10.03.2023, 9:15
Оқылды: 43

«Әжелер бесік тербейді...»

Осындай атаумен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында халықтық «Әже сәлемі» вокалды тобының 20 жылдығына арналған концерт өтті.

333032895_988558095857837_165752336745668768_n

Аталған іс-шарада орталықтың директоры Бауыржан Халиолла «Әже сәлемі» вокалды тобының жетекшісі Мәнзилә Нұрмұханбетоваға құттықтаухат ұсынып, естелік сыйлық табыс етті.
– Бұл өнегелі ұжым өңіріміздегі мәдени іс-шараларға белсене қатысып жүр. Бүгінде ансамбль осы орталықта өтетін кештерде өнер көрсетуге дайындалып, емін-еркін шығармашылықпен шұғылдануда. Қазақ халқы үшін ата мен әже – даланың данышпандары, бейресми академия. Әженің тәрбиесін алған бала өзінен гөрі өзгенің, яғни ел-жұртының қамын көбірек ойлайды. Біз көрген әженің өңі өткен өмірдің шежіресіндей, түрі күллі тарихтың бейнесіндей болып тұратын. Осы кешке «Ағалар әуені», «Ару аналар», «Асыл әже», «Әжелер» вокалды топтары қонақ ретінде қатысып отыр. «Әже сәлемі» ансамблін 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге шығармашылық табыс пен жетістіктер тілеймін! – деді Бауыржан Ергенұлы.

Қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Ардагер» клубы ұйымдастырған кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева сөз алып, ансамбль ұжымына деген ізгі ниеттілегін ақтарды. Концертте «Сәулем-ай», «Қымыз құйғыш», «Ақтамақ» және басқа да халық әндері шырқалды. Дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген «Әже сәлемінің» өнерін көрермендер қолдап-қошеметтеп отырды.

Шара соңында қалалық мәдени-ағарту бірлестігі директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бекей Қанатов ансамбль жөнінде аз-кем мағлұмат айтып, өнер ұжымына алғысхат табыстады. Өз кезегінде «Асыл әже» вокалды тобының жетекшісі Жаңылай Арыстанова және кештің басқа да қонақтары ақжарма тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, 2013 жылы ансамбльге «халықтық» атағы берілді. Ұжым 60-75 жас аралығындағы зейнеткерлерден құралған. Құрамында «Батыр ана» атағын алған, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған және түрлі салада қызмет атқарған өнерлі әжелер бар.

Марлен Ғилымхан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале