21.02.2024, 11:15
Оқылды: 256

Автожолда абайлаңыз: қараусыз мал мәселесін қалай шешеміз?

Батыс Қазақстан облысында жол-көлік апаты жиі болады. ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО департаментінің дерегі бойынша, 2023 жылы 445 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 107 адам көз жұмса, 547 кісі жарақат алды. Автокөліктердің апатқа ұшырау себебінің бірі – жолда малдың және аң-құстың, жан-жануарлардың оқыстан кездесуі және рөлде отырған адамдардың сақтық шараларын ұмытып, аса жоғары жылдамдықпен көлік жүргізуі. Биылғы қаңтар айында үй жануарларының қатысымен 12 жол-көлік оқиғасы есепке алынды. Көліктер қирағанымен, адам өлімі болған жоқ. Облыс бойынша мал шаруашылығы жақсы дамыған. Жол бойында орналасқан ауылдық округтердің тұрғындары мен шаруа қожалықтары төрт түлікті баптап отыр. Бірақ округ әкімдіктері мал бағымын жүйелі ұйымдастыра алмай келеді. Сол себепті автожолдар үстінде қараусыз жүрген ірі қара, жылқы не ұсақ жандық жиі ұшырасады. Кейде жоғары жылдамдықпен келе жатқан автокөліктер жолды кесіп өтіп бара жатқан немесе алаңсыз тұрған жануарларға тікелей соқтығысады. Бұл мәселе республиканың басқа аймақтарына да тән.

Кінәліні анықтау қиын

Мақаламызға дәлел-дәйек, материал жинау барысында осы мәселенің жіті зерттелмей жатқанын пайымдадық. Осы тұста егжей-тегжейлі айта кетелік, малды далаға қараусыз жіберген тұрғындарды полиция құрылымдары заң аясында жауапкершілікке тарта алады. Облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі №37-3 шешімімен Батыс Қазақстан облысының аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидалары бекітілген. Осы қағида бойынша, ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды қоршалған немесе қоршалмаған жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларының иелері не олар уәкілеттік берген адамдар жүзеге асырады. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде, темір және автомобиль жолдарына бөлінген белдеулерде, су қорғау мен санитариялық қорғау аймақтарының шекарасында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға тыйым салынады. Малды жаюға болатын жерге дейін айдап алып бару немесе алып келу және бағым барысын қадағалауға мал иесі мен арнайы бекітілген бақташы жауапты. Қағида бойынша өте шалғайда орналасқан және халық аз қоныстанған аумақта ғана төрт түлікті өз еркіне жіберуге болады.

Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодекс 408-бап. «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу»
  1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу – үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
  2. Жеке тұлғалардың мүлкіне залал келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекет – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Батыс Қазақстан облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиевтың мәліметіне сүйенсек, аталған бап аясында 2024 жылдың басынан бері 182 адамға әкімшілік хаттама түзіліп, 889 мың 772 теңге айыппұл салынды. Олардың арасында малы жол бойында жайылып жүрген немесе жол-көлік оқиғаларына себепкер болған тұрғындар да бар. Жоғарыда аталған қағидаға сай аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдері мал бағымын ұйымдастыруға тікелей жауапты. Облыс бойынша қараусыз қалған ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстау үшін жергілікті атқарушы құрылымдар 119 тұрақ орнын белгілеген. Елді мекен ішінде емін-еркін жүрген, көлік қозғалысына кедергі келтірген, жол учаскелеріне қауіп төндірген жануарларды ауыл әкімдігінің қызметкерлері осында алып келеді. Мал иесі анықталғанша жануарлар белгіленген орында қамалып тұрады.

2023 жылы Батыс Қазақстан облысында көліктердің малға соқтығысуы бойынша 153 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 2 кісі қаза тауып, 14 адам жарақат алған. 2022 жылы 124 дерек анықталып, 1 жолаушы жазым болып, 3 адам зардап шеккен. Дәл осындай жол-көлік оқиғаларында кінәлі тарапты айқындау – өте даулы мәселе. Себебі автокөлікпен түйіскен малдың құлағында сырғасы немесе терісіне салынған таңба әу бастан болмай шығады. Тіпті малдың құлағындағы сырғаны кесіп алып кетіп, апат орнында ебін тауып «із жасыратындар» да бар екен. Жануардың жеке нөмірі бірден анықталмағандықтан, мал иесін табу да оңайға соқпайды. Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ернар Сұлтанғалиев бір жылдағы жол-көлік оқиғаларының шамамен 50%-ында мал иесінің кім екені белгісіз күйінде қалатынын мойындады.

ернар

«Бағусыз жіберілген жануар иесіне әкімшілік хаттама толтырамыз. Ал көлік шығынының өзі 1-2 миллион теңге немесе одан да көп болуы мүмкін. Азаматтық сот тәртібімен көлік жүргізушісі материалдық шығынды өндіре алады. Ондай істер біздің тәжірибемізде тіркелген», – деді Ернар Темурұлы.

Мал бағымы бытыраңқы болмауы керек

Ауылдық жерлерде мал бағымының бытыраңқы ұйымдастырылуы да елеулі себептердің бірі екенін айттық. Әсіресе, автожолдардың бойында орналасқан елді мекендерде өте өзекті. Бұл – әлі күнге нақты шешімін таба алмай отырған аудан-ауыл әкімдеріне де, бағып отырған түлігін өз үйінен өріске бейберекет айдап жіберетін тұрғындарға да ортақ сын. Жекелей баяндасақ, Атырау – Орал трассасында көлік апаты да, адам өлімі де жиілеп тұр. Ақжайық ауданының орталығы – Чапаев осы күре жолдың бойында, Орал қаласынан 130 шақырым жерде орналасқан. Күндіз де, түнде де ірі қарамен соқтығысқан көліктер оқиғасы жыл сайын болып жатады. Чапаев ауылдық оркугі әкімінің орынбасары Сәкен Сарбөпеев мал бағымы үш жаққа ұйымдастырылатынын, бірақ барлық бағыт бойынша ауылдың өзінен бақташы табу қиын екенін алға тартты.

– Былтыр округ бойынша бес жол-көлік оқиғасы болды. Оның үшеуінде көліктер мүйізді ірі қараларға, екеуінде жылқыға соғылды. Ауылда 1748 жылқы, 5 704 мүйізді ірі қара тіркелген. Қарасай бағыты бойынша үш жылдан бері бір бақташы 60 шақты сиырды тұрақты бағып келе жатыр. Бақташы табынды ауыл іргесіндегі Атырау – Орал трассасынан таңмен асырып жібереді, жайылымға айдап алып барады және кеште жолдан бері аман-есен өткенше өзі қадағалайды. Ал басқа бағыттар бойынша тұрғындар алғашқы кезде табынға қосқанымен, біртіндеп жайылымға еркін жіберуді әдетке айналдырды. Бақташыларға ақы төлегісі келмейді, иелігіндегі малын өздері бағып, қадағалап жүруге де қиынсынады. Оның үстіне екі бағыт бойынша мал бағам деп келіскен адамдар жұмыс қиындығына шыдамай, апта өтпей жатып кетіп қалды. Содан кейін бақташы тұрақтамады,  – деді Сәкен Сарбөпеев.

жол апаты (3)

Ауыл әкімінің орынбасары ветеринарлар бірдейлендіру жұмысын жүргізгенімен, кейбір мал иелері ірі қараның құлағындағы сырғасын әдейі алып тастайтынын, көлік апаты болған кезде тіпті құлағының түбінен кесіп тастаудан тайынбайтынын, жылқыларын таңбалауға селсоқ қарайтынын растады. Сол себепті жуық арада тұрғындардың малын аралап, олардың сырғалары мен таңбаларының болуын тексеріп, тәртіпке бағынбаған тұрғындарды жауапкершілікке тарту мәселесін қолға алмақшы. Еркін жайылып жүрген малды уақытша ұстау орындарына қамау мәселесі де өзекті. 2023 жылы округ бойынша қараусыз жүрген 197 мүйізді ірі қара, 18 жылқы айыппұл тұрағына қамалған. Тұрғындар айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Заң бойынша малды уақытша ұстау орындары сенімгерлік басқаруға берілуге тиіс. Бірақ айыппұл тұрағын сенімгерлік басқаруға алатын кәсіпкерлер табылмай тұр. Себебі малын даулап келген тұрғындар кәсіпкерге өкпе артып, тіпті жаға жыртысуға дейін барады екен. Қазіргі уақытта ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері малды айыппұл тұрағына өздері айдап алып келіп, иесі табылғанша, жем-шөбін өздері береді екен. Бұл үшін бюджеттен бір тиын да қарастырылмаған. Мал азығын сатып алу үшін әкімдіктегілер өз қалтасынан ақша шығарады не шаруа қожалықтары қолұшын созады.

Жылтыр таспалар да тиімді

Облыста жол-көлік апаттарын азайту үшін түрлі тәсіл тәжірибе жүзінде қолданылып келеді. Екі жыл бұрын Чапаев ауылы әкімдігі жол бойында мал бағатын шаруа қожалықтарына жарыққа шағылысатын лента таратқан. Жылтыр лента жылқы мойнына немесе құйрығына тағылады. Ауыл әкімінің орынбасары Сәкен Сарбөпеев бұл ленталардың жолдың жанында қылқұйрықтылардың жүргенін алыстан аңғаруға сеп болатынын айтты. Түнде көлік жарығына шағылысып көрінеді. Бірақ бұл тәжірибе қолданысқа жаппай ене қойған жоқ. Алты айға жетпей жылтыр таспаның түсі оңып, бозарып, пайдасыз болып қалады. Әрі кеткенде бір жылдан кейін лентаны ауыстыруға тура келеді. Десе де, қауіпті жол-көлік оқиғалары адам тағдырымен байланысты ескерсек, титімдей тәсіл тағдыршешті сәттерде өте тиімді болып шығуы мүмкін. Сәкен Сарбөпеев негізінен шаруа қожалықтарының малын шашау шығармай бағуға тырысатындарын, ауыл тұрғындарының малды ортақ табынға қосуға мойын бұрмай отырғанын нақтылай түсті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру оңынан ықпал етуі мүмкін екенін айтты. Себебі кооперативтердің негізгі міндетінің бірі – мал бағымын ұйымдастыру, бақташы табу. Ауыл бюджетінен бақташыларға жалақы қарастырылмаған. Олар тұрғындардың төлейтін ақшасын місе тұтады. Ал кооперативтер малшыларға жоғары жалақы тағайындауға қауқарлы.

ердаулет

– Былтыр Ақжайық ауданында 47 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 28-і жылқымен байланысты болса, 19 дерек ірі қара малға қатысты. Екі адам жарақат алды. 31 жол-көлік оқиғасында үй жануарының иесі анықталмады. Оның басты себептері – жылқы малының таңбаланбауы, ірі қараның құлағында сырғасының болмауы. Мал иесі немесе бақташы жол бойында арнайы белгі тұрған тұстан өздері қадағалап, жолдың арғы бетіне өткізіп жіберуге тиіс. Бұл жерде автокөлік иелерін де ақтауға болмайды. Олар көлікті жүргізгенде белгіленген жылдамдық шегінен асырады. Тұжырымдап айтсам, екі тараптан да кінә бар. Мал иесі анықталған жағдайда оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабының 2-бөлігі бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде – 36 920 теңге айыппұл салынады. Жеті күн ішінде құқықбұзушы айыппұлдың 50 пайызын өтейді. Қаңтар айында көліктердің жылқыларға соқтығысуына байланысты алты дерек тіркелді. Бірақ алтауында да иесі анықталған жоқ. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы құрылымның өкілдерімен бірлесіп, көлік жүргізушілері мен тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Автожол бойында жылқы мен сиыр малының макеттері, жылдамдықты азайтуға байланысты ескерту белгілері орналастырылған. Мал сұлбаларын алғаш көрген көлік жүргізушілері жылдамдығын азайтатын кезі де болады, – деді Ақжайық аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Ердәулет Бисенғалиев.

жол апаты (1)

Жол инфрақұрылымын жетілдірілу керек

Еліміздегі автожолдар желісі жиі сынға ұшырайды. Үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары жөнінде жауап жолдауды сұрап, ҚР Ішкі істер министрлігіне бірнеше сауал жолдадық. Министрлік көп ұзатпай жолдаған мағлұматқа сүйенсек, мал және жан-жануардан қорғанудың ең тиімді әдісі – қапталы қоршалған, биіктетілген заманауи автожолдар салу. Шетелде де мұндай тәжірибе өте тиімді деп саналады.

жол апаты (2)

«Қазіргі уақытта 1-санаттағы жолдар, 4 және одан да көп жолағы бар жолдар елімізде тек 2% ғана (148 мың шақырымның 3 мыңы). Көпшілігі ескі стандартпен салынған. Олар екі жолақты, ені 7 метрден аспайды. Заманауи магистральдар жол қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Атап өтер жайт, магистраль жолдардың жекелеген учаскелерінде өлім-жітім 6 есеге қысқарған. Мысалы, «Астана–Щучинск» тас жолы 3-санаттағы жолдан 1-санаттағы жолға ауыстырылғаннан кейін жол апатының төмендеу үрдісі байқалады. Біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, магистраль жолдардың пайыздық көлемін арттыру қажет деп есептейміз. Сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың жол ережесі тәртібін сақтамаудың төмендігіне байланысты проблема туады. Жол-көлік оқиғаларын талдау көрсеткендей, жылдамдық режимін бұзу негізгі қауіпті фактор болып отыр. Осы жылдамдықты сақтамаудың салдарынан қарама-қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілерді қағу, аударылу оқиғалары жиі болады. Сондықтан ішкі істер органдары жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауын бақылау, жол жүрісін қадағалау бағытында жыл бойына көптеген жедел алдын алу шарасын өткізеді. Оның қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдары бетінде уақытылы жарияланып отырады», – делінген құзырлы ведомство жолдаған хатта. Оған қоса біз атап өткен жылтыр таспаның қолданысқа неге енгізілмей отырған себебін де жазды. «Тұрғындармен кездесу барысында мал иелеріне жылқы, сиырларының мойнына жарыққа шағылысатын материалмен жасалған бау тағуға кеңес берілген еді. Алайда, мұндай ұсыныс қолдау таппады. Мал иелерінің айтуынша, бұл ұрыларға малдың қайда жүргенін алыстан байқауға септеседі екен», – делінген ресми ақпаратта.

Электр бақташы

Автожолдарды реконструкциялау орасан зор қаражатты талап етеді. Дегенмен қолданыстағы автожолды жаңғырту жобасы Батыс Қазақстан облысында жүзеге аспақ. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Дамир Тілеубаев Атырау–Орал трассасы 2026 жылдан бастап қайта жаңғыртылатынын хабарлады.

дамир

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020 - 2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бұл күре жол І санатты автожолға ауыстырылмақ. Жоба бойынша облыс аумағында жол бөлігінде мал айдауға арналған 38, ауыл шаруашылығы техникалары өтетін 24 өткел (туннель) қарастырылмақ. Бұл жоба көлік қозғалысының қауіпсіз бола түсуіне елеулі әсер етері анық.

Қазіргі уақытта электр бақташыны қолданысқа енгізу біртіндеп тәжірибеге еніп келеді. Электр бақташы – белгілі бір учаскені қоршауға арналған, жіңішке сымында электр тоғы жүріп тұратын, күн көзінен қуат алатын құрылғы. Тоқ күші аса қауіпті емес. Сымдағы кернеуден секем алған жануар кері бұрылуға тиіс. Атырау – Орал жолының мал көп шоғырланған учаскелеріне (409–412, 422–425) 6 шақырым электрбақташы сымы тартылған. Бірақ бұл жобаны сәтті деуге келмейді. Мәселен, 2021 жылы Самал мен Бударин ауылдары арасында осындайн құрылғы орнатылған. Дәлірек айтқанда, Атырау – Орал автожолының 409–412 шақырымы аралығында биіктігі 1,5 метр болатын 300 тірек орнатылып, 12 000 вольттық сым тартылған. Импульстік генератор күн панелінен 100 Вт ток күшін алып тұрған. Бірақ тонаушылардың кесірінен электр бақташы жоғалып тынды. Кейбір шаруа қожалықтары бұл құрылғыны мал бағу үшін пайдаланады. Қожалық иелерінің айтуынша, жайылым жердегі өз учаскесін қоршап, малды белгілі бір маусымда қамап ұстауға тиімді. Бірақ мал үзіп кеткен электр сымдарын тез арада жалғап тұруы керек. Егер жол бойында орнатылса, оны күтіп ұстайтын маман тағайындалғаны дұрыс.

Көп елге ортақ мәселе

Әлемде жол үстіне аңдардың, жануарлардың шығып кетуінен болып жатқан оқыс оқиға көп. Сол себепті дамыған елдер бұл мәселенің шешімін табуға тырысқан. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметке сүйенсек, Францияда алғаш рет экодук салынған. Экодук – жол астына немесе үстіне салынған жасыл өткел. Экологиялық тұрғыда қауіпсіз әрі жануарлардың алаңсыз өтуіне өте тиімді. Бұл құрылыс жобасын кейін басқа мемлекеттер тәжірибе жүзінде жүзеге асырды. Финляндияда жол үстіне бұғыларға арналған 15 жасыл көпір салған. Нидерландыда 60 экодук бар. Елімізде осындай биоөткелдер салуға болады. Әрине, өте қымбат жоба, оған инвестиция тартылуға тиіс. Жануарлар үшін өте тыныш, ыңғайлы тұста салынуы керек. Әсіресе, Батыс Қазақстандағы киік миграциясын ескерген жөн. Жерасты өткелдерін салу жасыл көпірге қарағанда әлдеқайда арзанға шығатыны анық.

АҚШ-тың Вайоминг штатында мемлекет қорғауына тұяқты жануарлар көшін бақылайтын визуал карта жасақталған. Осы карта есебінен автожолдарды жануарлардың қай тұстан кесіп өтетінін, қай жерде өткелдер барын білуге болады. Сол үшін жануарлар табынында жүргендерге арнайы GPS алқа іліп қоятын болған. Көрші Ресей елі де «жол ереже бұзатын» жануарлармен болатын жол-көлік апаттарының алдын алу мәселесіне бас қатырып келеді. Осыған байланысты қолданған амалдарының бірі – автожолдың екі жағындағы ойпаңды, оның маңындағы қырлықты арнайы пестицидпен улау. Себебі ойпаң жерге су жиналады. Ал су молынан сіңген жерге түрлі шөп өседі. Осының себебінен төрт түлік жолдың жанында жайылғанды жөн көреді. Автожолдар бойына малды үйір қылатын өсімдіктердің өсуіне де тосқауыл болу да ақылға сыйымды дүние секілді.

Қорыта айтсақ,

  1. Ауылдық округтерде мал бағымы тиісті деңгейде ұйымдастырылмайды. Әсіресе, ірі автожол бойында орналасқан ауылдардан бақташы табуды жергілікті шаруалар мен округ әкімдіктері бірлесіп шешуге тиіс. Әсіресе, жол бойына орналасқан ауылдарда бақташысыз малды жайылымды  жібермеуге қатысты арнайы талаптар, заң баптары қабылдануы керек. Қазіргі уақытта шаруалар не ауыл тұрғындары бақташы таба алмайды. Өйткені мал бағудың қиындығы көп. Сол себепті көбі жоғары жалақы сұрайды. Осы мәселелердің шешімін тапса, жайылымдағы мал қараусыз жүрмес еді. Бақташыны жұмысқа тарту мәселесі өте өзекті. Бұл мәселені жергілікті атқарушы құрылымдар өз күшімен шешуге міндетті. Әкімдіктер елді мекенде бағусыз жүрген малды айып тұрағына қамайды. Бірақ ол жерде малды күтіп-ұстау, оны қарайтын кісі белгілеу қарастырылмаған. Осы кешенді мәселелер шешілсе, бағусыз жүрген мал болмайды. Бұл жол апаттарын азайтуға елеулі себепші болады.
  2. Батыс Қазақстан облысында 2020 жылдан бастап малға жылтыр лента тағу ұсынылды. Осы бастама қолға алынғанымен, аяқсыз қалды. Жылтырақ баулар шаруаларға таратылды. Көлік жүргізушілеріне әсіресе түнде қауіп төнеді. Көлік жарығына көбіне ірі қара мен жылқылар тіке жүгіреді. Осы кезде тағылған лента шағылысып, көзге бірден түседі.
  3. Қазіргі уақытта облыста жол сапасы өте нашар. Жол санаттары да төмен. Негізінен республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды І дәрежелі жолға ауыстыру үшін күрделі жөндеу жүргізілсе, жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жеңілдей түседі. Жолдың екі қапталына қоршау салынар еді. Сонда үй жануарлары, аңдар жолды бейберекет кесіп өтіп, қауіп төндірмейді.
  4. Облыста шаруа қожалықтары электробақташы қолдана бастады. Шешім ретінде қожалық тәжірибесін зерттеу керек. Қожалық жері электр тоғы жүретін сыммен қоршалады. Әсіресе, жолдарға жақын орналасқан қожалықтар электр бақташыны қолданса, қараусыз мал жолға шықпай, өз учаскесінде бағылар еді. Көлік жүргізушілері де жол ережесін сақтауы керек. Сонымен қатар автожолдар бойына камералар қою жүргізушілердің жылдамдықтың тежеуіне себеп болады. Тәжірибе бойынша, 100км/сағ жылдамдықтан 80 км/сағат жылдамдыққа баялауту, мал мен жан-жануарға оқыс соқтығысудан сақтайды. Сонымен қатар жаңа көліктер (ақылды көлік жүйесі) тепловизор, инфрасәуле арқылы түнде алдағы қауіпті ескертетін бағдарламаларды қолдана алады. Қазіргі уақытта мал көп жүретін учаскелерде ескерту белгілері орналастырылған. Бірақ ол тиімділігін көрсетпей отыр.
  1. Шетел тәжірибесін кеңінен зерттеп, тиімдісін қолданысқа енгізу керек.

Нұртай Текебай

Бұл материал «Solutions Journalism Lab» жобасы аясында журналистиканың шешімдері жанрында жазылған және автордың жеке пікірі мен ұстанымын білдіреді

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале