24.01.2022, 11:30
Оқылды: 115

«Аусыл тіркелген жоқ»

Сырым ауданы тұрғындарының  бірінен ірі қара арасында індет шығып  жатқаны жөнінде естідік. 

IMG-20220124-WA0012

Олардың алаңдайтын жөні бар. Өйткені Қарағанды  облысында аусыл ауруының  анықталғаны баршаға аян. Сондықтан «Жұқпалы індет біздің өңірге де жеткен жоқ па?» деген сауал көкейімізде тұрғаны рас.

Біз шаруаларды мазалаған мәселе бойынша облыстық ветеринария басқармасына хабарластық. Аталмыш басқарманың бөлім басшысы Балдай Сапарғалидың айтуынша, облыстағы Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандарында ірі қараның (МІҚ) ауру деректері тіркелген. Аталған аудандарда барлығы 2 468  іріқара ауырған. Күні бүгінге олардың 2 034-і сауықса, қалған малды ветеринар мамандар  емдеуде.

Ауырған малдың диагнозын анықтау үшін биологиялық сынамалар алынған екен. Сынамалар Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ұлттық референттік орталығына жолданыпты.

– Қазіргі уақытта Шыңғырлау, Сырым, Бөрлі аудандары бойынша лабораториялық зерттеу нәтижесі келді. Шыңғырлау мен Сырым аудандарында малдың жұқпалы ринотрахеит ауруымен ауырғаны анықталды. Бөрлі ауданынан жолданған сынамалар 3 ауруға да теріс нәтиже көрсетті. Қалған аудандардан жолданған сынамалардың зертханалық сараптама нәтижелері әлі келген жоқ. Жалпы, ауру басталғалы ірі қараның арасында шығын болған жоқ. Эпизоотиялық ахуал ветеринар мамандардың жіті бақылауында. Жұқпалы ринотрахеит ауруы шыққан аудандар аумағында шектеу шаралары енгізіледі. Шектеу шараларын енгізу туралы шешім әділет құрылымдарында тіркелуде.

Бүгінде Қарағанды облысының Шет ауданында және Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы Беляев ауданында аусыл шығып жатқаны белгілі. Сондықтан аусыл ауруының алдын алу үшін біздің басқарма 3 млн 994 мың доза   вакцина алдырмақ. Мүйізді ірі қараны, ұсақ мал мен  шошқаларды вакцинациялайды және  ревакцинациялайды. Облыста аусыл ауруы тіркелген жоқ. Біздің өңір 2015 жылы аусыл ауруы жоқ аймақ ретінде танылып, арнайы мәртебе алған еді, – дейді бөлім басшысы.

Ясипа Рабаева, 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале