Агротехниканы жаңғырту бағытында елеулі технологиялық серпіліс жасалды. 2026 жылы жылдық 5% мөлшерлемемен ұсынылатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасын қаржыландыру көлемі 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту қарқыны 6,5%-ға жетті. Бағдарлама іске қосылған екі жыл ішінде шаруаларға сатылған ауыл шаруашылығы техникасының көлемі 35%-ға артты. Былтыр 25 мың бірлік техника сатып алынса, оның 10,4 мың бірлігі дәл осы жеңілдетілген лизинг тетігі арқылы алынған, - деп жазады Primeminister.kz.

Сонымен қатар сатып алу құрылымындағы Қазақстанда құрастырылған техниканың үлесі 95%-ға дейін өсті. Қазіргі таңда елімізде тракторлар мен комбайндарға деген ішкі сұраныстың 90%-ын қамтамасыз ететін 10 ірі зауыт жұмыс істейді. Олардың қатарында Қостанай қаласында әлемдік көшбасшы John Deere компаниясының, ал Петропавл қаласында CLAAS компаниясының локализацияланған құрастыру өндірістері бар.