Кең даланың төсінде қоныс тепкен Ақжайық ауданына қарасты Алғабас ауылының әр таңы өзінше ерекше. Самал желі есіп, мал өріске бет алған шақта ауыл тіршілігі де қыза түседі. Осындай қазақы ортаның ажарын арттырып жүрген жас мамандардың бірі – кітапханашы Шынар Болатова.

Ол 2021 жылдың қазан айында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы отбасымен бірге туған өлкеге оралады. Бүгінде ауылдың рухани өміріне серпін беріп жүрген маманның туған жерін таңдауы кездейсоқ емес. Себебі оның өмір жолы да, алған тәрбиесі де ауылмен біте қайнасқан.
Ауылға қаладан алғаш келген жылдары мемлекет ұсынған қызметтік үйде тұрған жас отбасы кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының көмегімен өз баспанасына қол жеткізді. Бүгінде Шынар Алғабас ауылдық кітапханасы – комьюнити орталығында еңбек етеді. Кітапхана ісі бойынша жоғары білім алған маман өз жұмысын жай ғана жұмыс емес, елге қызмет етудің бір жолы деп қабылдайды. Оның бастамасымен жүзеге асып жатқан «Туған жерге тағзым» жобасы ауыл тарихын жаңғыртуға бағытталған. Жоба аясында өңірден шыққан ақындар, күйшілер, еңбек адамдары мен елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмір жолы зерттеліп, кейінгі ұрпаққа насихатталуда. Кітапханада оқырман конференциялары, әдеби кездесулер, тарихи-танымдық кештер тұрақты өткізіліп келеді. Ұлттық кітап күніне арналған іс-шаралар да ауыл тұрғындарының қызығушылығын арттырып, жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін оятуда. Өз ісін ерекше жақсы көретін кейіпкеріміз аз уақыттың ішінде аудандық кітапханашылар байқауында топ жарып, үздік жас кітапханашы атанып үлгерген. Қаладан ауылға оралған жас отбасының басты мұраты – елге қызмет ету, ауылдың өркендеуіне өз үлесін қосу. Ол еңбек жолында өзін озық идеяларымен қанаттандырған Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева мен ұзақ жыл Ж. Молдағалиев атындағы орталық әмбебап ғылыми кітапхананы басқарған, еңбек ардагері Роза Исатаеваның есімдерін құрметпен атайды.
Жас маманның ауыл тірлігіне етене араласып, алаңсыз еңбек етуіне жұбайы, ата-енесі, үлкен енесі де қолдау көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын келін болып түскен күннен бастап Шынар қазақы тәрбиенің қайнарынан сусындады.

Ата-енесі келіннің келген жерін жатсынбай, қара шаңырақтың салт-дәстүрін бойына сіңіруіне ерекше мән береді. Алғашқы екі жылда кейіпкеріміз қырдағы тіршілікке араласып, ауыл шаруасының бар қырын меңгерді. Атқа мініп, қой қайырды, мотоцикл тізгіндеді, трактор айдауды үйренді. Қой қырқып, сиыр сауып, ошақ жағып, еңбекпен шыңдалды. Бұл жолда оған бағыт-бағдар берген жандар аз емес. Әулеттің үлкені 90 жастағы Ақзияш әже мен ата-енесі Бейімбет пен Зоя қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, қара шаңырақтың қадірін ұғындырды. Шынардың 90-ға келген үлкен енесі Ақзияш әже әлі күнге сиыр сауып, үй тірлігіне көмектеседі. Ақ босағаны имене аттаған кезінде Ақзияш әже «Менің жасымды берсін, жолымды берсін» деп ақ тілегін айтып, келініне өзінің сырғасын табыстап еді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрмен сыйланған сол әшекей бүгінде жас келін үшін асыл аманатқа айналған. Әже сыйлаған сырғаны ол болашақта өз ұлының жарына табыстауды парыз санайды.

Бүгіндері Шынардың бір шаңырақтың шамшырағына айналып, келісті келін болып қалыптасуына әжесі Жаңылсын, әке-шешесі Марат пен Гүлбаршын да зор ықпал еткенге ұқсайды. Өйткені ол бізбен әңгімесінде әжесінің тәлімін көргенін, кітапқа деген сүйіспеншіліктің атасынан дарығанын мақтанышпен қайта-қайта айтты. Ауылда қарапайым тірлік кешкен ата-анасы балаларына мейірім мен адамгершіліктің үлгісін көрсетті. «Өзің жеткен жетістік өзің үшін ғана емес, елге қызмет еткенде құнды болады» деген әжесінің сөзі оның өмірлік ұстанымына айналған.
Үш баланың анасы атанған кейіпкерімізге отбасы мен қызмет бір-біріне кедергі емес. Керісінше, бірін-бірі толықтыратын қос құндылық секілді. Әр кез отбасымен қатар кітапханасының қамын ойлап жүретін келіншегін жұбайы Мерхат Тілепқалиев терең түсініп, оның әр бастамасына қолдау көрсетеді. Іссапар барысында жас отбасының жарасымды тірлігіне біз де куә болдық. Күні бойы бізбен ауылдарды аралап, кейіпкерлермен кездесіп, үйіне қас қарая қонақтарымен бірге оралған Шынарды Мерхат қабақ шытпай күтіп алды. Өзі жеке кәсіппен айналысатын Мерхат Бейімбетұлы сол күні жан жарының алаңсыз жүруіне жағдай жасап, өзі үш баланы қарап қалыпты. «Менің әр бастамама қолдау көрсететін өмірлік жарыма ризамын. Қандай жетістікке жетсем де, оның артында жұбайымның сенімі мен қолдауы тұр» дейді Шынар.
Үлкен ұлдарының есімін Беймұрат деп Бейімбет атасы өзі қойған. Арғы аталары Сұлтанмұрат, Қожамұрат, Ғалимұрат болып кете беретіндіктен сол кісілердің Мұрат буынын алып, өзінің Бей буынын қосып Беймұрат деп атаған. Аталарының есімін алып жүрген жас шаңырақтың тұңғышы Беймұрат қазірден қағілез, спортқа бейім болып, соңынан ерген інісі мен қарындасына қамқор болып өсіп келеді екен.

Кейіпкеріміз Шынар Маратқызы ауылға алғаш келген күндерін ерекше жылылықпен еске алады. Ауыл адамдарының ықыласы жас отбасының жүрегінен орын алған.
«Бірі ата-анамызды таныса, бірі өзімізді таниды. Ауыл адамдарының бәрі дерлік бізге есік көрсетіп, ерулікке шақырып, төріне шығарып қонақ қылды. Ақ жарқын көңілдерімен құшағын жайып қарсы алды. Бізді жатсынбай, бауырына басты» дейді ол.
Іссапар барысында байқағанымыз, шынымен, Алғабас ауылы қазақы қалпын сақтаған ауылдардың бірі екен. Қай үйге барсақ та көжесі мен бауырсағын ұсынған қазақы көңілдер... Бұл ауылда үлкенге құрмет, кішіге ізет жоғалмаған. Бір-бірінің баласын өз баласындай көретін, қолындағысын бөлісетін ауыл адамдарының кең пейілі жас отбасының ауылға тез сіңісіп кетуіне сеп болғаны анық. Осындай қасиетті топырақтың перзенті екенін мақтан тұтатын жас маманға біз де сәттілік тілеп қоштастық.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»