5.04.2018, 18:17
Оқылды: 78

Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға жете мән берілмек

39ba2ea6-2b70-4a9f-bad8-cee0b9f126e1Биыл ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында республика бойынша 20 млрд.теңге бөлінді. Облысымыз бойынша бұл бағытқа қаралған қаражат 6,5 млрд.теңгеге жуықтайды. Алайда бұл қаржының игерілмей қалу қаупі бар.

Бұл туралы Достық үйінде өткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде Батыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнестің мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстелде айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқановтың төрағалығымен болған жиынға мемқұрылым басшылары, қаржы ұйымдарының жетекшілері, кәсіпкерлер, шаруа қожалық өкілдері қатысты.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Халиуллин, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚОФ директорының орынбасары Нұрбол Жұмағалиев, «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ БҚОФ директоры Ерлан Нысанғалиев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауылды шағын несиемен қамту шарттары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының өңірлік филиалының директоры Сәкен Карин ауылдағы кәсіпкерлерді «Бизнес Бастау» жобасы аясында оқыту турасында баяндама жасады.

«ҚазАгроГарант» АҚ «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты бойынша, атап айтқанда ісін жаңа бастаған жандардың бизнесін ашу, сондай-ақ кәсібін кеңейту мақсатында несиелерді кепілдендіруге көмек берумен жұмыстануда. Аталмыш мекеменің БҚО бойынша филиал директоры Досқан Салықовтың сөзіне қарағанда, несие алу кезінде кепіл жетіспеушілігі мәселесіне тап болған біраз шаруаға олар қолұшын созған. Қазіргі таңда облысымызда кепілдендіру құралдарын 187 шаруа пайдаланды. Мұндай кепілдік алғандардың 44 пайызы стартап-кәсіпкерлер, яғни ісін енді бастағандар.

-Биыл ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында республика бойынша 20 млрд.теңге бөлінді. Облысымыз бойынша бұл бағытқа қаралған 6,5 млрд.теңгеге жуықтайды. Жаңа жиын барысында айтылғандай, таяуда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендерге бұл қаражаттан несие алуға мүмкіндік бермейтін ереже қабылдаған. Нақтылап айтқанда шаруа қожалығы, серіктестік, кооперативтер аталмыш несиені ала алады, тек ЖК-лар емес. Ал ауылдағы ағайынның көпшілігі қожалық ашып, жүргізе алмайды ғой, ашуға талпынғанның өзінде де оған жер, басқа жағдайлар жасалу керек. Оның бәріне уақыт кетеді. Сөйтіп бөлінген қаржы игерілмей қалуы мүмкін. Сол себепті жергілікті атқарушы билік өз тарапынан, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының өңірлік филиалы өз тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті хаттар жіберіп, бұл мәселені реттеу жағын қарастыратын болады,-деді жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале