18 тамыз – Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғап, әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге отыз жылға таяу сенімді үлес қосып келе жатқан Әуе қорғанысы күштерінің күні.
18 тамыз – Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғап, әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге отыз жылға таяу сенімді үлес қосып келе жатқан Әуе қорғанысы күштерінің күні.

Әуе қорғанысы күштерінің құрамына Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кіреді. Олардың басты міндеті елдің әуе кеңістігін тәулік бойы қорғау, стратегиялық маңызды нысандар мен әскери топтарды бүркемелеу, сондай-ақ Қарулы күштердің түрлері мен әскер тектеріне, басқа да әскерлеріне авиациялық қолдау көрсету болып табылады.
Қару-жарақ құрамында заманауи авиациялық және зениттік-зымырандық кешендер, радиолокациялық станциялар, ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер бар. Автоматтандырылған басқару жүйелері кезең-кезеңімен енгізіліп, жауынгерлік даярлық әдістері жетілдірілуде, қару-жарақ пен әскери техника паркі жаңартылуда.
Кәсіби кадрларды даярлау басты назарда. Ұшу және инженерлік-техникалық құрамды Ақтөбедегі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты даярлайды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен байланысқа арналған инженерлік кадрлар Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында оқытылады.
Әскери қызметшілер өздерінің жоғары шеберлігін әскер түрлері арасындағы және халықаралық оқу-жаттығулар барысында дәлелдеп, кез келген жағдайда міндеттерді орындауға дайындығын ұдайы көрсетіп келеді. Армия авиациясының экипаждары бірнеше рет халыққа көмек көрсетуге және төтенше жағдайлардың салдарын жоюға жұмылды. Сонымен қатар Абай облысындағы ауқымды орман өрттерін сөндіруге де қатысты.
Бүгінде Әуе қорғанысы күштері – заманауи қару-жарақпен жабдықталған, жоғары технологиялы, аса ұтқыр әрі білікті мамандармен жасақталған Қарулы күштердің маңызды құрамдас бөлігі. Олар жауынгерлік кезекшілікте, практикалық сабақтар мен оқу-жаттығулар барысында өздерінің кәсіби шеберлігі жоғары екенін дәлелдеп жүр.
Әрбір ұшудың, жауынгерлік кезекшіліктің және оқу-жаттығудың артында әуе кеңістігін қорғауға және ел қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтауға әркез дайын әскери қызметшілердің күнделікті еңбегі тұр.