29.03.2022, 9:50
Оқылды: 93

Ауылда мәселе аз емес

«AMANAT»  партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының шалғай елді мекендерге «Мобильді қабылдауы» Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар  ауылында жалғасын тапты. Бұл ауылға арнайы облыстық филиалдың партиялық  бақылау жөніндегі инспекторы Афиза  Семғалиева, облыстық мәслихат депутаты  Алтынбек Ермекқалиев, облыстық  жолаушылар көлігі және аутомобиль  жолдары басқармасының басшысы  Айдар Менеев және Жаңақала ауданының әкімі  Дархан Закарин  барып, тұрғындарды жеке қабылдады.  

DBD4B46D-E1A4-4559-B003-03260544FFA3

Ауылдың мәдениет үйінде өткен қоғамдық қабылдауға 9 адам ғана келді. Олардың дені Көпжасар мен аудан орталығы арасындағы жолдың қазіргі жағдайы мәз емес екенін айтып, тезірек жөнделуін талап етті. Иә, айтса, айтқандай Жаңақаладан аудан басшысының «дәу» көлігіне отырып, қозы көш жердегі аталмыш округке әупірімдеп әрең жеттік. Жол деген ми батпақ, әбден езіліп кеткен екен. Еңсені түсіреді. Таяу уақытта күн шығып, жел тұрып кептірмесе, халықтың қатынасы қиындай түсетін сияқты... Мен осы ауылдың перзентімін. Сондықтан да жолдың жай-жапсарын жақсы білемін. Облыстық мәслихаттағы депутаттардың сапына іліккеніме бір жыл төрт ай болса, осы аралықта үлкен-үлкен жиындарда жол ахуалын төрт рет көтеріп, қаузадым. Жерлестерімнің қиналғаны менің де жаныма қатты батады. Жергілікті халық осы жолдың зардабын, азабын көп жылдан бері көріп келе жатыр. Бір шешімі болар деп үміттеніп жүр едік. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Көпжасардағы кездесуде облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев ауыл тұрғындарына қуанышты сүйінші хабар айтты. Ол Көпжасар және Пятимар ауылдық округінің кірмежолын жөндеу бойынша құжаттары тиісті министрлікке жолданғанын, қазіргі уақытта аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және аутомобиль жолдары бөлімі конкурс құжаттарын дайындау үстінде екенін, жолды жөндеу биылғы жоспарда бар екендігін ашық жеткізді. Бұл хабарды естіп, елмен бірге біз де қатты қуандық. Тек мынау алай-дүлей заманда «көз тиіп кетер», «арты сиырқұйымшақтанып кетпесе, жарар» деп демімізді ішке тартып тұрдық. Жол салынып, оның игілігін ел көрер күн жақын болғай!

Балабақша «қақап» тұр

Кездесуде ауыл тұрғыны Алмас Қаздаев есімді азамат интернет, ауылды абаттандыру, тал-терек егу жайлы өзін толғандырған сұрақтарды жолдаса, Абзал Ихсанов мал шаруашылығын дамыту бағытында жер алуға кеңес сұрады. Одан әрі ауылдың жас белсендісі Жалғас Нығметов шаруа қожалығы жетекшілері мен жеке кәсіпкерлерді игілікті іс істеуге жұмылдыру, спорт түріне баулитын жаттықтырушыларға жалақы төлеу керектігін мәселе қылып көтерді. Мұнан кейін ауылдық округ әкімшілігінің маманы Жанар Қанатқызы келді қабылдауыма:

– Ауылда бір-ақ балабақша бар. Оның іші қыста қатты суық болады. Жұмыста жүргендіктен, амал жоқ балаларымызды сонда апарамыз. Балалар тоңғасын қалың киіммен жүреді. Көбіне суық тиіп, ауырып қалып жатады.

Терезелерінің де «хәлі» нашар. Жел гулеп тұр. Ауылда бес әлеуметтік нысанды бір қазандық қана жылытады.

Сол себепті жылу балабақшаға соңынан барып, дұрыс жылыта алмайды. Бұл – жылдар бойы жалғасып келе жатқан жағдай. Елдің болашағы балалар десек, олардың жағдайын жасауымыз қажет қой. Әрі ата-аналары да алаңсыз еңбек етер еді, – деп өзекті мәселені тілге тиек етті.  

Біз мұның бәрін мұқият тыңдап, ақ қағазға түртіп алдық. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының талап-тілегі орындалуы үшін тиісті басқармалармен жұмыстанып, шама-шарқымызша шешілуіне атсалысамыз. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының жанайқайы партияның  да  бақылауында болмақ.

Алтынбек Серікқалиұлы,

Орал – Жаңақала – Көпжасар

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале