2.04.2018, 16:41
Оқылды: 92

Аутизм мәселесі – қоғамның мәселесі

Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында 2 сәуір - Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай іс-шара өтті. Бұл күнді Біріккен ұлттар ұйымының бас ассамблеясы 2007 жылы арнайы қарармен бекіткен. Қарарда аутизмнен зардап шеккендер арасында балалар үлесінің жоғары болуы мазалайтыны айтылған, неғұрлым ерте диагноз қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген. Бұл күн 2008 жылдан бері аталып өтіп келеді.

Оқушылар мен педагогтар, ата-аналар мектеп-интернаттың залында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония артистері мен осы мектеп балаларының концертін тамашалады. Танымал әншілермен қатар, оқушылар квартеті, «Айару» би тобы, жекелеген өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шарада сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов бұл мәселе осындай дертке шалдыққан баланың ата-анасын ғана толғандырып қоймайтын, қоғам болып жұмыстанатын мәселе деп атап өтті.

«Облыс бойынша 6025 мүмкіндігі шектеулі бала есепте тұрған болса, соның 134-і аутистік спектр бұзылысы бар бала болып есептеледі. Облыстағы білім беру саласында бұл балалардың 79 пайызы қамтылып отыр. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан науқас балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Білім саласы мамандарының бірден бір алға қойып отырған мақсаты науқасты  ерте жастан анықтау, түзету жұмыстарын уақытында қолға алу болып табылады», - дейді облыстық білім басқармасының инклюзивті арнайы білім беру, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің бас маманы Ерік Тұяқов.

Аудандардағы он бір және өткен жылы Орал қаласында ашылған психологиялық-педагогикалық түзету мекемесіндегі  арнайы педагогтар, дефектологтар, логопед пен психологтар  науқасқа шалдыққан балалармен жұмыс жасауда. Маманның айтуынша, бірнеше жыл бұрын облыстағы бірде бір оқу орнының арнайы педагогтар дайындамағаны өзекті мәселе болып келген екен. Соңғы жылдары М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да  жоғары педагогикалық білім негізінде арнайы мамандар дайындауды қолға алынған. Бүгінде арнайы педагогтар жеткілікті.

Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында бүгінде  330 оқушы оқитын болса, олардың 39-ы аутизмге шалдыққан балғын. Ең алдымен түзету жұмыстарына мән беретін мұндағы педагогтар баланы әлеуметтендіру бағытында жұмыстанады. Мектепте еңбек сабағы басты пән болып есептеледі. Өйткені баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу мен еңбекпен оңалтуда осы пән зор рөл атқарады. Сонымен қатар бұл балалар қолөнерге, жалпы өнер атаулыға өте жақын. Оларды қоғамның бір кірпіші болып қалануына баршаның қосар үлесі зор.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале