16.12.2023, 16:06
Оқылды: 2517

"Аяқ киімім мұз болып қатып, жүруге жарамсыз болып қалды". Желтоқсан оқиғасының куәгері Ұлбала Әлішева қанды алаңда көргенін айтып берді

Биыл тәуелсіздігімізге 32 жыл толады. Қазақстанның тәуелсіздік алуына қыстың ызғарлы суығында болған Желтоқсан оқиғасының қосқан үлесі зор. Қазақ қоғамының жадында ерекше сақталған Желтоқсан оқиғасына 37 жыл толып отыр. Осы тұста Massaget.kz тілшісі сол күні алаңға шығып, қатысқан, болған жағдайды өз көзімен көрген, Алматы қаласының тұрғыны Ұлбала Әлішевамен әңгімелесіп көрді.

image_b

Ұлбала Әлішева 1986 жылы С.М. Киров атындағы КазГУ-дың журналистика факултетінде 1 курс студенті болған. Жасы 19-да, мектеп бітіргеннен кейін 1985 жылы алдымен дайындық курсына қабылданған.

Ұлбала Әлішеваның айтуынша, дайындық курсында бірге оқитын Нұрымжанмен дос ретінде араласып бастаған.

"Біз дайындық курсынан бастап дос болдық. 1 курста алаңға да бірге бардық. Сол күндердегі қанды қырғында да екі күн бойы қол ұстасып қатар жүрдік. Әрине, бейбіт шеруге шыққан жастарды қаруланған әскерилер сапер күректерімен, шоқпар қалқанмен тықсыра қуып, аямады. Сондайда бір-бірімізден көз жазып та қалған сәттеріміз болды. Кешке қарай өрт сөндіру көліктермен су шашқан сәтте шылқып су болған аяқ киіміме мұз қатып, жүруге жарамай қалған соң екі қыз түнделетіп жаяу жатақханаға келдік", - дейді ол.

Студенттік өмірдің алғашқы жылдары Желтоқсанмен тұспа-тұс келген Ұлбала апайымыз алаңға қалай барғанын айтып берді.

"Таңертең 101, 102 топ бір аудиторияда дәріс тыңдап отырдық. Алаңға жиналған қауым туралы ақпаратты таңғы жаңалықтардан, газеттен оқып хабардар болып отыр едік. Біреу аудиторияның есігін ашып, "қазақ жастары алаңға жиналып жатыр екен" дегенде ойланбастан бірден алаңға кеттік. Әрине, топта алаңға бармай қалған балалар да болды", - дейді ол.

Желтоқсан оқиғасының куәгері алаңға неліктен ойланбастан барғанын түсіндірді.

17 желтоқсанда қазақ жастарының алаңға шығуына әрине Д.А Қонаевтың орнынан түсуі себеп болған еді. Бұл жылдар бойы жиналған империялық зорлыққа, мен қазақпын деп қасқая тұрып айта алмай тілі байланып келген азапқа қарсы көрсетілген қарсылық еді.

Біздің бабалардың қанымен қорғалып мұраға қалған қаншама жерімізді талан-таражға салды, оңтүстіктегі жерімізді Өзбекстанға, солтүстіктегі жерімізді Ресей аумағына кіргізіп жіберді, Семейде ядролық полигон ашып, халқымызға лабораториялық сынақ жасады, Байқоңырда білгенін істеді. Оның зардабын қара халқымыз әлі күнге дейін шегіп келеді. Содан бері жиналып келе жатқан ашу-ызаның барлығы бір күнде бұрқ етіп, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақ сол кезде алаңға шықты деп ойлаймын", - деп түсіндірді ол.

Ұлбала апайымыз тәуелсіздікке қол жеткізуімізге алаңдағы жастар септігін тигізді деп санайтынын айтты.

"Мен ғасырлар бойы арман болып келе жатқан тәуелсіздікке қол жеткізуге біздің арпалысымыз, жастар қозғалысы септігін тигізді, жол ашты деп ойлаймын. Қатып қалған Кеңес дәуірінің іргетасын босаттық, тоңын жібіттік. Бізден кейін Әзірбайжан, Балтық елдері, Грузия республикалары да өз қарсылықтарын білдіріп, қозғалыс жасай бастады. Ұзаққа созылмай, араға бірнеше жыл салып, Кеңес дәуірі құлады. Тәуелсіздікке бастау болған, жол ашқан, қазақ жастарының қаһармандығының арқасында тәуелсіздікке, егемендікке қол жеткіздік", - дейді ол.

Университет әкімшілігі алаңға барған барлық студенттің тағдырын үлкен комсомолда талқыға салды. Әр факультеттен қаншама студентті комсомолдан шығарып, бірқатарына қатаң сөгіс беріліп, ескерту жасап жатты деген Ұлбала апайдың сөзінше, комсомолдан шыққан адам, автоматты түрде оқудан да шығады.

"Біздің курсқа да кезек келді. Екі топ түгел сабақтан шығып алаңға кеткенбіз. Жиналыста бізді алаңға шығуға кімнің бастап апарғанын айтпасаңдар екі топтың старостосы мен комсоргын оқудан, комсомолдан шығарамыз деп қорқытты. Мұны естігенде 102 топтың комсоргы Гүлмира есімді қыз қысылып құлап қалды. Мектепті Алтын белгімен бітіріп оқуға қабылданған жас бала үшін бұл ауыр соққы болды. Гүлмираның жағдайын көрген Нұрымжан мен Ормаш орындарынан тұрып, "мен бастадым, егер біреуді жазалау керек болса, мені жазала" деп өз мойындарына алды. Ормаш марқұм ол кезде әлі кішкентай, 17-ге енді аяқ басып жатқан бала болса, Нұрымжан әскерге барған, екі жылдық тәжірибесі бар азамат еді. Сол кезде университет комсомол комитетінің секретары Баяндаров Ормашты орнына отырғызып, Нұрымжанға "сенен шығады, сені жазалаймын" деп бірден шүйлікті. Нұрымжан бүкіл курсты жазадан құтқарып қалу үшін өзі мойнына алып тұрғаннан кейін оған қатаң сөгіс жариялады, ал бізге қатаң ескерту берді. Сонымен жиналыс аяқталды", - дейді Ұлбала апайымыз.

Мәселе комсомол жиналысымен біте қоймады дейді желтоқсаншы. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері студенттің әрқайсысын сабақ үстінде біртіндеп шақыртып, сұрақ-жауап алып жүрген.

"Ол кездегі қобалжу, үрей екі күн алаңда жүргеннен де қиын болды. Бізді жарты жыл бойы біресе аудандық ішкі істер бөлімі тергеушілеріне, біресе Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне, одан қалды қаладағы өзге ұлт өкілдерінің көзқарасы тіпті күйзелтіп жіберді. Бізді жаңылыстыру үшін қанша жерден сұрақты айналдырып әкеп қойса да, ешкім "бізді мына адам жетектеп, жүр деп айтты" деп айтпады. Бәріміз алаңға өз қалауымызбен бардық деп жауап бердік. Өз басым ешкімді ұстап бермедім, суреттен ешкімді білмеймін деп, танысам да танымаймын деп жауап қаттым.

Кейін қазіргі Бостандық ауданы бұрынғы Калинин ауданның АІІБ шақырды. Тергеушінің сұрағына тура баяғыша жауап бердік. 6 айдан кейін "білмей қалдым, екінші рет қайталанбайды, кешіріңіздер" деп түсініктеме жазып бердік. Бізге не жазатынымызды сөзбе-сөз айтып тұрды", - дейді желтоқсаншы

Нұрымжан 10 күнге түрмеге қамалған.

"Комсомол комитетінің жазалауынан кейін "Мен бастадым" деп мойнына алғаны үшін Нұрымжанға 10 күн, Сейсенге 7 күн, екінші топтың топбасшысы болғаны үшін Ғазизге 7 күн, комсорг Гүлмираға 5 күн қамауға шешім шығарылды. Қыздарды "Целинный" кинотеатрының астындағы изоляторға, жігіттерді бірінші Алматыға жақын ет комбинатының жанындағы түрмеге қамаған", - дейді ол.

Сессияны жақсы тапсырып қысқы демалыс басталса да, Ұлбала апайымыз демалыста ауылына қайтпай, ұнатқан жігіті Нұрымжан қамалған түрмеге тамақ тасыған.

"Сонымен, Нұрымжанды түрмеге алып кеткен соң мен жатақханада қалдым. Қолдағы бар жиған-тергенімізге тамақ алып түрмеге апарып тұрдым. Жүрегі қазақ деп соққан аға сержант шеніндегі Бақытбек есімді түрме қызметкері әр барған сайын мені Нұрымжанмен кездестіріп тұрды. Оған да рақметімді айтамын. Осылай жүргенде 10 күн өтіп, 11 күні достарымызбен қолымызға гүл алып, әндетіп Нұрымжанды түрмеден шығарып алдық", - дейді кейіпкеріміз.

Желтоқсаншы Ұлбала апайымыз Желтоқсан оқиғасы қазіргі жолдасы Нұрымжанмен арақатынасының беки түсуіне түрткі болғанын айтты.

"Дайындық курсынан бастау алған біздің достығымыз махаббатқа ұласып, шаңырақ көтердік. Құдай берген балаларымыздан бұл күнде немерелерімізді ойнатып, ата-әже атанып отырмыз.

Қазіргі жастарға да айтарым осы, бастарыңа іс түскенде дереу бұқпантайлап әркім өз басын алып қашпай, қандай қиындық болса да бірге көтеріңдер. Сонда ғана өмірдің мәні, махаббаттың нәрі болады деп айта аламын", - дейді желтоқсаншы.

Ұлбала Әлішева желтоқсаншыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке қатысты да өз ойын бөлісті.

Бүгінгі Тәуелсіздігімізге желтоқсандықтардың тікелей ықпалы бары рас. Сол себепті Үкіметіміз ең алдымен, желтоқсанды тарихи тұрғыдан сараптап, саяси бағасын беруі керек, оны "оқиға" емес "көтеріліс" деп ресми түрде мойындауы керек. Оның сан түрлі себебі бар. Сондықтан да желтоқсаншыларды "Тәуелсіздік қаһармандары" деп бағаласа деймін. Алаңға шыққан шамамен 60 мың жастың ішінен 10 мыңы ұсталып қамалып, оқудан, жұмыстан шығарылып жазаланған. Тіпті, қаншама жоқтаусыз кеткен марқұм мен ауыр жарақат алса да дәрігерге қаралмай тіркеусіз емделгендер бар. Жұмыстан дәйексіз шығарылып қудаланғандар қаншама. Баласы алаңға шықты деп ауылдағы әкесі жұмыстан, партиядан шығарылып, жазаланғандар да бар. Ең ақырғысы сол кездегі жарақатының салдарынан, үстіне шашқан сулары мұз болып қатып табанынан өткен ызғардан бойын суық алып, созылмалы дертке шалдығып, жарымжан болып жүргендер қаншама. Олар дәлелді қайдан алады? Оның өтеуін кімнен сұрайды?!

Ақталған желтоқсаншылар көбейгенде ғана статусқа, әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Сондықтан бөліп-жармай бәрін бірдей ақтау керек", - дейді ол.

Кейіпкеріміз Ержан Момышұлымен бір курста оқығанын бөлісті.

"Ержан Момышұлы біздің курста оқитын. Ақша бітіп, жігіттерге енді бүгін не апарамын деп отырғанымда Ержанның анасы Зейнеп Ахметова апай ет пісіріп және азын-аулақ ақша беріп жіберіпті, қуанғаннан өзім ауыз да тимей ала сап, суып қалмаса екен деп түрмеге қарай тұра жүгіріппін ғой. Міне осыдан кейін жүрегі қазақ деп соғатын тұлғалардың бәрі жастарды қолдағанын түсінуге болады", - дейді ол.

a5054363e54b8721f98ec80f1818b764

Фото: Жеке архив. Зейнеп Ахметова, Нұрымжан Мауытов, Ұлбала Әлішева

Кейіпкеріміз бүгінде елімізде желтоқсаншылардың 16 ұйымы бар екенін жеткізді.

"Бүгінде елімізде заң бойынша тіркелген желтоқсаншылардың 16 ұйымы бар. Өзім "Желтоқсан - Алматы" ұйымына тіркелгенмін. Ұйымның арқасында бәріміз араласамыз, түрлі спорттық ойындар жарыстар өткізіп, әкімшілік тарапынан іс-шараларға шақырып тұрады. Ұйым болып Талғардағы "Тәуелсіздік" паркіне өз қаражатымыздан "Желтоқсан қаһармандары", "Алаш Арыстарына тағзым" деп екі жерге ескерткіш орнаттық, мерекелерде гүл шоқтарын қойып, тағзым жасаймыз, - дейді ол.

Желтоқсан куәгері жастарға қалтаның қамын ойламай, елдің жайын ойлап, қызмет етуге кеңес берді.

"Қашан да қазағым, елім үшін деп қызмет қылыңдар. Қалтаның қамын емес, елдің жайын ойлайтын азамат болыңдар. Жаңа Қазақстанды құру жолында ең алдымен ұлттық құндылығымыз - ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуіміз керек. Ұлтарақтай жерімізге қорған бола білейік. "Білімді мыңды жығар" дегендей білімді, патриот азамат болыңдар дегім келеді. Тілі жойылған ұлттың өзі де жойылады. Жастардан сұрайтыным, ана тілінде сөйлеуге намыстанбаңдар. Рухты азамат болыңдар", - деп кеңес берді Тәуелсіздік қаһарманы Ұлбала Әлішева.

Айта кетейік, бұған дейін Желтоқсан көтерілісі туралы 10 кітап тізімі хабарланған болатын.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале