2.11.2023, 20:14
Оқылды: 65

Ауыл шаруашылығы мен ғылым тығыз байланысты

Облыс әкімдігінде аграрлық саладағы өндірісті ғылыммен ұштастыру мәселесін талқылаған дөңгелек үстел өтті. Онда өсімдік және мал шаруашылығындағы түйткілдер жан-жақты айтылды.

IMG_20231102_200717_184

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауларында осы салаға зор көңіл бөліп келеді. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық деп атап өтті. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы саласында көп жыл еңбек еткен ардагерлердің, ғалымдар мен ұстаздардың, фермерлердің басын қосып отырмыз. Мал немесе өсімдік шаруашылығы ғылыми қолдау болмаса, дамымайды. Жаңа әдіс-тәсілдерді, тың технологияларды пайдаланбасақ, бұл сала өркендемейді. Бүгінгі ауыл шаруашылығы жерлерінің жағдайы қандай, қолданыстағы техникалардың хал-ахуалы нешік деген секілді өткір сауалдар мен мәселелерді осы жерде талқылайық. Жұмысты неден бастаймыз, аграрлық саладағы өндірісті ғылыммен қалай ұштастырамыз? – деген облыс әкімі Нариман Төреғалиев сөз кезегін жиынға қатысушыларға ұсынды.

IMG_20231102_200717_574

Алдымен сөз алған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры Асқар Наметов: «Бұл саланы дамыту үшін белгілі бір жүйе керек. Жұмысты әр тараптың мүддесін ескере отырып жоспарлау қажет. Олар – бизнес компаниялар мен мемлекет мүддесі және осы екі жақта жұмыс істейтін ғылыми қолдау», - деді.

IMG_20231102_200717_304

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров жерді пайдалану, топырақ құнарлығын сақтау және арттыру жолдары ғылыми тұрғыда зерделенуі керек екенін атап өтті. Мысалы, жайылымның түрі ғылыми негізде анықталып, төрт түлік мал өзіне қолайлы жерде жайылуы керек. Сонда ғана тиімді технология қалыптасып, күткен нәтижеге қол жеткізуге болады. Егіншілікті де осы бағытта жандандырған жөн.

Жиын барысында мал және өсімдік шаруашылықтарын дамытуға бағытталған жұмыс тобы құрылды. Тәжірибелі диқандар, ғалымдар мен сала ардагерлері күн тәртібіндегі мәселеге қатысты ой-пікірлерді ортаға салды.

IMG_20231102_200717_072

Жиын соңында облыс әкімі түйткілді мәселелер тек талқыланып қана қоймай, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті. Сондықтан жиын барысында құрылған жұмыс топтары бір айдың ішінде бағдарламаның алгоритмін құрастырып, облыс басшысына атқарылған жұмыстар туралы есеп беруі тиіс.

IMG_20231102_200717_146

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале