27.09.2024, 10:30
Оқылды: 116

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов: «Ерен еңбек берекені еселейді»

28 қыркүйек күні Бәйтерек ауданының 85 жылдығы тойланбақ. Өңіріміздің алтын қамбасы, азық-түлік белдеуінің негізін қалыптастырып отырған аудан болып саналатын Бәйтеректің облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор. Бүгінде өңір бюджеті «донорларының» бірі болатын аудан осынау мерейлі күнге қандай табыспен жетіп отырғандығы жөнінде аталмыш ауданның әкімі Марат Тоқжановпен әңгімелескен едік.

2D56956C-F855-45DD-8725-8EF19A7DD0EF

– Марат Лұқпанұлы, қойнауы қазынаға толы, жері киелі, алтын дәнді, кең алқапты, құтты мекен Бәйтерек – республика бойынша алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Бәйтеректіктер ауданның мерейтойын қандай жетістіктермен қарсылауда?

– Аудан тұрғындары үшін соңғы жылдары жасампаз істер атқарылуда. Халық бірлігінің нәтижесінде жүзеге асқан жүйелі жұмыстардан өзге өңірлер өнеге алып жатқанына қуаныштымыз. Ауданда соңғы жылдарда көптеген сала бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Құрылыс қарқын алып, инвестиция көлемі ұлғайып, ауданның бюджеті бірнеше есеге артты. Яғни бүгінгі таңда аудан бюджеті 11 млрд теңгеге жуықтады. Бәйтерек облыстағы «донор» аудандардың біріне айналды. Агроөнеркәсіптік кешен аудан экономикасын тұрақтандыру жолындағы негізгі бағытымыз ретінде айқындалды. Бірінші кезекте біз астық өндірісін дамытуға, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеуге, тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып, бау-бақша дақылдарын өсіруге, жылыжай шаруашылықтары мен көкөніс сақтау қоймаларын көбейтуге мән берудеміз. Сондай-ақ құс фабрикаларын, бордақылау алаңдарын іске қосу, асыл тұқымды малды көбейту, кооперативтер құру да назарымызда.

Қазіргі таңда жүріп жатқан егін жинау, күзгі-далалық жұмыстарға  шаруаларымыздың 1399 техникасы қатысуда. Былтыр шаруашылықтар бұрынғы техникаларға қосымша 328 әртүрлі жаңа техниканы 5,688 млрд теңгеге алғанын да айта кеткен жөн.

Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында аутокөлік жолдарының жай-күйі өзекті мәселе екенін атап өткен еді. Ауданымызда ауылдарға қатынайтын жолдардың сапасына жіті көңіл бөлінуде.

Айта кету керек, экономиканың түрлі саласының дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге тікелей әсер ететін фактордың бірі – жол. Сол себепті осы лауазымға кіріскен бойда аудан аумағындағы жолдардың жағдайын жақсартуға басымдық бердім. Бүгінгі таңда барлық ауылдық округ орталықтарына апаратын күре жолдар жөнделіп, асфальтталды. Енді бұрынғыдай лайсаң кездерде «Жедел жәрдем» көліктері ауылдарға жете алмай, ішке кіре алмай қиналатын күндер келмеске кетті деуге болады.

Жол жөндеуде шекара маңындағы елді мекендерге жіті мән берілді. Қазіргі таңда аудан аумағының ортаңғы бөлігінде орналасқан елді мекендердегі ауылішілік жолдар жаңартылуда. Бұл бағытта биылдың өзінде 10 жоба жүзеге асуда.

– Өткен жылдары шекара төңірегіндегі ауылдарға жол салынса, биыл әлгіндей елді-мекендерде жаңа үйлер бой көтеруде...

– Ауылға апаратын жол сапасы нашар болуына орай шекаралық ауылдардың тұрғындары көше бастады. Бұл өз кезегінде ондағы мектептердегі оқушылардың азаюына әкеп соқты. Егер осынау үрдіс жалғаса берсе, мектеп жабылары анық. Ал ауылдағы білім ұясы жұмысын тоқтатса, халықтың үдере көшері белгілі. Оған жол беруге болмайды. Сол себепті біз жол жөндеу жұмыстарын шекаралық ауылдардан бастадық. Былтыр кіреберіс жолдар жөнделіп бітті, көшу тоқтады. Тақтайдай тегіс жолдың арқасында қазір алыс деген ауылдық округ орталығының өзінен Орал қаласына 45-50 минуттың ішінде жетуге мүмкіндік бар.

Енді біз ол ауылдардағы тұрғын санын көбейтуді қолға алудамыз. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтеретін баспаналарды бала саны аз ауылдарда салуды қолға алдық. Қазіргі таңда үй кезегінде тұрған әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажетсінетін азаматтарға арналған 54 пәтердің құрылысы 8 ауылда (Чиров, Раздольный, Кұрманғазы, Сұлукөл, Красноармейск, Кирсанов, Шалғай, Егіндібұлақ) жүруде.  Жалпы, көпбалалы отбасыларды көшіріп алып келу сияқты тәжірибе бізде бұрыннан бар. Кезінде Достық ауылдық округіне қарасты Чувашин ауылында осындай жайт орын алғанда мектеп директоры Григорий Козлов деген азаматтың бастамасына қолдау білдіріп реттеген едік. Екі жыл бұрын Сұлукөлде, былтыр Чировта әлгіндей тәсілмен тұрғындарды көбейттік. Осы жерде тағы бір айта кетер жайт, шекаралық ауылдарда негізінен орыс тілді мектептер болды. Облысымыздың оңтүстік аудандарынан көшіп келген жерлестеріміз сол себепті қазақ мектептері жоқ ауылдарға қоныстанғысы келмейтін. Қазір олардың бәрі аралас мектепке айналуда. Осылайша, шекаралас ауылдардағы тұрғындар санын көбейтетін боламыз.

– Ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде өсімдік шаруашылығы – аудан экономикасының негізі. Бүгінгі таңда бәйтеректік диқандар мен бағбандардың  көңіл  күйі  қалай?

– Иә, жоғарыда айтқанымдай, ауданымыздың әлеуетінің негізін агроөнеркәсіптік кешен құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту, әсіресе басты бағыт егін шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында біраз жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде соңғы төрт жылда егіс көлемі 224 000 гектардан 263 000 гектарға  дейін ұлғайды. Яғни биыл аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы көлемі  263,078 мың га жерге егіс салу жұмыстарын жүргізді. Денін жазғы дәнді дақылдар (112,8 мың га) құрады. Қазіргі кезде жиналған дәнді дақылдар алқабы 170271 гектарды  құрады, орташа өнімділігі гектарына 10,5 центнерден келді. Соның ішінде жаздық дақылдардың 97674 гектар алқабынан 72681 тонна өнім алынды. Қазір майлы дақылдарды, бау-бақша өнімдерін жинау жұмыстары жүргізілуде. Күздік бидай егу  жалғасуда.

Былтырғы және одан арғы жылмен салыстырғанда биыл егін шығымы төмендеу. Мәселен, биыл қаңтар айында қардың еріп, қайта қатуы, көктемгі су тасқынының салдары күздік дақылдарға жағымсыз әсер етті. Дегенмен де, 57901 гектар жерге егілген күздік дақылдардан 89 577 тонна (15,6 ц/га) өнім алынды. Мамырда күннің салқын болуына байланысты көптеген диқанымыздың жаздық бидайды кештеу егуі себебінен бұл дақылдардан да бұрынғымен салыстырғанда өнім аздау. Жағдай солай екен деп ұнжырғасы түсіп отырған ешкім жоқ, диқандар мен бағбандарымыздың  көңіл  күйлері  жақсы.

– Марат Лұқпанұлы, «Ауыл аманаты» жобасы жөнінде не айтар едіңіз? Биыл бұл жобаға аудандағы ауылдық округтердің бәрі қатысуда деп естідік?

– Мен «ауылда жұмыс жоқ» деген сөзбен келісе алмаймын. Еңбек еткісі келетін адам бәрінің ретін табады. Бұл бағытта «Ауыл аманаты» деген тамаша жобаның берері мол. Ауылдағы ағайынның тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған жобаны жүзеге асыруда бәйтеректіктер облыс бойынша алдыңғы қатарда келеді. Сөздің шыны керек, мемлекеттен берілетін түрлі жәрдемақылар тек өлместің күнін кешуге мүмкіндік береді. Ал «Елімнің, ұрпағымның жарқын болашағы үшін еңбек етемін» деген жандар мұндай жәрдемақыға қарап отырмасы анық. Өткен жылы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 9 ауылдық округ жобаға тартылып, аудан бойынша 135 тұрғын 983,1 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, істерін бастады. Былтырғы нәтижені ескере отырып, биыл жобаға барлық ауылдық округ қосылды. 155 жоба бойынша 1 млрд 308 млн теңгеге несие алуға ниет білдірушілер анықталуда. Өткен тоғыз айдың ішінде 584 млн теңгенің 70 өтінімі мақұлданды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданымызда тауарлы мал саны азая бастағанын да айтып өткім келеді.

Тұрғындардың асыл түлікке кететін шығын аз болатынын, есесіне алынатын өнім көбейетінін түсініп, асыл тұқымды малға ден қойып жатқаны қуантады. Былтырдың өзінде ауданға осы жоба бойынша 900 бас асыл тұқымды мал келді. Бұл жерде аудандық мәслихат депутаттарының да еңбегін атап өту керек. Олар Павлодар, Қостанай секілді еліміздің өзге өңірлеріне өздері барып, қарапайым тұрғындарға асыл тұқымды малдарды жеткізіп беруге жәрдемдесті. Сөйтіп, олар шын мәнінде халық қалаулысы екендерін осындай нақты істерімен дәлелдеп  жүр.

– Бәйтерек – облыстағы ең ірі аудан.  22 ауылдық округі бар, 60 мыңнан аса тұрғыны бар.  Бүгінгі таңда осы округтердегі ең өзекті мәселелер қандай?

– Ауылдағы ағайын тарапынан көтеріліп жүрген өзекті мәселелер, негізінен, электр желілерін ауыстыру, ауылдық округтегі елді мекендердің жолын, мектептерді жөндеу, мәдениет үйлерін салуға қатысты. Мәселен, Байқоныс, Володар, Новенький ауылдарындағы электр желілерін ауыстыру мақсатында жобалық құжаттамалар дайындалуда. Осы жобалар іске асырылса, электр желілерінің тозуы 90%-дан 85%-ға дейін төмендейді және аталмыш ауыл тұрғындарын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауданымыздың көп ауылында мәдениет үйі жоқ. Ал облысымыздың шалғай аудандарында мұндай мәселе шешілген. Кезінде біздің ауданды қалаға жақын, әлеуметтік нысандар салына жатар деген ниетпен кейінге ысыра берсе керек.  Қазір Щапов ауылдық округінде жиналыс, би, спорт залдары мен кітапханасы бар мәдениет үйі бой көтеруде. Енді Достық, Макаров, Көшім ауылдарында дәл осындай кешендер салынады. Сондай-ақ Махамбет және Байқоныс ауылдарынан тез құрастырмалы спорт зал салуға жер телімі рәсімделді. Дегенмен, бұл жұмыстар ауданның ауылдарына қатысты мәселені түбегейлі шешпейді. Мәдени-спорттық нысанды қажет ететін ауылдарымыз әлі де баршылық. Биыл ауданда 4 кітапхана «Қазақстан халқына» қоры арқылы жаңғыртылуда. Кейбір ауылдардағы кітапханалар үшін де жаңа ғимараттар салу қажет.

– Аудан аумағында жерсу, көше, елді мекен атауларын Тәуелсіздік талаптарына лайықтау бағытында да жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, ономастика саласында шешімін күткен мәселе әлі де аз емес...

– Шындығында ономастика саласында мәселе болуы мүмкін емес. Жұмысты ұйымдастыру үрдісі заңмен реттелген. Ең бастысы, атауын ауыстыруға ниет білдірген көше, ауыл тұрғындары өзара нақты келісімге келіп, дұрыс ұсыныс жасаса болғаны. Бүгінге дейін ауданда идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасы жоқ атауларды заман талабына сай қайта атау мақсатында 4 ауылдық округ, 13 елді мекен, 189 көше, 7 мектеп атауы ұлттық танымға сәйкес өзгертілді.

Аудан тұрғындарымен әр кездесуімде және жеке қабылдауымда тұрғындар елді мекендерді тәуелсіздік талабына сай атауға ұсыныс жасап, орынсыз ұмытылып бара жатқан айтулы тұлғалардың еңбегін ескеріп, есімін дәріптеу туралы айтып жатады. Мен өз тарапымнан қолданыстағы заң аясында жүргізілетін жұмыстарды түсіндіремін. Дәл қазір ономастикалық жұмыстарға елімізде мораторий жарияланған.

Мораторий алынғаннан кейін халықтың ұсыныстары бойынша қайта атау жұмыстары жалғасатын  болады.      

Қорыта айтқанда, ауданда жолдар жөнделіп, мектеп, медпункт, мәдениет үйлері салынып, жаңа баспаналар бой көтеріп жатқаннан кейін тұрғындардың да көңіл күйі асқақ. Билікке деген көпшіліктің көзқарасы жақсарды. Атқарушы билік құрылымында қызмет істеп жүрген әріптестеріммен, депутаттармен бірге алдағы уақытта да ҚР Президентінің, Үкіметтің, облыс басшылығының ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы тапсырмаларын орындау мақсатында белсенді еңбек ете бермекпіз. Бірлігі бекем Бәйтеректің берекесі жергілікті халықтың ерен еңбегімен еселене бермек.

Сұхбаттасқан Сәкен Мұратұлы

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале