15.01.2021, 12:13
Оқылды: 219

Бәйтеректік Қарлығаш ескірмейтін өнерді меңгерген

Әдемі әшекей жасау кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Бұл іске үлкен қабілет-қарым, ерекше төзімділік  керек. Қайталанбас үлгілерімен көздің жауын алатын қолөнер бұйымдары қазіргі таңда халық арасында үлкен сұранысқа ие.

 Қарлығаш01

Түрлі әшекейлер жасау кәсібі тарихы тереңге кеткен өнер болса, қазіргі заман үшін ескірмес табыстың көзі. Бір кездегідей емес, қазір қолөнер бұйымдарына қажетті шикізат қолжетімді, үйренемін деген ниет болса болды.

«Еңбек ептілікті сүйеді» дегендей, саусақтары икімді, бұйым жасауға әбден ептенген бүгінгі кейіпкеріміз әшекейлер жасап, қосымша табыс тауып жүрген жан.

Переметныйлық Қарлығаш Жамиева аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы. 21 жасар бойжеткен бос уақытында әшекей бұйымдар, тасбих, арнайы безендірілген түйрегіштер жасаумен айналысады.

Қарлығаштың айтуынша, өнерді үйрене бастаған кезде еңбегі кәсіпке айналады деген жоспары болмапты.

Қарлығаш4

- Алғашында бұйымдарды туысқандарыма сыйлыққа тартушы едім. Жақындарым менің өнеріме тәнті болды. Тіпті мақтау да еститінмін. Тарту етілген ең керемет сыйлық өз қолыңмен жасалған дүние екенін сол кезде түсіндім. Сондай-ақ таспих сыйлаудың сауабының мол екенін де үлкендер айтатын. Сол сәттен бастап қолөнермен айналысуды, сыйлықты сауапқа айналдыруды қолға алдым, - дейді ол.

Қарлығаш2

Қарлығаш кәсібін бастамас бұрын Қазақстанға белгілі қолөнершілердің курстарына қатысып, техникаларын үйренген. Түрлі әшекей бұйым жасауға кіріскен жас шебердің сөзінше, әшекей бұйым жасау кәсібі еш уақытта тоқтамаған екен. Жыл өткен сайын дамып келеді. Сондықтан да Қарлығаш болашақта қазақтың ұлттық әшекейлерін жасап қана қоймай, өз брендін қалыптастырғысы келеді.

Қазір оның әшекей бұйымдарына тапсырыс берушілер саны артқан. Ұзатылмақ жас қыздарға, жаңадан дүние есігін ашқан сәбилерге арналған әшекейлерге сұраныс өте көп көрінеді. Ал сұраныс бар жерде ұсыныс та болатынын ескерсек, Қарлығаштың кәсібі әлі де дами түсетініне сенім мол.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале