30.05.2022, 10:45
Оқылды: 106

Атырауда Газель мен автобус соқтығысып, жолаушылары ауруханаға жеткізілді

Атырауда жол апатына ұшыраған «Газель» жүргізушісі мен автобус жолаушылары ауруханаға түсті. Атырау қалалық полиция басқармасынан мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 29 мамырда, сағат 19:00 шамасында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220530012725020e

«Жол апаты мұнайлы шаһарға таяу орналасқан Тасқала-3 елді мекеніндегі 18-ші және 21-көшенің қиылысында болған. Жолаушы тасымалдайтын «Daewoo» маркалы автобустың жүргізушісі оң жақта келе жатқан «Газель» көлігіне жол бермеген. Осылайша, автобус жүргізушісі жол-көлік оқиғасына себепкер болды. «Газель» көлігі соққы екпінімен аударылып, көше жарығының бағанына соғылды», - деп хабарлады Атырау қалалық полиция басқармасынан.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан бірнеше адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде «Газель» көлігінің жүргізушісі мен қоғамдық көліктің бірнеше жолаушысы бар.

Полиция қызметкерлері тергеуді бастады.

«Атырау облысында жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері анықталып отыр. Бұл – елді мекенде қозғалыс жылдамдығын арттыру, қарсы бағытқа шығу және басты жолақтағы көлікке жол бермеу», - деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жол апатынан жүргізуші мен екі жолаушы мерт болғанын хабарлаған едік.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале