаңғыртуды келесі жылы кешіктірмей бастауды жан-жақты ойластыру керек, – деді Ғали Есқалиев.

Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале