21.09.2021, 11:39
Оқылды: 148

Аудан мектептері интернет желісімен 100% қамтылған

Бүгінде Жаңақала ауданындағы 14 жалпы орта білім беретін және алты бастауыш мектепте 4081 оқушы білім алуда, мектепке дейінгі ұйымдарда 1045 бала тәрбиеленіп жатса, қосымша білім беретін ұйымдарда 1360 оқушы білім алуда. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин осындай деректерімен бөлісті.

C45FB15C-AF0C-4506-AE2A-1B4D9096697F

– Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 100% құрап отырса, 5-6 жастағы балаларды мектеп алды даярлықпен қамту да 100% орындалып отыр. «Мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және жолдама беру» мемлекеттік қызметі толықтай автоматтандырылды. Білім беру саласында ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру мақсатында 14 мектеп «Күнделік.kz» бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылып, жұмыс жасауда.  Ақпарат көздеріне қолжетімді болу үшін ауданымыздың 20 мектебінің барлығы 100% интернетпен қамтамасыз етілген. Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескере отырып, аудан бойынша 7 балабақша, 14 жалпы білім беретін мектептердің барлығына бейнебақылау жүйесі орнатылған,-деді Наурызбай Қарағойшин.

Аудан әкімінің айтуынша, Тәуелсіздік жылдары бес жаңа мектеп салынып, үш мектеп және екі балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, екі жеке балабақша ашылды.

Сонымен қатар алдағы жылдарда Жаңақала ауылындағы 360 орындық №3 жалпы орта білім беретін мектепке 200 орынға арналған жапсарлас ғимарат құрылысы мен 50 орындық балалар лагерін салу жоспарлануда.

0F5E9C96-F717-414B-89D7-0D213BE157D2

– Алаштың абызы атанған Әбіш Кекілбаев «Қазақ даласындағы күй астанасы»-деп баға берген Жаңақала ауданы елімізге белгілі Құрманғазы, Дина, Мәмен, Оқап, Қали, Шамғон, Тұяқберді сынды күй алыптары мен дарабоз домбырашылардың кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Осындай қазақ өнерінің дара тұлғаларының өнері мен туындыларын келешек ұрпақтың санасында жаңғыртып, насихаттау мақсатында Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының алдында мүсіндері орнатылып, Чапаев – Жаңақала тас жолының бойында Мәмен мен Тұяқберді Шәміловке кесене тұрғызылды. Ағымдағы жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы жылдары Маштексай және Қырқопа ауылдарында жаңа мәдениет үйлерінің құрылысын салу жоспарланып отыр,-деп атап өтті Н.Қарағойшин.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале