9.04.2021, 23:20
Оқылды: 484

Азық-түлік бағасы тұрақтана ма?

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінде 19 түрлі өнім бар. Соның 15-і бойынша өңір нарығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Облыс аумағында өндірілмейтін 4 тауар ғана сырттан тасымалдануда. Олар  -  тұз, қарақұмық, күріш, қант өнімдері.  Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жан-жақты айтылды.

9A292502-753A-4AF4-9161-0743A539B897

Тұтыну бағаларының индексі

Қазіргі уақыттағы облыс бойынша тұтыну бағаларының индексі 2021 жылдың басымен салыстырғанда  103,0%-ды құрады. Негізігі баға өсімі азық-түліктің 10 түрінде байқалды. Мемлекеттік ұрылымдар ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жыл  басымен салыстырғанда (05.01.2021) бағаның өсуі төмендегідей болды:

  1. 1. Картоп 15,0% (125 теңгеден 138 теңгеге дейін);
  2. 2. Тауық жұмыртқасы 12,9% (345 теңгеден 384 теңгеге дейін);
  3. 3. Күнбағыс майы 12,9% (574 теңгеден 648 теңгеге дейін);
  4. 4. Қант 5,2% (250 теңгеден 263 теңгеге дейін);
  5. 5. Пияз 3,3% (90 теңгеден 93 теңгеге дейін);
  6. 6. Сәбіз 2,7% (112 теңгеден 115 теңгеге дейін);
  7. 7. Тауық еті 2,5% (773 теңгеден 792 теңгеге дейін);
  8. 8. Қырыққабат 2,4% (80 теңгеден 87 теңгеге дейін);
  9. 9. Қарақұмық жармасы 2,1% (340 теңгеден 347 теңгеге дейін);
  10. 10. Сары май 0,7% (2306 теңгеден 2323 теңгеге дейін).

Бағаның төмендеуі:

  1. 1. Күріш 5,5% (273 теңгеден 258 теңгеге дейін);
  2. 2. Макарон өнімдері 0,9% (216 теңгеден 214 теңгеге дейін).

Күнбағыс майы, жұмыртқа қымбат

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиеваның түсіндіруінше, азық-түлік түрлерінің бағасының өсуінің негізгі себептері өндірістік және жемшөп шикізатының, оның ішінде басқа елдерден тасымалданатын шикізаттың қымбаттауынан болып отыр. Атап айтқанда, күнбағыс майы бағасының өсуі шикізаттың, яғни күнбағыс дақылы бағасының өсуіне тікелей байланысты болды. Былтыр біздің өңірде күнбағыстың шығымы шамалы болды және пандемияға байланысты көрші елдер өз қорларын толықтыру жұмыстарын жүргізді. Мұнымен қоса, Ресей Федерациясы осы тауарға экспорттық баж салығын енгізді, бұл шикізаттың импорттық бағасын өсіріп жіберді.   

Тауық жұмыртқасы бағасының өсуі жабдықтаушылардың жем мен шикізат бағасын өсіруіне  байланысты орын алды. Сонымен қатар республиканың бірқатар облысында тіркелген құс тұмауына қатысты жағдай да әсерін тигізді. Құс азығы бағасының өсуі 25-35%-ды құрады. Ал, оның түрлеріне қарай бағасы 50-60 мың теңгеден 85-95 мың теңгеге дейін құбылды.  Көкөніс бағасының өсуі маусымдық ерекшеліктерге байланысты деп түсіндірілді.

Қабылданған шаралар

- 2021 жылғы 15 наурызда күнбағыс майына шекті бағаларды қабылдау бойынша комиссия отырысы өткізілді. Онда бір литр күнбағыс майының шекті бағасын 624 теңге мөлшерінде белгілеуге мүмкіндік бар деп шешті.  Өйткеін өндірісшінің бағасы 600 теңгені құрайды. Жұмыртқа бағасының өсуінің нақты себептері болғандықтан оған шекті бағаны қоюды дұрыс санмады, - деді Жанна Бекқалиева.

Облыс аумағында сауда желілері арасында бағалық сөз байласуға жол бермеу және жедел шаралар қабылдау үшін бәсекелестікті қорғау және реттеу департаментімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта монополияға қарсы орган монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды анықтау бойынша жергілікті атқарушы органдардың сұранысына байланысты сауда желілерінің жұмыстарына талдау жүргізуде. Заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар алынады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бекіту аясында облыс бойынша тауар өндірушілермен, сауда желілерімен және көтерме жеткізушілермен 157-ден астам меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, «Дина», «Вега» («Жәңгір хан» сауда үйі), «Лидер», «Суровский» және басқа да ірі садуа желілерімен келісім бар. Сондай-ақ ірі тауар өндірушілер мен көтерме жеткізушілер «Желаев» НӨК, «Кублей», «Жайық-Ет», «Береке», «Шанс» ЖШС-лар (көтерме жеткізуші) меморандумға қол қойды.

Әлеуметтік дүкендердегі баға

Халық үшін тауарлардың қолжетімділігі және «Алаңнан сөреге дейін» тетігін іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар «Ел ырысы» әлеуметтік шағын-маркеттерінің жобасын іске асыруда. Бұл шағын маркеттер тауар өндірушілерге өз өнімдерін халыққа тікелей, делдалсыз сату үшін ұсынылады. Бүгінгі күні 15 шағын маркет орнатылды (10 шағын маркет жұмыс істейді, 5 шағын маркет бойынша жалға алушыларға беру бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде). Жыл соңына дейін ауданы 40 шаршы метр болатын тағы 10 шағын маркет орнату жоспарлануда. Айта кету керек, пандемия басталғаннан бері (2020 жылғы наурыз) осы шағын маркеттерінің жалдау құны айына 75%-ға төмендетіліп,17 500 теңгені құрады.

Бүгінгі таңда Орал қаласы бойынша «Ел ырысы» 10 шағын-маркетінде облыстың тұрақтандыру қорынан және тікелей өндіруші мен көтерме жеткізушіден азық-түлік өнімдері нарық бағасынан төмен бағамен сатылуда:

Атауы

Бағасы,

теңге

Бір қолға беру лимиті

1

Тауық жұмыртқасы С1, ондық

360

10 дана

2

Жоғары ұрыпты ұн, кг

172

5 кг.

3

Бірінші сұрыпты ұн, кг

140

5 кг.

4

Күнбағыс майы, л

745

1 л.

5

Макарон өнімдері

202

3 кг.

6

Қант, кг (тұрақтандыру қоры)

193

2 кг.

7

Күріш

220

3 кг.

8

Қарақұмық жармасы

368

2 кг.

Бүгінгі таңда «100 сауда орны» бағдарламасы аясында www.gosreestr.kz портал арқылы көше саудасы нысандарын орналастыру үшін кәсіпкерлерге 38 жер телімі берілді.

- Орал қаласы бойынша нан-тоқаш өнімдерін өндірушілердің 50-ден астам фирмалық дүкендері (дүңгіршектері) орнатылды. Өнімдер тікелей тауар өндірушілермен, делдалдарсыз және сауда үстемелерінсіз сатылады. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және тұрақтандыру бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады,- деді Жанна Бекқалиева.

Сүт пен сүт өнімдері  - көршіден

2019-2021 жылдары өңірдегі тұрақтандыру қорын қалыптастыруға және азық-түлік түрлерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатына 350 млн. теңге бөлінген. Өткен жылы коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай енгізілген тұста азық-түлік түрлерінің бағаларын тұрақтандыруға жергілікті бюджеттен қосымша 200 млн. теңге бөлінді. Облыс халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - облыс басшылығының басты назарында.

-   Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өңірде 661 мың адам тұрады. Ғылыми негізделген физиологиялық тұтыну нормаларына шақтасақ, ұн және нан өнімдері бойынша 1 адамға жылына 109 келіден келетін болса, біздің өңірдің тұрғындарына бір жылға оның 73 мың тоннасы қажет. Былтыр өңірімізде 107 мың тонна ұн және нан өнімдері өндірілді. Бұл қажеттіліктің 148%-ын құрайды. Макарон өнімдеріне келсек, қажеттілігіміз 11 есеге, ет және ет өнімдері бойынша 2 есеге, жұмыртқамен 104%-ға қамтамасыз етілуде. Картоп және көкөніс, бақша дақылдарымен өз қажеттілігімізді 70-98%-ға қамтимыз. Бүгінде өңірде сүт және сүт өнімдері аз өндіріліп отыр. Түрғындарды азық-түліктің осы түрлерімен қамтамасыз ету бағытында бірқатар ірі инвестициялық 35 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде 20 жоба мал шаруашылығы саласын дамытуды көздейді. Мал бордақылау алаңдары, сүт-тауарлы фермалары, өсімдік шаруашылығы саласынан жалпы құны 89 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба бар. Оның ішінде жылыжай кешендері, көкөніс өңдейтін және сақтайтын орындар салу,  жалпы құны 720 млн. теңгені құрайтын  үш жоба (сүт зауыты және біреуі кеңейту бағытындағы) іске асырылады. Осы жобалар іске асырылған кезде облыстың сүтке және сүт өнімдеріне деген қажеттілігі толықтай қамтамасыз етілмек, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы  басшысының орынбасары Денис Омашев.

Облыста тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының  9 түрі бойынша бір айлық қажеттіліктің 10%-ы бойынша материалдық резерв қалыптасып отыр. Ондай азық-түлік түрлері қатарында 1-сұрыпты ұн, күнбағыс майы, сиыр еті, күріш, макарон өнімдері, қант, қарақұмық, тұз, тауық еті бар.  Облыстық әкімдік жанынан құрылған комиссия облыс нарығындағы бағалардың өсуіне қарай тұрақтандыру қорындағы өнімдерді саттыққа шығарып отырады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале