2024 жылғы көктемгі су тасқыны еліміздің бірнеше өңірінің экономикасына өз әсерін тигізді. Соған қарамастан облысымыздың диқандары көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы жүргізді. Олар агротехникалардың көмегімен сапалы тұқымдарды егіп, минералды тыңайтқыштар қосты. Өткен жылдың нәтижесінде 67,7 миллион тонна астық өндіріліп, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш жаңарған. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Сейітқазиев мәлімдеді. Сондай-ақ ол өткен жылдағы жетістіктерге шолу жасап, ауыл шаруашылығы басқармасының биылғы жоспарлары хақында әңгіме өрбітті.
2024 жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 616 мың гектарды құраған. Сондай-ақ облыс диқандары 8 200 тонна тыңайтқыш сатып алып, пайдаланған. Бұл 2023 жылы сатып алынған тыңайтқыш көлемінен екі есе көп (2023 жылы 4 100 тонна тыңайтқыш сатып алынған).
Облысымызда дәнді дақылдар толықтай орылып, 295 мың га алқаптан орташа 10,1 ц/га өнімділікпен 299 мың тонна астық жиналған. Одан бөлек 96,6 мың га алқаптан майлы дақылдар орылып, орташа 10 ц/га өнімділікпен 96,2 мың тонна өнім алынған. Сонымен қатар картоп, көкөніс, бақша өнімдері 95 мың тоннаны құраған. Күздік бидайдың әр гектарынан 30-32 центнерден өнім алған диқандар бар. Бұл – егіншіліктің тәуекел аймағында орналасқан өңір үшін жақсы көрсеткіш.
2025 жылы облыс бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы – 613 мың гектар болады деп жоспарлануда. Оның ішінде дәнді дақылдарға – 291 мың га, майлы дақылдарға – 119 мың га, малазықтық дақылдар алқабына – 199 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдарына – 4,2 мың гектар жер беріледі.
Облысымыз Ресей Федерациясының бес облысымен (Астрахан, Волгоград, Орынбор, Самара және Саратов облыстары) шектесетін болғандықтан, ауыл шаруашылығы дақылдарының импорты мен экспорты тоқтаусыз жүреді.
Қазақстан астық экспортын 40-тан астам елге дейін көбейтуді жоспарлауда.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, облыс аумағынан 2024 жылы 33 мың тоннаға жуық дәнді дақылдар, 30 мың тоннадан астам майлы дақылдар экспортталған. Дәнді дақылдар Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне, ал майлы дақылдар Қытай, Түркия, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдерге экспортталды. Бұдан бөлек, 44 мың тоннаға жуық ұн мен 8 мың тонна көлемінде кебек Өзбекстан, Ауғанстан, Түркіменстан елдеріне және Ресейге шығарылған. Сонымен қатар 2024 жылы өңірімізге 94 мың тоннаға жуық дәнді дақылдар, 4,2 мың тонна майлы дақылдар Ресейден импортталған.
2024 жылы аграршыларды қолдауға 580 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы аграршылар үшін мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды.
Мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жеңілдетілген қаржыландыру, субсидиялау және басқа да шараларды ұсыну арқылы ауыл шаруашылығы саласына қолдау білдіріп келеді. Мәселен, 2024 жылы өсімдік шаруашылығы бойынша 1,64 млрд теңге субсидия төленді. Сонымен қатар «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша
көктемгі егіс пен егін ору жұмыстары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Aqjaiyq» ӘКК АҚ арқылы 5%-бен қаржыландырылады. Берілген несие қаражатына шаруалар егіске қажет тұқым, тыңайтқыштар, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер т. б. сатып алуға мүмкіндік алады. Бұл – егіс науқанында диқандар үшін өте қажет қолдау түрі. 2024 жылы шаруаларға 6,1 млрд теңге несие берілді. 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға облысқа 8,3 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасына – 3 млрд теңге, «Кең дала – 2» бағдарламасына – 5,3 млрд теңге қарастырылған.
Бүгінде шаруаларға 1,7 млрд теңге несие берілді. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Айта кету керек,
көктемгі дала жұмыстарына тиісті деңгейде дайындалуы үшін шаруашылық иелеріне несие 2024 жылғы желтоқсан айынан бастап берілуде.
Өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламалары жалғасады. Биыл өсімдік шаруашылығы бағытындағы субсидиялау бағдарламалары мен қызметтер көрсетуге барлығы 3,2 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылғыдан 41%-ға көп. Соның ішінде субсидиялау бағдарламаларына 1 952,5 млн теңге бөлінді.
2024 жылы аграршыларды қолдауға 580 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы аграршылар үшін мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды.
2025 жылға бөлінген демеуқаржы көлемі
Субсидиялау түрі | Бөлінген қаражат |
Тұқым шаруашылығын дамытуға | 305,3 млн теңге |
Тыңайтқыштар сатып алуға | 731 млн теңге |
Пестицидтер (зиянкестерден қорғау үшін қолданылатын химиялық қосылыстар) сатып алуға | 197,1 млн теңге |
АШТӨ-ге (Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер) су беру қызметтеріне | 32 млн теңге |
Басым дақылдар өндірісіне | 687,2 млн теңге |
Жаңа механизм бойынша отандық зауыттар өндіретін аммиак селитрасы мен аммофос тыңайтқыштарының құны 60%- ға субсидияланады. Мұндай іс-шаралар өндіріс қуаттылығын арттыруға көмектесіп қана қоймай, аграрлық сектордың тұрақты дамуы үшін маңызды заманауи технологияларды енгізуге ықпал етеді.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»