1.07.2021, 12:04
Оқылды: 130

Бал – брендке айналуы тиіс

Осы жылдың қаңтар айында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да облыс омарташыларымен кездесу өтіп, онда ара шаруашылығын субсидиялау және осы саланы одан әрі дамыту мәселелері қаралған еді. Әрі онда өңірімізде омарта ісін дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп, осы аралықта бал өндірісін 200 тоннаға дейін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген болатын.  

IMG-20210701-WA0000

Кеше облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы басқармасы, БҚАТУ ғалымдары өкілдерінің және кейбір аудан әкімдерінің қатысуымен оздырылған кеңесте аталмыш тұжырымдамаға қатысты негізгі мәселелер талқыланды. Жиынға төрағалық еткен өңір басшысы Ғали Есқалиев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылық әлеуетін арттырып, оларды аймақтық азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру қажеттігіне баса назар аударғандығын жеткізді. Содан соң ол облысымызда омарта шаруашылығын дамыту мақсатында биыл Бәйтерек ауданында «Батыс Қазақстан облысының омарташылары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылғанын мәлім етті. Ондағы негізгі мақсат – омарта ісімен айналысатындардың мемлекеттік қолдауға қол жеткізуіне көмектесу әрі ғылыми тұрғыдан сүйемелдеп, сол арқылы бал өндірісі көлемін ұлғайтып, оны нағыз брендке айналдыру болып табылады.

IMG-20210701-WA0005

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сатқан Өмірзақовтың айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарында  өңірде 370 бал ара ұясы тіркелсе, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15,6%-ға  жоғары көрінеді. Сондай-ақ, облысымызда омарта шаруашылығын дамыту бағытында «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағы» заңды тұлғалар бірлестігімен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Келешекте Ресей мемелекетіндегі П.А.Костычев атындағы Рязань мемлекеттік агротехникалық университетімен де тығыз байланыс орнату көзделіп отыр. Қазіргі күні 797 бал ара ұясы бар жеке қосалқы шаруашылықтар «БҚО омарташылары» кооперативіне біріктіріліп, олардың саны 37-ге жетті. Болашақта БҚАТУ мен «БҚО омарташылары» өндірістік кооперативі бірлесіп, ара өсіруді дамыту жобасын қолға алуды және арнайы оқыту курстарын ашуды белгілеуде.

IMG-20210701-WA0008

-Жалпы 2021-2025 жылдар аралығында омарта шаруашылығын дамыту үшін 1 105,2 млн теңге қаржы қажет. Оның 71 млн. теңгесі жергілікті боджеттен бөлінсе, 1 023,3 млн. теңгесі жеке инвестиция арқылы, ал 10,9 млн. теңгесі ғылымды дамытуға бөлінетін гранттар есебінен жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге таяу бес жылда аталған кооператив мүшелерінің санын 37-ден 70-ке , ара ұяларының санын 797-ден 5000-ға жеткізу көзделуде.  Нәтижесінде бал өнімінің жылдық көлемі 140 тоннаға  ұлғайып, сәйкесінше жаңадан 100 жұмыс орны ашылмақ. Осылайша өндірілетін өнім көлемін 200 тоннаға дейін жеткізіп, өзіндік брендпен ішкі және сыртқы нарықтарға шығу жайы да ойластырылуда. Айта кетелік, бұл іске шетел ғалымдары мен мамандарын тарта отырып, ғылыми гранттар бөлуде қарастырылмақ, - деп сөзін түйіндеді Сатқан Ержанұлы.

IMG-20210701-WA0006

Кеңесті Ғали Нәжімеденұлы қорытындылап, өз ой-пікірімен бөлісті. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар да берілді.      

IMG-20210701-WA0007

IMG-20210701-WA0003

IMG-20210701-WA0004

Б.Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале